Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаяуға жол бермегенге жаза қатаң

Таразда жүргіншілер жолақтарын «Сергек» бақылайды

0 66

Таразда 2023 жылдың қаңтарынан бастап «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі іске қосылған еді. Алғашында аппараттық-бағдарламалық жүйе қаланың 48 жеріне орнатылған. Олар жылдамдықты шектен асыру, бағдаршамның тыйым салынған түсіне жүру секілді ереже бұзуды тіркеуге бағытталды.

Ашығын айту керек, әуелде темір тұлпар тізгіндеген тараздықтардың «Сергек» орнатылады» дегеннен-ақ мазасы қаша бастаған еді. Бұл бақылау жүйесі жұмыс істеп тұрған өзге қалалардағы жүргізушілердің «шалыс бассаң, артынан айыппұлы келіп тұрады» дегені үрейлерін алғаны ма, әлде тәртіп сақшылары жоқ жерде көлігін қалауынша айдап үйренген әулиеаталықтар машинасын «емін-еркін басқарудан қалатын болдық» деп қапаланғаны ма, әйтеуір «Сергектің» орнатылуын қолдағандардан гөрі қарсылық танытқандардың қарасы қалың болды. Алайда содан бері өткен 4 жылға жуық уақыт ішінде қаптаған камераға барлығының еті үйреніп кетті.
Ал биылғы қазаннан бастап аталған бақылау жүйесінің жаңа қызметі іске қосылды. Бұдан былай «Сергек» жаяу жүргіншілерге жол бермейтін жүргізушілерді де қадағалайды. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, 2023 жылдың аяғында Алматы қаласында пилоттық жоба ретінде іске қосылған жүйе жаяу жүргінші жолында көлік қағып, қайтыс болған азаматтардың санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізген екен. Енді бұл жүйе жолақпен жүргендерге жекіретін, «зебрадан» өткендерге зекіретін, жалпы, ереже бойынша жол беруді жөн көрмейтін жамбылдық жүргізушілерді жөнге салмақ.
Облыстық Полиция департаментінің ресми мәліметіне сүйенсек, «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері Тараз қаласы мен Жамбыл облысындағы бірқатар жол учаскесінде жаяу жүргіншіге жол бермеу деректерін автоматты түрде анықтайды. Бұған дейін жүйе көлік жылдамдығын асыру, бағдаршамның тыйым салған сигналына өту, тұтас сызықты және тоқтау сызығын кесіп өту сияқты жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтап келген. Енді «Сергек» жүйесі жаяу жүргіншілер өткеліндегі қозғалысты да бақылайды. Нақты айтқанда, жаңа функция жаяу жүргіншілерді қағып кету қаупі жоғары жол бөліктерінде іске қосылыпты.
«Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Жаяулар өткеліндегі жол-көлік оқиғалары әлі де өзекті мәселе болып отыр. Автоматты тіркеу жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жолдағы тәртіпті күшейтуге ықпал етеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты жолдағы қауіпсіздік пен әрбір жаяу жүргіншіге құрметтен басталады. Біздің мақсат – айыппұл салу емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау», – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Жаңа функция алғашқы кезеңде қала мен облыстағы 16 жол учаскесінде жұмыс істейді. Атап айтсақ, бақылау жүйесі Тараздағы «Шапағат» (16) шағынауданында орналасқан №61 мектептің, Төле би даңғылындағы Тараз сервис және технология колледжінің, Ташкент көшесі, №300 үйдің маңында, Жауғаш батыр көшесіндегі №14 мектептің, Көшеней көшесі, №140 мекенжайындағы жанармай құю станциясының, Көшеней көшесі, №65 мекенжайындағы «Корзинка» дүкенінің қарсы бетінде, Ы.Сүлейменов пен Ұлбике ақын көшелерінің қиылысында орналасқан. Сонымен қатар А.Қосанов көшесі, С.Аққозиев көшесі, №73 («Хамрақұл» мешіті), Қ.Сәтбаев көшесі, №15 «А» («Гидро» аялдамасы) мен «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы аумағының кіреберіс және шығаберіс жолдарына орнатылған. Бұдан бөлек, жаңа жүйе облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 348-шақырымы, «Алматы-Ташкент» автожолының 252-шақырымы (Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылы), «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 124-шақырымы мен Шу қаласындағы Қ.Сәтбаев көшесі, №34 мекенжайында да жұмыс істейді.
«Sergek Group» компаниясының бас директоры Евгений Кимнің айтуы бойынша, жүйе компьютерлік көру технологиясы арқылы көлік пен жаяу жүргіншінің қозғалысын нақты уақыт режимінде талдайды. Алгоритм жүргізушінің әрекеті жаяу жүргіншінің өткелден өтуіне кедергі келтірген жағдайда құқық бұзушылықты автоматты түрде анықтайды.
