Әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық мәселесі елімізде елеулі мөлшерде асқынды. Статистикалық мәліметке қарағанда, елде жыл ішінде 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Отбасылардың қиюы қашуының басты бір себебі – жанұядағы зорлық-зомбылық. «Отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс туындағанда, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылатын уақыт жетті.
Арайлым Шабденова
Ұзақ жылдар бұл мәселе ашық айтылған жоқ, әлеуметтік проблема ретінде қаралмады да. Отбасы әр адамның жеке шаруасы деген көзқарасты ұстандық. Зорлық-зомбылық – отбасының жеке проблемасы емес, ол жалпы қоғамдық мәселе. Жұмыссыздық, құқық бұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар отбасындағы ахуалға тікелей қатысты. Бүгінде бұл мәселенің алдын алуда атқарылып жатқан шаралар жемісін беріп жатыр ма? Бұл орайда, Тараз қаласы аумағында ағымдағы жылғы 20 қаңтар мен 20 ақпан аралығында республикалық «Тұрмыс» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Шараның нәтижесі қандай?
Иә, аталған іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында, сонымен қатар алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылыққа жол бермеу. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері әйелдерге қатысты тұрмыстық қылмыс саласында алдын алу, әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда белгілі ілгерілеушілікке жеткен. Үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп жүргізіліп жатқан азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша халық арасында кең құқықтық түсіндіру жұмысы жалпы қылмыстық алдын алуға объективті түрде әсер етуде.
– «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шаралары аясында барлығы 411 ІІО қызметкері жұмылдырылған, оның ішінде 351 жергілікті полиция қызметкерлері. Іс-шара басынан барлығы 6 мың 825 ІІО профилактикалық есебінде тұрған тұлғалар тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріспен қамтылған. Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарда құқық бұзушылықтарға жол берген 528 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамалары, сотпен мінез-құлқына 64 тұлғаға ерекше талаптар орнатылған. Жалпы іс-шара басынан 1675 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде ҚР ӘК 73-бабымен 146 тұлға және осы баптың 1-ші, 2-ші бөлігімен 79 тұлға, 46 тұлға ҚР ӘК 461-бабымен тартылды. Барлығы іс-шара басынан 205 маскүнем ІІО профилактикалық есебіне алынған «алкоголик» категориясымен, ал нашақорларды ІІО есебіне 86 тұлға, 152 шырқы бұзылған отбасы алынды. Осы кезеңде сот үкімімен 11 тұлға ата-ана құқығынан айырылды. Нашақорлар мен маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу орталығына 17 тұлға орналастырылды, – дейді ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Жанисова.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында халық арасында ҚР қолданыстағы заңнамасын түсіндіру бойынша кең ауқымда іс-шаралар өткізуде. Азаматтардың құқықтық көмек алу үшін полиция органдарына өтініштерінің көбеюі халық арасында білім мен сауаттылықтың артқанын көрсетеді, бұл – қоғамдық ұйымдар полиция органдарының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізетін көпжылдық алдын алу шараларының сөзсіз нәтижесі. Бұрын негізінен әйелдер өздерінің тәрбиесі, менталитетіне байланысты тұрмыстық және үйдегі зорлық-зомбылық проблемасын жасыратын, бірақ соңғы жылдары бұл үрдіс төмендеуде және жәбірленуші әйелдер құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы өздерінің құқықтары туралы жиі ашық мәлімдейтін болған. Ал зорлық-зомбылық көрген аналар мен балаларды «Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне алып келеді. Мұнда арнайы сала мамандары жәбір көрген анаға жан-жақты көмек көрсетеді.
