Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков М.Тынышбаев көшесі, №1/1 мекенжайында орналасқан өртенген үйдің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында шаһар басшысы төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша қабылданған шешімдерді кеңінен түсіндіріп, тұрғындарға көрсетілетін қолдау шаралары мен алдағы атқарылатын жұмыстарды жеткізді.
– Арнайы құрылған төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі кезектен тыс комиссия бірнеше күн бойы жан-жақты сараптама жүргізді. Аталған комиссияның ұйғарымымен көппәтерлі үйде төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ оқыс оқиға салдарынан келтірілген залалдың мөлшері ескеріле отырып, зардап шеккен 10 отбасының әрқайсысына мемлекет тарапынан 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл қаражат тұрғындардың пәтер жалдауына және күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне бағытталған. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен зақымданған тұрғын үйдің шатыры мен жабындысы жөнделіп, толығымен қалпына келтіріледі. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуы менің тікелей бақылауымда болады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Тұрғындар да өз кезегінде қиын сәтте қол ұшын созған қала басшылығына шынайы ризашылықтарын білдірді.
– Өрт шыққан сәттен бастап қала әкімдігі жағдайымызға түсіністікпен қарап, қажетті көмек көрсетіліп келеді. Осындай кезде бізді назардан тыс қалдырмай, мәселемізді шешуге нақты қолдау білдірген қала әкіміне және барлық жауапты мамандарға алғысымызды білдіреміз. Әсіресе, уақытша баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету және үйімізді қалпына келтіру бойынша қабылданған шешімдер біз үшін үлкен демеу болды, – дейді тұрғын Үрбибі Болсынова.
Еске сала кетейік, 10 қыркүйек күні аталмыш мекенжайдағы барак типтес 10 пәтерлі тұрғын үйдің шатыры өртенген болатын. Қызыл жалын шамамен 250 шаршы метр аумақты шарпыған еді.
Тілсіз жауды ауыздықтауға Төтенше жағдайлар департаментінің 30 қызметкері мен 8 техникасы, сондай-ақ Апаттар медицина орталығының 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылардың күшімен 2 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланып, қызыл жалын сағат 15:30-да толықтай оқшауланды. Тұрғын үйде барлығы 30 адам, оның ішінде 5 кәмелетке толмаған бала тұрған. Тілсіз жаудың салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ.
Зардап шеккен тұрғындардың басым бөлігі туыстарының үйлеріне орналастырылған. Уақытша баспанаға мұқтаж болған 3 отбасының 2-еуі әлеуметтік мекемеге жатқызылса, 1 жанұя жасқа толмаған баласының болуына байланысты Отбасын қолдау орталығына жайғастырылды.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