«Дрифт» жасаған жүргізуші құрықталды
Жамбыл облысында түнгі уақытта қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұзып, көлігімен қауіпті «дрифт» жасаған 22 жастағы азамат анықталды.
Аталған құқықбұзушылық Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түскен. Полицейлер орталықтың бағыттамасы бойынша көліктің жүрген жерін анықтап, жүргізушіні дер кезінде ұстады.
Жүргізуші түнгі тыныштықты бұзып, өрескел маневрлерімен өзгелердің өміріне қауіп төндіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот қаулысымен құқықбұзушыға 5 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Қоқыс тастаған 391 азамат айыппұл арқалады
Полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша және «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 391 құқықбұзушылықтың жолын кесті.
Қоғамдық орындардың тазалығы мен тәртібін бақылауда Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары да тиімді пайдаланылып келеді. Көшелер мен аулалардағы жағдай тәулік бойы бақылауда болып, тәртіп бұзған азаматтар камера назарына ілігеді.
Мәселен, белгіленбеген жерге қоқыс тастау, қоғамдық аумақтарды ластау, абаттандыру талаптарын бұзу, сондай-ақ қоғамдық орындарда темекі тұқылын лақтырып, алкогольдік ішімдік ішу сияқты жағдайлар анықталуда.
Камера арқылы құқықбұзушылықты байқаған полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел барып, заң бұзушылықтың жолын кеседі. Анықталған фактілер бойынша азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Тазалықты сақтау – тек арнайы қызметтердің міндеті емес. Қоғамдық орындарға ұқыпты қарау, қоқысты белгіленген орынға тастау және тәртіп талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі.
Ірі көлемдегі есірткімен ұсталды
Тараз қаласында полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына күдікті 56 жастағы ер адамды ұстады.
Күдікті басқарған «Opel Vectra» автокөлігін тінту барысында жол сөмкесінен 12 келі 30 грамм кептірілген марихуана және 264,58 грамм гашиш тәркіленді. Сонымен қатар оның тұрғылықты жеріндегі балконнан тағы 124,38 грамм гашиш табылды.
Осылайша тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 12 келі 30 грамм марихуана және 388,96 грамм гашишті құрады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам есірткі заттарын Байзақ ауданының аумағынан жинап, сақтаған. Күдікті өзіне тиесілі автокөлікпен Жуалы ауданына қарай бара жатқан кезінде ұсталды.
Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Аталған дерек бойынша есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Дайындаған Еркін САЙЫН