– Бұл дағдарыс орталығы – заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме. Өмірдің қиын және дағдарыс жағдайларына түскендерге уақытша паналауға жағдай жасау үшін 27 жатын орынға дейін әйел азаматшаларды қабылдай алады. Тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істейді. Штат құрамы – 23 қызметкер, оның ішінде психолог, социолог, заңгер мамандары бар. Жалпы мекеме 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Алдымен келген ана мен балаға тұрмыстық әлеуметтік көмек көрсетіледі, сосын түрлі жағдайда қайырылған келіншектерге алғашқы медициналық көмек қарастырылады. Себебі қайырылған азаматшалардың басым бөлігі күйеулерінен таяқ жеп келеді. Сондай-ақ олармен психолог мамандар сөйлесіп, кейін балаларын жақын маңдағы мектепке береміз де, кіші балалары болса тәрбиешілер өз қарауына алады. Көбінде 4-5 баламен аналар қайырылады. Ең азы – 1 бала. Жәбір көрген ананың көңілін аулап, ойын басқа арнаға бұру үшін әлеуметтік еңбекке баулимыз. Оның ішінде тоқу, құрақ құрау, тігін сияқты жұмыстар бар. Мәдени бағытта бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында театрға, көрме, музей залдарына арнайы барып, рухани-танымдық жұмыстар жүргізіледі. Келген азаматшалардың ішінде өмірінде алғаш рет театр мен музейдің табалдырығын аттаған әйелдерді көргенде жүрегің ауырады. Сондай-ақ мекеменің келесі бағыттары: экономикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек. Мұнда заңгерлер құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жұмыс жасайды. Оның ішінде алимент рәсімдеу, оны алу, ажырасқан кезде балаларын тартып алған азаматшалармен жұмыс, жәрдемақы сынды түрлі көмектер көрсетіледі, – дейді Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша дағдарыс орталығына хабарласқан 551 қыз-келіншекке кеңес берілген, оның ішінде жәбірленушілер де құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетілген. Ал 137 әйел осы дағдарыс орталығының көмегіне жүгініп, 43 әйел 94 баласымен мекемеде болған. Жалпы сенім телефонына 180 адам хабарласып, оларға консультация көрсетілген. Ал жыл басынан бері 25 әйел қайырылып, оның ішінде 8 әйел, 17 бала мекемеден қызмет алуда екен. 2014 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан мекемеге барлығы 647 адам қайырылыпты. Оның 217-сі әйелдер болса, 430-ы бала. Оның ішінде тек 89-ы ғана өз отбасыларына қайтқан. Мақалаға мәлімет жинау барысында 35 жылдан бері зорлық-зомбылық көріп келе жатқан зейнет жасындағы апаймен тілдестік. Аты-жөнін айтуды қаламаған ол күйеуімен шаңырақ көтергеніне 35 жылдан астам уақыт өткенін айтты. Бүгінде егде тартып, ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған әжей орталыққа түрлі дене жарақатымен түсіпті. Мамандар жан-жақты жұмыс жүргізіп, әжей екі айға жуық осы мекемені паналаған. Бұл уақыт аралығында полиция қызметкерлері мен дін өкілі ананың үйіне барып, осы уақыт аралығында үздіксіз қол көтеріп келген ерімен сөйлесіп, түрлі жұмыстар жүргізіпті. Түптің түбінде отбасына қайтқан әжейді ұлы мен келіні орталықтан алып кетіпті. Бірақ ері қол көтеруін қойғанымен, ішімдікке сылқия тойғанда аузына келгенін айтады екен. Бұл егде тартып орталыққа келген тек бір ананың оқиғасы, ал қоғамда әлі таңға дейін мұндай қорлыққа шыдап жүрген қаншама нәзікжанды бар десеңші?! Ал күніге ұрыс-керісті көріп өскен ұл мен қыздан біз ертең не сұраймыз?
Қорыта келе, балаға әсер ететін нәрсе – өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» демекші, бала жасында қандай тәрбие алса, ержеткенде сол әдет қалмайды. Ұлтымыздың қанындағы ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатыгездікке, жомарттық тоғышарлыққа, адалдық арамдыққа, парасаттылық парасыздыққа ауыспасын деген үлкен үміт тұр. Немістің ұлы ақыны В.Гете серуенге шығарда қалтасына түрлі гүлдердің тұқымын салып шығып, шалғындардан, орманнан өткенде, тауға шыққанда гүл тұқымдарын сеуіп жүруді жаны сүйген. Ол жүрген жерлерге мезгілі келгенде керемет гүлдер өсіп шығатын. Гете сепкен гүл ме, әлде табиғи жолмен өздері көктеді ме, оны білу міндетті емес. Дегенмен сұлулық әлемі, әсемдік әлемі байыды. Сол сияқты дүниеде зорлық-зомбылық болмаса адам өмірі, адамзат дүниесі сұлу да әсем болар еді. Адамзат дүниесінің әсемдігі, әлемнің әдемілігі үшін қандай үлес қосып жүрміз? Гүл ексең, гүл аласың. Қатыгездіктің дәнін сеппесек болғаны…