Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тажал ғұмыр

0 263

Ол кім, қашан, қайда деген сұраққа жауап бермейді. Оған жас, уақыт, ұят, деңгей, атақ-мансап та әсер етпейді. Кім, қайда, не істеп жүргенінде де шаруасы жоқ. Егдені – есер, жасты – жарымес, ерді – ез, қызды қор қылуды ғана мақсат тұтады. Құрығына бір түссең, құтылмайтының анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Есірткі грек тілінен аударғанда «естен айырылу» деген мағына береді. Оны тұтынған соң ой-сана бұзылып, өзіңе қол жұмсауға дейін апарады. Ал осы тұста адамдар неге есірткіні қолданады? Одан шегетін зиян, тартатын азапты біліп тұрып, ертегідей елітіп, бұл тозаққа неге құмартады деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Сағынышымды қалай басамын?

Ауылдан қалаға оқуға келген ақ сары қыз сондай сүйкімді еді. Ешкімді жатырқамайтын. Бәріне жақын, туыс, дос көрінетін. Қарақат көздері оттай жанып тұрады. Ол әдейі істемейді, мінезі солай. Ешкімді жатырқамайды. Өзі әкесінің қызы еді. Әкесі де Аяулымды басқа балаларынан ерекше жақсы көрді. Кішкентайынан «Камаз» жүк көлігіне салып алып, айшылық жерлерге, алыс сапарларға алып кететін. Бірде әкесі қызын үйге тастап кететін болды. Сол сәт қыздың бала жүрегіне сызат түсті. Уақыт өте келе әкесі отбасына аз келетінді шығарды. Күндердің күні басқа отбасын құратынын айтып, анасын жылатып, есіктен шығып кете барды. Аяулым үшін бұл үлкен трагедия еді. Әкесі балаларына жиі келетін. Аяулымды қаладағы ең жақсы университетке оқуға түсірді. Киім-кешек, керек-жарақ, қаражатына дейін салып тұрды. Ешкімнен кем етпеді. Балаларына барынша көмектесіп, Аяулымға деген махаббатының бір мысқал кемімегенін дәлелдеп-ақ жүрді. Бірақ ерке қыз күні-түні әке құшағын аңсап қана ғұмыр кешті…
Университеттен жазғы каникулға ауылға кеттік. Қыркүйекте оқуға оралғанда, мен Аяулымды танымай қалдым. Көзінің асты көгіс тартып, мінезі де тұйықталып кетіпті. Бұрынғыдай жадырай күліп, ашық-жарқын жүрмейді. Ең жақыны көретін маған да жолағысы келмейтінін аңғардым. Бірде сабақтан соң, соңынан қалмай мән-жайды сұрай бердім. Ол басында қашқақтағанымен, кейін жылап қоя берді. «Мен әкемді қалай сағынғанымды білмейсің, түсінбейсің! Оны көрмесем тұра алмаймын, ал ол айына бір ғана рет келіп тұрады. Мен сағынышымды басу үшін есірткі қолдандым. Әкешім, әкетайым, қайдасың?», – деп зар еңіреді. Мектептен жаңа келген жаста едім. Оған қалай көмектесуге миым жетпеді. Бойымды билеген үрей ол қыздан аулақ жүруді ғана ескертті. Мен одан қашып кетпедім. Қасынан табылуға тырыстым. Бірақ одан кейде ішімдіктің иісі аңқып жүретінді шығарды. Мен мұғалімге айтуға бекіндім. Бірақ сол уақыт аралығында Аяулым өз еркімен оқудан шығып кетті де, біз қайта көріспедік. Араға 20 жыл салып, Аяулым екеуміз кеше ғана алғаш рет телефонмен тілдестік. Ол өзінен ұялатынын, кездескісі келмейтінін айтты. Алайда аяулысын ойлаған әкесі үйіне оралған соң, қыз да есірткіні жеңгенін жеткізді. Бүгінде жанұя құрып, сәби сүйіп, асыл ана, аяулы жарға айналғаны жүрегіме қуаныш сыйлады.

