Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Токты үнемдеудің тың жолын тапқан өнертапқыш

0 69

Бүгінде энергия мәселесі – адамзат алдында тұрған ең өзекті тақырыптардың бірі. Электр қуатына деген сұраныс артып, оны үнемдеу, тиімді пайдалану және балама энергия көздерін табу бағытындағы ізденістер тоқтаған емес. Осындай үлкен мәселеге өзіндік көзқараспен қарап, жылдар бойы тәжірибе жасап келе жатқан жергілікті өнертапқыштың бірі – Қуанышбек Әлишеровпен жолығып, әңгімелескен едік.

Бүгінде еліміздегі электр энергия- сының 80 пайыздан астамы жылу электр стансаларында өндіріледі. Ал сол стансалардың негізгі отыны – көмір. Қара отынның табиғатқа түсірер салмағы мен қоршаған ортаға келтірер зияны белгілі. Оның үстіне жер қойнауындағы қазба байлықтардың да шексіз емесі анық. Демек, бүгінгі белгілі энергия көздеріне балама іздеу – уақыт талабы.
Осы тұрғыдан алғанда қазба байлықтарға тәуелсіз қуат көздеріне көшу – келешек алдындағы жауапкершілік. Сондықтан соңғы жылдары елімізде ғана емес, бүкіл әлемде табиғаттың өз қуатын – желді, күнді, суды кәдеге жаратып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға айрықша мән берілуде. Алайда бұл бағыттың да өзіне тән әлсіз тұстары бар. Жел болмаса – жел генераторы үнсіз қалады. Күнді бұлт торласа – күн панельдерінің қуаты төмендейді. Ал су тапшылығы гидроэнергетикаға тікелей әсер етеді. Яғни, табиғаттың мінезіне тәуелді энергия көздерінің мүмкіндігі де белгілі бір деңгейде шектеулі.
Осындай түйткілді ескергенде Қуанышбек Әлишерұлы ойлап тапқан электр энергиясын өндіретін қондыр- ғының ерекшелігі бірден назар аударады. Оның басты артықшылығы – табиғат құбылыстарына тәуелді еместігінде. Желдің соғуын, күннің шығуын немесе судың сарқылмауын күтудің қажеті жоқ. Ең бастысы, қондырғы жұмыс істеу барысында қандай да бір шикізатты да қажет етпейді.
Бұл – заманауи энергетика мен жаңартылатын қуат көздерінің арасындағы жаңа бір балама жолды іздеудің көрінісі. Табиғат байлығына салмақ түсірмей әрі экологиялық талаптарды қолдай отырып, тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясын өндіру идеясы энергетика саласындағы тың ізденістің бір бағыты бола алады.
Мамандығы бойынша химик-технолог Қуанышбек Әлишерұлының техника мен энергия саласына қызығушылығы бір күнде пайда болмаған. Оның айтуынша, өнертабысқа деген ерекше қызығушылығына 2017 жылы Астана қаласында өткен ЕХРО халықаралық көрмесіне баруы себеп болған. Сол кезде әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен өнертапқыштардың жаңашыл жобаларын көріп, түрлі елдердің энергияны өндіру мен тиімді пайдалануға бағытталған технологияларымен танысады. Көрмеден алған әсері оған қозғау салып, «бізде де осындай жаңалық жасауға болады ғой» деген ойға жетелейді.
ЕХРО-дан кейін ол энергия тақырыбын тереңірек зерттей бастайды. Әртүрлі ғылыми еңбектер мен техникалық материалдар оқиды. Соның ішінде Джон Бединидің және Никола Тесланың еңбектерімен танысып, энергияны түрлендіру, электр қуатын алу және оны тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше қызығушылық танытады. Біртіндеп ізденіс жай қызығушылықтан нақты тәжірибеге ұласады.
