Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жер қатынастарының жұмысы жүйелі

0 60

Жер – халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасының тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурс. Сондықтан жер қатынастарын тиімді реттеу, жер қорын ұтымды пайдалану және оның мақсатсыз игерілуіне жол бермеу – бүгінгі маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың жерге қатысты мәселелерін заң талаптарына сәйкес шешумен қатар, қала аумағын жоспарлы дамытуға, инфрақұрылымды ілгерілетуге және пайдаланылмай жатқан жер телімдерін айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Тараз қаласында осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде жер телімдерін беру, нысаналы мақсатын өзгерту, пайдаланылмай жатқан учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару секілді бірқатар маңызды мәселе кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді.
Қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежановтың айтуынша, жыл басынан бері өндірістік аймақта орналасқан, алайда бос жатқан немесе тиісті нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай отырған жер учаскелеріне жан-жақты зерделеу жүргізілген.
– Бұл жұмыстар Қазақстан Респуб- ликасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес атқарылады. Әр жер телімінің жағдайы қаралып, жер пайдаланушылар туралы қажетті мәліметтер жинақталып, тиісті тізім қалыптастырылады. Анықталған деректер тоқсан сайын уәкілетті департаментке жолданып отырады. Ағымдағы жылдың басынан бері осындай 16 жер учаскесі анықталып, олардың тізімі департаментке ұсынылды. Бұл – бір жолғы жұмыс емес. Сондықтан шаһардың жер қорын ұқыпты пайдалану үшін зерделеу шаралары алдағы уақытта да жалғасады.
Бұл тұрғыда жердің экономикалық әлеуеті де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бергі 8 айдың қорытындысы бойынша жерді жеке меншікке сату және жер учаскелерін жалға беру құқығын сатудан жергілікті бюджетке қомақты қаражат түсті. Атап айтқанда, 303101 коды бойынша 428 853,5 мың теңге, ал 303202 коды бойынша 347 042,5 мың теңге бюджет кірісіне бағытталды. Сонымен қатар кәсіпкерлік мақсаттағы мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін аукцион арқылы өткізу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Заң талаптарына сәйкес, аукциондар электрондық форматта, мемлекеттік мүлік тізілімінің бағаны көтеру әдісімен өткізіледі.
Біздің мақсатымыз – жерді жай ғана есепте ұстап отыру емес, оның қала дамуына қызмет етуіне жағдай жасау. Бос жатқан жердің әрқайсысы игерілсе, жаңа нысанға, жаңа жұмыс орнына, қаланың экономикалық әлеуетін арттыратын мүмкіндікке айналуы мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береміз, – дейді Нұржан Балтабайұлы.
Бүгінде шаһарда мемлекеттік меншіктегі, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға болатын жер учаскелерін ашық әрі заң талаптарына сай айналымға енгізу бойынша жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Айталық, 2026 жылға жоспарланған жұмыстарға сәйкес, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі «E-Qazyna» мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы 8 аукцион өткізген. Қаңтар-шілде айлары аралығында жалпы 33 жер учаскесі аукционға шығарылып, соның ішінде жалпы көлемі 3,4656 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі сауда-саттық нәтижесінде сатылыпты. Бұл аукциондардан түскен жалпы түсім 220 669 749 теңгені құраған. Бұл қаражаттың барлығы жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аукционның электрондық форматта өтуі сауда- саттықтың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Заң талаптарына сәйкес, аукционда жеңімпаз атанған қатысушы электрондық аукцион өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде бастапқы 50 пайыз жарнасын төлеуге тиіс. Ал қалған соманы аукцион шарттарына сәйкес бір ай мерзім ішінде өтеуі қажет.
Қазіргі таңда тараздықтарды көптен бері толғандырып келе жатқан мәселелердің бірі жеке тұрғын үй құрылысына жер алу кезегі екені белгілі. Баспаналы болуды, өз үйін тұрғызуды мақсат еткен азаматтар үшін жер теліміне қол жеткізу аса маңызы болып отыр.
