Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Заңсыз сауданың зардабы мол

«Арзан» темекі сататындарға тосқауыл бола ма?

0 48

Таразда темекі өнімдері сауда орындарында күнделікті сатылымда тұр. Алайда сөреге түскен әр қораптың артында заңдылық мәселесімен қатар адам денсаулығына қатысты үлкен мәселе бар. Шаһарда анықталған ірі көлемдегі заңсыз темекі айналымы осыны тағы бір мәрте көрсетті.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, контрабандалық жолмен жеткізілген өнім Тараздағы сауда нүктелерінде ғана емес, еліміздің бірқатар өңірлерінде сатылған. Заңсыз айналымнан 319 мыңнан астам қорап темекінің тәркіленуі көлеңкелі нарықтың көлемін аңғартса, дәрігерлер оның екінші қырына никотиннің адам денсаулығына әсеріне назар аудартады.
Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жүргізген операция барысында Қырғыз Республикасынан Қазақстанға заңсыз жеткізілген темекі өнімдерінің ірі партиясы анықталды. Тергеу мәліметіне сәйкес, контрабандалық өнімнің бір бөлігі Тараз қаласындағы сауда нүктелерінде сатылған. Бұдан бөлек, тауар Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалалары мен Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына таратылып отырған.
Тінту барысында 319 мыңнан астам қорап таңбаланбаған темекі тәркіленген. Оның жалпы құны 293 миллион теңгеден асады. Мемлекетке төленбеген акциз көлемі 115 миллион теңге деп көрсетілген. Қылмыстық схемаға қатысы бар деген бес күдікті қамауға алынған. Үш автокөлікке сот санкциясымен тыйым салынған. Тергеу жалғасып жатыр.
– Бұл қылмыстық істің ерекшелігі – заңсыз темекі өнімдерінің бір өңірмен шектелмей, бірнеше облысқа таратылуы. Тергеу барысында 319 мыңнан астам қорап таңбаланбаған темекі тәркіленіп, мемлекетке төленбеген акциз көлемі 115 миллион теңгеден асқаны анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Заңсыз темекі айналымының жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – дейді Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ержан Кенжебаев.
Бұл істің құқықтық бағасын тергеу органдары мен сот береді. Ал мамандардың айтуынша, мәселенің қоғам үшін салмағы бұдан әлдеқайда ауыр. Себебі заңсыз жолмен келген темекі – тек салықтан жалтару немесе контрабанда фактісі емес. Ол айналымға түскен кезде адамның денсаулығына да әсер етеді.
Жамбыл облысы полициясының негізгі міндеттерінің бірі – заңсыз айналымға жол бермеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Тараз қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылық профилактикасы бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қала полициясы мен басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен өткізілген ведомствоаралық комиссия отырыстарында құқық бұзушылықтың алдын алу, оның ішінде жастар арасындағы профилактика мәселелері тұрақты қаралады.
Полиция үшін мұндай істердің тағы бір ерекшелігі – заңсыз тауардың бір қаланың шеңберінде қалып қоймауы. Жамбыл облысындағы осы іс бойынша тергеу материалдарында темекінің Тараздан басқа өңірлерге де жөнелтілгені айтылған. Яғни, облыс орталығы бұл схемада тек соңғы тұтынушы нарығы емес, тауарды әрі қарай тарату нүктелерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Тараз қаласы Полиция басқармасы өкілдерінің құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмыстарда мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін айтып келе жатқаны да осы мәселемен үндеседі. Қаладағы профилактикалық шаралар тек қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етуге емес, оның алдын алуға бағытталған.