«Дайын дүниені пайдаланғаннан гөрі өзің ойланып, өз қолыңмен жасап көру қызық» деген ұстаным өнертап- қышты талай тәжірибеге жетелейді. Осылайша құрылғының бірнеше нұсқасын жасап, олардың жұмысын тексеріп, кемшіліктерін түзетіп, қайта құрастырады.
Өнертапқыштың айтуынша, жүргізілген тәжірибелердің нәтижесінде ол 3 кВаттан 12 кВаттқа дейін электр қуатын алуға мүмкіндік беретін құрылғының жұмыс үлгісін жасаған. Бұл жоба кейін «Еркін энергия генераторынан механикалық энергия алуға арналған құрылғы» деген атаумен сипатталып, өнертабыс ретінде рәсімделген.
Құрылғының атауы қарапайым оқырманға бірден түсінікті бола бермеуі мүмкін. Оның мәнін жеңіл тілмен айтсақ, өнертапқыш энергияны бір түрден екінші түрге түрлендіру арқылы одан механикалық қозғалыс алудың техникалық жолын іздеген. Яғни, алынған энергия белгілі бір механизмді қозғалысқа келтіруге пайдаланылуы көзделген.
Құрылғының құрамында энергияны жинақтайтын аккумулятор, электр тоғын түрлендіретін инвертор, резонатор, катушка, конденсатор және токты тұрақтандыратын элементтер бар. Бұл бөлшектердің әрқайсысы жүйеде белгілі бір қызмет атқарады. Өнертап- қыштың негізгі мақсаты – олардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, Джон Бедини пайдаланған транзистор сияқты нәзік электронды схеманы төзімді әрі қолжетімді бөлшектерге ауыстыра отырып, энергияны барынша тиімді пайдалану.
Қуанышбек Әлишеров үшін бұл жоба – бірнеше жылдық ізденістің нәтижесі. Химик-технолог мамандығын игергенімен, оның қызығушылығы бір ғана кәсіптік саламен шектелмеген. Ғылым мен техникадағы түрлі жаңалықтарды зерделеп, өз бетінше тәжірибе жасауға талпынған.
– Менің мақсатым – күннен-күнге қарқын алып келе жатқан орта және кіші кәсіпкерлерді арзан электр энергиясымен қамтамасыз ету. Жамбыл облысы аграрлы өңір. КСРО кезінде мыңғырған төрт түлік жайлаған Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарындағы шөбі шүйгін үстірттегі жайылым, жерасты суын тұтынудың кейбір қиындықтарымен толыққанды пайдаланылмай келеді. Бізде жылыжай өнімін көптеп шығару жағы қалай? Оған жарық әрі қажетті деңгейде жылу керек қой. Сондай-ақ автокөліктердің аккумуляторын зарядтауға, демалу аймағында, туристік орындарда, төтенше жағдайлар қызметі үшін бұл қондырғы алып жүруге ыңғайлы, ұтқырлығымен де пайдалы болмақ.
Жалпы, генератор екі блоктан құралған. Бірінші блок электр тоғын өндіреді, екінші блок ол энергияны үш есе көбейтеді. Осы екінші блокты электр жүйесіне қосылған кез келген елді мекенде, тұрмыстық тұтыну мүлкі ретінде шағын кафеде, асханада, шайханада пайдаланып, электр шығынын үш есе азайта алады.
Бұл, әсіресе, жұмысын енді бастаған шағын кәсіпкерлерге үлкен қолдау болмақ. Осылай энергияны көптеп үнемдей алсақ, ондай артық энергияны бүгінгі іскер азаматтарымыз, пайдалы да тиімді жобаларға жұмсар еді.
Жоба ғылыми тұрғыда толық зерттеліп, тиімділігі статистикалық есептеулермен дәл анықталған. Егер жобаны қажетті жағдай жасалып, құрал-жабдықтар мен мамандардың көмегі болса, жоба өндіріске шығуға дайын. Бұл орайда атқарылған жұмыстың нақты нәтижелі болатынына сенімдімін. Бүгінгі таңға дейін қолдау көрсетіп келген Тараз политехникалық колледжінің атқарушы директоры Бақытжан Смайловқа және де қажетті кезеңдерде жанымнан табылып, ақыл-кеңесімен бірге материалдық көмек қолын соза білген жерлестеріміз Жасұлан Сартаев пен Жарқын Орынбасарұлына алғысымды білдіремін, – дейді өнертапқыш.