Бүгінде Тараз қаласының аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға ниетті азаматтар Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) автоматтандырылған жүйе- сінде тіркеледі. 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін осы жүйеде 130 569 азамат жер кезегіне тіркелген. Әрине, бұл – үлкен көрсеткіш. Сондықтан жер кезегіне қатысты мәселе тек бүгін емес, ұзақмерзімді жоспарлауды қажет ететін маңызды бағыт. Мұнда ең бастысы – заң талаптарын сақтау, кезектің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтарға нақты әрі түсінікті ақпарат беру.
– Қала аумағына 14 елді мекеннің қосылуына байланысты Тараздың жер көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Бұған дейін шамамен 18 мың гектарды құраған қала аумағы бүгінде 33 мың гектарға жуықтады. Бұл, өз кезегінде, жер қатынастары саласына жаңа міндеттер жүктеп, қосылған аумақтарды түгендеу, жер телімдерінің құқықтық мәртебесін айқындау және оларды тиімді игеру жұмыстарын күшейтуді талап етті.
Қала аумағының кеңеюі, ең алдымен, жер қатынастары саласына жаңа міндеттер жүктеді. Бұрын ауылдық елді мекендерге тиесілі болған аумақтар қала құрамына енгеннен кейін, ондағы жер телімдерінің құқықтық мәртебесін нақтылау, оларды есепке алу, нысаналы мақсатын айқындау және қала құрылысының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелері алдыңғы қатарға шықты.
Бұл – бір күнде шешілетін шаруа емес. Қала шекарасы кеңейген сайын жер қорын түгендеу, бос және пайдаланылмай жатқан учаскелерді анықтау, жер пайдаланушылар туралы мәліметтерді нақтылау секілді жұмыстардың көлемі де артады. Сондықтан біз үшін жаңа аумақтарды жай ғана қала құрамына қосу емес, оларды жүйелі түрде игеру маңызды.
Қосылған аумақтар бойынша жер учаскелерінің қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп, олардың құқықтық және кадастрлық мәліметтері зерделенуде. Сонымен қатар жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылуы, бос жатқан учаскелердің бар-жоғы және оларды алдағы уақытта тиімді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда.
Қаланың шеті деген ұғым бірте-бірте өзгеріп келеді. Бүгінде кеше ғана шеткері саналған аумақтар Тараздың болашақ даму кеңістігіне айналып отыр. Ол жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, инженерлік және көлік инфрақұрылымы орналасуы мүмкін. Сондықтан әрбір жер теліміне қатысты шешім қабылдағанда оның бүгінгі ғана емес, ертеңгі қаланың келбетіне әсерін де ескеруге тиіспіз.
Біздің түпкі мақсатымыз – кеңейген аумақтарды ретсіз емес, жоспарлы түрде игеру. Жерді тиімді пайдалану, азаматтардың құқықтарын сақтау және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті жер қорын қалыптастыру – осы бағыттағы негізгі ұстанымымыз. Өйткені Тараздың аумағы кеңейген сайын оның мүмкіндігі де арта түседі. Ал сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – бүгін қабылданатын шешімдердің сапасына байланыс- ты, – деген Нұржан Балтабайұлы жер кезегіне байланысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға да нақты жауап берді.
– Тұрғындарға жер берерде жер кезегінің қалыптасу тарихы, азаматтардың құжаттарының әзірлігі және нақты жер учаскелерінің инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі қатар ескеріледі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылдан бері Тараз қаласындағы «Шаңырақ» алқабынан – 1 332, «Құмшағал» алқабынан – 1 200, ал «Ұлы дала» шағынауданынан 1 мыңнан астам жер учаскесі азаматтарға берілді. Ал 2006 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жер кезегіне тіркелген азаматтардың бір бөлігіне 2022-2023 жылдары жер учаскелері табысталды. Бұл ретте азаматтардың жер алу процесінде хабардар болуы да маңызды. Сол кезеңде шамамен 4 мың азаматқа хабарлама беріліп, оның ішінде талапқа сай құжаттарын рәсімдеген 1 460 азаматқа жер учаскесі берілді. Бұл тұста айта кететін жайт, 2006 жылғы азаматтардың өзіне жер беру мәселесі кемі 7 жылсыз шешілмейді.