Алайда заңсыз темекі саудасының екінші қыры – денсаулық. Дәрігерлер темекінің адам ағзасына әсерін бір күндік зиянмен өлшемейді. Никотин тәуелділік тудырады, ал темекі түтінінің құрамында адам денсаулығына қауіпті көптеген химиялық заттар бар. Медициналық түсіндірулерде темекі шегудің жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесіне кері әсер ететіні, ұзақ уақыт қолданудың ауыр ауруларға әкелуі мүмкін екені айтылады. «Жеңіл» немесе сүзгісі бар темекіні қауіпсіз деп қабылдау да дұрыс емес.
Жамбыл облысының санитария- лық-эпидемиологиялық бақылау саласы мамандарының айтуынша, темекінің зияны, әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін жоғары. Никотинге тәуелділік жасөспірімдерде жылдам қалыптасуы мүмкін. Темекі шегу баланың физикалық дамуына, тыныс алу жүйесіне және оқу белсенділігіне кері әсер етуі ықтимал. Сондықтан мамандар алдын алу жұмыстарын ата-анадан бастап мектеп пен медицина қызметкерлеріне дейінгі ортақ міндет деп санайды.
– Қалада жастар мен жасөспірімдер көп шоғырланған. Темекіге әуестік көбіне қызығушылықтан, қатарластарына еліктеуден немесе оның денсаулыққа тигізетін зиянын толық түсінбеуден басталады. Жас адам үшін «бір рет байқап көрудің» өзі кейін тұрақты әдетке айналып кетуі мүмкін.
Никотин – тәуелділік қалыптас- тыратын зат. Сондықтан «қаласам, кез келген уақытта тастаймын» деген түсінік әрдайым дұрыс бола бермейді. Темекіні ұзақ уақыт тұтынған адамның одан бас тартуы кезінде бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін. Сол себепті темекіні тас- тағысы келетін адамға тек ерік-жігерге сүйеніп қалмай, қажет болған жағдайда дәрігердің кеңесіне жүгінгені дұрыс.
Ең маңыздысы – тәуелділіктің алдын алу. Әсіресе жасөспірімдер арасында темекінің зияны туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет. Өйткені темекіге тәуелділіктен емдегеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді, – дейді дәрігер Айжан Бекбосынова.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы да профилактикаға ерекше мән береді. Басқарманың ресми материалдарында темекі шегу өкпе қатерлі ісігінің негізгі қауіп факторларының бірі ретінде көрсетіліп, тұрғындарға аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану және медициналық тексеруден уақытылы өту ұсынылады.
Мәселенің тағы бір жағы – темекі шекпейтін адамдардың да одан зардап шегуі. Үйде немесе жабық жерде шегілген темекінің түтіні айналадағы адамдарға тарайды. Әсіресе балалар үшін мұның қаупі жоғары. Сондықтан темекіге қатысты мәселені тек «шегетін адамның жеке таңдауы» деп қарау жеткіліксіз.
Таразда тәркіленген 319 мыңнан астам қорап темекі осының бәрін тағы бір мәрте еске салады. Бір қарағанда, бұл – құқық қорғау органдарының операциясы, контрабандалық тауардың тәркіленуі, мемлекетке төленбеген акциз және қылмыстық іс. Бірақ санның ар жағында адам бар.
Бір қорап темекінің артында әркім үшін әртүрлі ұғым тұр. Біреу үшін ол – күнделікті тұтынатын тауар, сатушы үшін – табыс көзі, ал заңсыз айналымға қатысқандар үшін – көлеңкелі бизнестің бір бөлігі. Мемлекет үшін мұндай сау- да – заңбұзушылық пен бюджетке түспеген қаржы болса, дәрігерлер оны, ең алдымен, адам денсаулығына төнетін қауіп ретінде бағалайды.
Тараздағы заңсыз темекі айналымының жолы кесілгенімен, мәселе мұнымен аяқталмайды. Көлеңкелі саудамен күрес құқықтық шаралармен қатар, темекіге деген сұранысты азайтуды, жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуді және никотинге тәуелділіктің алдын алуды талап етеді. Өйткені тәркіленген жүздеген мың қораптың артында жай ғана заңсыз тауар емес, адам денсаулығына әсер ететін өнім тұр.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.