Ләйлә ақшаңды
қайтарады

Көркем мінезді талдырмаш қызбен студенттер жатақханасында бірге тұрдым. Ол үнемі асығыс, жол үстінде жүретін. Бәріне қамқор жүрекпен әлдекімнің жөтелін қойдыру үшін дәрі сатып алуға бара жатса, енді бірде туысы жоқ студенттерге сыйлық жасап, көңілін көтеріп қоюды ұнататын. Үйінің жалғыз қызы болғандықтан ақшасы да көп еді. Және соған орай мінезі де кеңпейіл. Ол жан досым деп Серік есімді жігітті ертіп жүретін. Ол оны қарындасындай көріп қорғайтынын, тек жақсылық жасағысы келіп тұратынын, артық ойы жоқ екенін айтса да маған ұнамайтын. Тым пысық әрі қу көрінетін. Олар жарты жылдай шынайы дос болды. Серік те студент болса да қалталы бала. Ләйләні құрбыларымен қоса қыдыртып, мәрттік танытатын. Біз олардың шынайы достығына сеніп те қалғанбыз. Кейін мен пәтерге шығып кеттім. Бірде Ләйлә үйге іздеп келді. Кешкі ас ішіп болып, төсек салып, ұйықтауға жатқанда, оның оң білегіндегі жарасы әлі жазыла қоймаған көп тыртыққа көзім түсті. Оның үстіне сол білегі де таңулы екенін көргенде сескеніп, не болғанын сұрай бастадым. Ол сол сәт «Серік кінәлі» деп тістенді.
– «Бір ғана рет көрші, жаныңа ләззат сыйлайды. Бір-ақ рет көресің» деп есірткі ұсынды. Рас, ертегі ғұмыр басталғандай күй кешесің. Рахат. Мен қоя алмайтын сияқтымын. Маған сенбе. Менде «ломка» басталғанда, бәрін сатып кетуге бармын. Сүйегімді қытырлатып, біреулер тірідей сындырып жатқандай сұмдық ауырады. Тек қана есірткі қажет етемін, сол сәт көзіме ештеңе көрінбей кетеді. Өлгім келді. Өз тамырымды қиқалап кесіп тастадым. Өлмедім. Мені таңертең сыртымнан кілттеп кетші, әйтпесе тағы да «доза» іздеп кетемін. Қанша жалынсам да есікті ашпа. Сабаққа бармаймын, – деп ботадай боздады.
Ләйләнің өзі айтқандай, есікті сыртынан кілттеп кеттім. Жұмыстағы қоңыр телефонға маза бермеді. «Аш есікті» деп бірде жыласа, бірде ызаға булығып, тіпті айқайға басты. Бірақ мен өзі айтқандай, есікті ашпадым. Анасына қоңырау соғып, қызының жағдайын айттым. Олар ешқайда жібермеуімді өтініп, алып кететіндіктерін айтты. Кейін тынши қалды. Түс ауа үйге асыға жеттім. Есік кілттеулі, бірақ іште Ләйлә жоқ болып шықты. Бесінші қабат. Оның балкон арқылы өрмелеп шығып кеткенін ғана ұқтым…
Бұл оқиғаға 15 жылдың жүзі болды. Есірткінің құлына айналғандар жайлы жазуға бел буғалы Ләйләні іздестірдім. Ол оқыған колледж, араласқан достары, таниды-ау деген жақындарының бәрімен тілдесіп жүріп, Ләйләмен де тілдесудің сәті түсті. Оның бір танысы Ләйлә тұратын көшені білгенімен, қай үйде тұратынын білмейтін болып шықты. Жолайрықта, сол көшенің бойында мен Ләйләні ұзақ күттім. Келе жатқан томпақ әйел Ләйлә екеніне күмәнім болмады. Бірақ баяғы 15 жыл бұрын өте жақсы араласқан құрбымның көңілді жүзі сұрғылт тартып, өңі қуарып кетіпті. Өмірден мақұрым қалған адамдай, ештеңе түсінбейтіндей, аяғын әзер басып келе жатты. Мен оған жақын барғанда түк те таңданған жоқ. Күніге көріп жүргендей жүзіме жалт қарады да: «Қалайсың?», – дей салды. Жүзінен не таңданыс, не баяғы қамқорлықтың табы да байқалмады. Мен де сыртқа атылғалы тұрған эмоциямды тізгіндеп тұрып қалдым. Аз-кем жағдай сұрасқан соң, баяғы қылығын қойған-қоймағанын білгім келетінін жеткіздім. Ол жүзіме барлай қарап тұрды да: «Мен есірткіге әуестігімді қойдым. Бірақ оның орнын ойын автоматтарына алмастырғам», – деді жадырап. «Мен қазір күшті ойнаймын. Шын айтам! Маған 100 теңге берші. Ой, кешір, мақұл 50 теңге берсең де жетеді. Мейлі, 20 теңге болса да бола береді», – деді аузы-аузына жұқпай. Және ойын автоматы туралы айтқанда көздері бәз-баяғыдай от шашып, жүзі нұрланып қоя берді. Қолымда бар тиынымды ұстатқан соң: «Түсінші мені, мен нашаға оралмау үшін ойын автоматтарына көштім. Ләйлә ақшаңды қайтарады», – деп жүгіріп бара жатты.