Әрине, бұл жерде бірқатар қиындық та бар. Кей жағдайда азаматтардың құжаттары толық рәсімделмеген немесе заң талаптарына сәйкес келмейтін мәселелер кездеседі. Мұндай жағдайлар жерді бірден табыстауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, заңнамада белгіленген талаптар шеңберінде бөлім тарапынан қажетті жағдайлар жасалып, азаматтарға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Тағы бір маңызды жайт – кезегі келгенімен, қандай да бір себеппен жер учаскесін ала алмаған азамат автоматты түрде кезектен шығарылмайды. Яғни кезектің өтіп кетуі азаматтың жер алу құқығынан айырылғанын білдірмейді. Оның кезектегі орны сақталады және заңда белгіленген тәртіппен жер учаскесі берілген кезде бұл азаматтың мәселесі қайта қаралады.
Біздің міндет – жерді кезек тәртібімен, заң талаптарын сақтай отырып беру. Сондықтан бұл процесте азаматтың құжатының дұрыстығынан бастап, жер телімінің дайын болуына дейінгі барлық талаптың орындалуы маңызды.
Бұл ретте ерекше атап өтерлігі, 18 жастан асқан кез келген қазақстандық жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін тегін ала алады. Бұл ретте сізде жылжымайтын мүлік – пәтер, үй, гараж, жер учаскесі бар-жоғы маңызды емес. Дегенмен, азаматтар тұрғын үйді пайдалануға беру актісіне қол қойғаннан кейін ғана жер иесі атанады.
Жерді Қазақстанның кез келген өңірінен алуға болады. Ол үшін тұрғылықты жердің және тұрғылықты жер бойынша тіркеудің қажеттілігі жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, қазақстандықтар кезекке онлайн тұра алады. Ол үшін компьютер және ЭЦҚ-кілт қажет. Әрі қарай электрондық үкімет порталына өтіп, осы қызмет атауын іздеу жүйесіне енгізуге болады немесе «Жылжымайтын мүлік», «Жер қатынастары» бөлімінде, «Жекеменшік тұрғын үй салуға немесе жер телімін алуға жер телімін қарау немесе алу үшін кезекке қою» қызметін таңдауға болады.
Бастапқыда үй салынып, пайдалануға берілгенге дейін учаске уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Шартта игеру мерзімі көрсетіледі. Оны жергілікті әкімдік анықтайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіге қол қойылғаннан кейін ғана меншік иесі бола аласыз.
Уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жылжымайтын мүлікті сатуға өкілеттік бермейді. Нысанды сату үшін, ең алдымен, оны меншікке беру керек. Мұны тек үй салу арқылы жасауға болады. Заң бойынша егер жер учаскесі шартта көрсетілген мерзім ішінде өз мақсаты бойынша пайдаланылмаса, жер қайтадан мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ жер кезегін өткізіп алған тұрғындарға әкімнің тұрғын үй үшін жер учаскесін табыстау туралы шешімдері қабылданған жағдайда қайта кезектілікке қоя алмайды. Егер жер учаскесін табыстау туралы шешім қабылданбаса, кез келген азаматтың қайтадан кезектілікке тұруына мүмкіндігі бар, – дейді Н.Бекежанов.
Қорыта айтқанда, Тараздың аумағы ұлғайып, жаңа даму мүмкіндіктері пайда болған тұста жер мәселесінің салмағы да арта түсетіні анық. Бұл ретте бос жатқан аумақтарды тиімді игеру, кәсіпкерлік бастамаларға қажетті жағдай қалыптастыру, тұрғындардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету секілді бағыттардың өзара үйлесімді жүргізілуі шаһардың орнықты дамуына серпін береді.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.