Өнертапқыштың бұл еңбегі бүгінде қала көлемінде де қолдау тауып отыр екен. Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жобаларды қолдау және ауданға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарға ерекше мән беріп келеді. Аудан әкімі аппаратының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Дархан Егеубаевтың ұйымдастыруымен өнертапқыштың жобасын кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторларға таныстыру жұмыстары жүргізу жоспарлануда.
– Біздің міндет – ауданда қолға алынған тың бастамаларға қолдау көрсетіп, олардың дамуына мүмкіндік жасау. Қуанышбек Әлишеровтің жобасы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Әрине, кез келген жаңа жобаның тиімділігін арнайы мамандар зерттеп, техникалық тұрғыдан саралауы қажет. Бірақ ең бастысы, жергілікті азаматтың ізденіп, жаңа дүние жасауға талпынысы бар. Сондықтан біз жобаны кәсіпкерлер мен инвес- торларға таныстырып, оны әрі қарай дамытуға қызығушылық танытатын азаматтарды тартуды көздеп отырмыз, – дейді бөлімше басшысы Дархан Нарботаұлы.
Оның айтуынша, ауданда кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жаңа инвестициялық жобаларды тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осындай жобалардың қатарында өнертапқыштардың, шағын кәсіп иелерінің және жаңа технология ұсынушылардың бастамалары да бар.
– Қазір кез келген тың идеяға бірден дайын жоба ретінде қарау дұрыс емес. Оны алдымен зерттеу, сынақтан өткізу, экономикалық тиімділігін бағалау керек. Егер жобаның әлеуеті анықталса, оны кәсіпкерлер мен инвесторлардың қолдауына ұсынуға болады. Біздің тарапымыздан осындай байланысты орнатуға, жобаның таныстырылуына және тиісті қолдау тетіктерін қарастыруға мүмкіндік бар, – дейді Дархан Егеубаев.
Мұндағы мақсат – өнертабысты көпшілікке таныстырумен ғана шектелмей, оны әрі қарай зерттеп, тәжірибелік сынақтардан өткізуге, техникалық мүмкіндіктерін жетілдіруге және қажет болған жағдайда өндірістік деңгейге шығаруға қызығушылық танытатын кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту. Өйткені кез келген өнертабыс- тың тағдыры оның авторының идеясымен ғана шешілмейді. Оны дамыту үшін қаржы, заманауи құрал-жабдық, инженерлік қолдау және тәжірибелік зертхана қажет. Бір адамның шеберханасында дүниеге келген идея мамандар мен инвесторлардың қолдауына ие болған жағдайда ғана үлкен жобаға айналуы мүмкін.
– Мен өз жобамның болашағына сенемін. Тапсырыс берушілер болса, оның сұранысына сай, электр қуатының жұмсалуына қарай арнайы есептегіш құралмен қажетті қондыр- ғыны құрастырып беремін. Оның сомасы тапсырыс берушіге байланысты, – дейді өнертапқыш.
Оның айтуынша, бұл қондырғыны орнатқан кез келген қолданушы тоқты үнемдеумен қатар, қаржысын да тиімді пайдаланады екен. Кейде үлкен жаңалық үлкен зертханадан емес, бір адамның «осылай жасап көрсем қалай болады?» деген қарапайым сұрағынан басталады. Қуанышбек қарияның бірнеше жылдық ізденісі де осындай ойдан басталып, бүгінде нақты құрылғыға айналған. Ендігі міндет – сол идеяны жан-жақты зерттеп, мүмкіндігін анықтап, ел игілігіне жаратуға жол ашу.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.