– Жаяу жүргіншіге жол бермеуді автоматты түрде анықтау – цифрлық технологиялардың адам қауіпсіздігіне нақты пайда әкелетінін көрсететін шешімдердің бірі. Жаяу жүргінші – жол қозғалысындағы ең осал қатысушы. Сондықтан бұл функция жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған. «Сергек» жүйесі құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, жолдағы жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.
«Сергек» ешқашан жай бейнебақылау камерасы болған емес. Жүйе басты екі басты мақсатты көздейді. Біріншіден, оның жұмысы қоғамдық орындарда, қаланың құқықбұзушылықтар жиі тіркелетін аудандарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ал жол қиылыстарындағы және сызықтық учаскелердегі бірнеше камерадан тұратын аппараттық-бағдарламалық кешендер жолдағы тәртіпті сақтауға негізделген. Жүйенің қауіпсіздікке байланысты басты мүмкіндіктерін ашып айтар болсақ, ол әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтайды. Қоғамдық қауіпсіздіктен бөлек, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен мектептер мен балабақшаларда іске қосылған, – дейді Е.Ким.
Сонымен қатар «Sergek Group» өкілдері жаяу жүргіншілер жолағы маңындағы аппараттық жүйе әдеттегі камераға ұқсас қызмет атқаратынын, тәулік бойы жылдамдық асырған, жол таңбасын елемеген жүргізушілерді қадағалайтынын айтады. Ал өткелге жаяу жүргінші келгенде қосымша алгоритм іске қосылады екен.
– Жүргіншілер жолағының аумағына кірген жолаушыға жол бермеген жүргізушіні камера тіркеп алады. Жол ережесінің 106-тармағында «көлік құралы жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде өзінің жүру бағыты бойынша жол бөлігін кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіге жол береді» деп жазылған. Яғни, жүргізуші «зебраға» енді шыққалы жатқан немесе сол сәтте өткел бойымен өтіп бара жатқандарға жол беруге міндетті болады.
Камераға орнатылған шектеулі аймақтың шекарасы жол шетінен емес, жолақ ішінен басталады. Жаяу жүргінші алдынан өтіп кеткен соң көлік тыйым салынған аумаққа кірсе, бұл жол ережесін бұзу болып саналмайды әрі камераға түспейді. Жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін айыппұлды камера емес, басқару орталығында отырған полицейлер салады. Яғни, жүргізушінің кінәсі бар-жоғын адам анықтайды, – дейді компания өкілдері.
Осы ретте біз тараздық көлік жүргізушілерінің аталған жаңашылдықтарға қатысты пікірін сұрап көрген едік. Олардың айтуынша, бұл өзгерістен кейін қалада кептеліс көбеюі мүмкін.
– Әрине, жол апатында адамдардың қазасын болдырмау үшін шаралар қолданған дұрыс. Дегенмен, бұл өзгеріс аумағына жаңадан аудандар қосылып, көлік саны еселеп артқан Тараз қаласында азанғы, түскі және кешкі уақыттарда кептелістің туындауына себеп болады деп ойлаймын. Себебі кейбір адам асықпай, көліктер толық тоқтағанша өтпей тұрып алады. Ал әрбір адамды жаяу жүргіншілер өткелінен өткізіп тұрсақ, онсыз да тар көшеге сыймай келе жатқан машиналар жиналып қалады. Сондықтан мұндай сәтте жолаушыларды жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, кейбір кездері адамдар үлгермейтінін байқап, асыққан көлікті өткізіп жібереді. Мұндай сәтте жүргізушілер кінәлі боламыз ба? Ал жылдамдықпен келе жатқан көлік адамды байқамай қалуы мүмкін. Сол себептен мұндай шешімді қабылдарда көлік жүргізушілердің талабына құлақ асу керек еді, – дейді Ержан есімді көлік жүргізушісі.
Дегенмен, бұл жаңалыққа тұрғындар дән риза. Олардың айтуынша, тәртіп бұзатын жүргізушілерді камера арқылы жауапқа тартуды баяғыдан қолға алу керек болған екен.
– Меніңше, осының арқасында көлік жүргізушілері адамдарға құрмет көрсете бастайды. Әйтпесе, жаяу жүргіншілер өткелінде өте алмай, қалбалақтап қалатын едік. Енді осының арқасында жолда жүру жеңілдейтін болды. Тәртіпсіз жүргізушілерді жауапқа тартуды бұрыннан бастау қажет еді, – дейді Жанерке есімді қала тұрғыны.
Қазір Жамбыл облысындағы «Сергек» инфрақұрылымына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 2 050 бейнебақылау камерасы және жол қозғалысын бақылайтын 144 аппараттық-бағдарламалық кешен кіреді. Ал республика көлемінде аталған жүйе 2017 жылдан бері 13 қалада іске қосылған. «Sergek Group» компаниясының өкілдері құрамына 70 мың аппараттық-құрылымдық кешен кіретін жүйе жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітімді 50 пайызға, қоғамдық орындардағы қылмысты 40 пайызға дейін азайтуға үлес қосқанын айтады. Көрсетілген сандерекке сүйенсек, «Сергектің» расында да септігі мол көрінеді. Ал темір тұлпар саны жыл санап өсіп келе жатқан Таразда оның тиімділігі қаншалықты боларын уақыт қана көрсетеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.