Бітпей қалған ертегі

Есірткі заттарды қолдану тарихы б.з.б. 5 мың жыл бұрын шумерлердің өркениетінен шыққан екен. Сол кездегі қазба жұмыстары барысында алғашқы есірткілерді дайындау және қолдануға қатысты алғашқы жазбаша анықтамалар табылған. Онда «қуаныш» деген жазу болыпты. Адамға тажал болып жеткен бұл біртіндеп адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, рухани және физикалық тепе-теңдігін бұзады, рухани және физикалық тәуелділікке жол ашады, жеке адамның, қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағынан міндетті түрде құлдырап, азып-тозуына әкеліп соғады. Есірткінің түрі көп. Түнгі клубтарда сатылатын экстази, амфетамин таблеткалары – осы синтетикалық есірткі. Оны қолданған жастар құштарлықпен түрлі дене қимылдарын қайталап, шаршағанын білмей, тоқтаусыз таңға дейін билей береді. Бұрын нашақор 15-20 жыл өмір сүрсе, қазір көрсеткіш қысқарып, небәрі 5-6 жылға шегерілген.
Нашақорлардың хал-жағдайымен танысу мақсатында Жамбыл облыстық наркологиялық диспансеріне бас сұққан едік. Есікті айқара ашқаным сол, еденге тамған алқызыл әлденеге көзім түсті. Тәртіп сақшысы сүйеген бейтаныс азаматтың қолынан қан тамшылап тұр. Ол кесілген саусақтарының ырсиған еті мен одан саулаған қанға мән де бермеді. Көзін алысқа қадап, ыржиып күліп тұр. Тырс-тырс тамшыдан оның өкінішке толы ғұмыры тамып жатқандай. Алқызыл даққа айналған қан тамшыларынан аттап ішке ендім. Бұл орталыққа жылына 170-ке жуық адам жеткізіледі екен. Орталықта тық-тық таяғымен жер тиеп, ауыр сөмкеден қолы талып, еңсесі түсіп, екі бүктелген қарт әжейге кездестім. Ақ жаулығынан шыққан ақ шаштары бетін жауып кетіпті. Кәрі көзінен төгілген мұңы өңменімнен өтті. Аһ ұрып күрсініп, қаңғалақтап барып орындыққа қисайды. «Әже, неге ауыр көтересіз? Балаларды жібермейсіз бе?», – деді дәрігер қыз кейіп. «Үйдің кенжесі, қалқам! Ақ мәмемнің ақ сүтін сарқып ішкен сүт кенжем ғой, қайтейін, сағындым! Балалар бөлек, анасының келгені бір төбе ғой құлыныма. Не ішем, не киемінің бәрін беріп, бар махаббатыма бөлеп, еркелетіп өсіріп едім. Анашаның құрбаны болсын демеп едім. Басқа баланың барлығы қызметте, дөкейлер. Менің мұнда келгенімді қаламайды. Оларға айтпай келдім», – деді сексеннің сеңгіріне жеткен әжей дауысы дірілдеп. Менің де есіме көрші бала түсті. Жиырманың төртеуіне шыққан сұлу жігітті есірткіге тәуелді деп естігенім бар. Ақыл-есі сау. Тек оны көргендер там айналып кетеді. Достары да жоқ. Үнемі есіктің алдындағы орындықта жалғыздан-жалғыз отырады. Тек анасы ғана соқталдай азаматты сәбидей мәпелейді. Бірде су, бірде бал тасып жүреді де қояды. Бір күні маған сол жігіт: «Жұмыс істейсің, иә? Бақыттысың ғой! Мен жұмысқа тұра алмаймын», – деді. «Неге?», – деп сұрағанымда: «Менің кім екенімді білмеуші ме едің? Ертегімін ғой мен!», – деп теріс бұрылып кеткен. Сол түні шыңғырған ащы дауыстан ояндым. Айдан тамған сәуледен бәрін анық көріп тұрдым. Сұлу жігітті жедел жәрдемге салды. От алып алға зулаған көліктің соңынан анасы жалаң аяқ, жалаң бас күйі жан ұшыра жүгіріп бара жатты. Жиырманың бесеуіне толуға бір күн қалғанда нашақор жігіттің ғұмыры үзілген екен…
Толған айдай толықсыған түні азуын айға білеп, күлімдеген күн көзінде отырып-ақ күре тамырына қанжар қадаған нашақорлардың тажал ғұмыры қалайда ерте аяқталмақ. Бітпей қалған ертегі іспетті…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.