Мемлекеттің басты байлығы – адам. Ал адамға жасалған қамқорлық пен әлеуметтік қолдау – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің басты кепілі. Осы тұрғыдан алғанда Тараз қаласында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, ардагерлерге құрмет көрсету, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек беру және мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру жолында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен бөлімге қарасты мекемелер 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды нәтижелі іске асырып, әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді. Есепті кезеңде бөлімнің әлеуметтік көмек көрсету секторы мемлекеттік қызметтің үш түрі бойынша барлығы 8 877 қызмет көрсеткен. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегі «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйе- сі арқылы уақытылы тағайындалып, төленсе, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жергілікті мәслихат бекіткен қағидаларға сәйкес «Е-Собес» ақпараттық жүйесі арқылы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың әлеуметтік мәртебесі айқындалып, нақты мұқтаж азаматтарды анықтау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілді.
– Жыл басынан бері тұрғын үй көмегі 629 аз қамтылған отбасыға тағайындалып, жалпы 34,2 миллион теңге төленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар саны азайғанымен, тұрғын үй көмегінің орташа мөлшері 8,2 пайызға өсіп, бір отбасыға шаққанда 6 807 теңгені құрады. Бұл тұрғындардың нақты қажеттілігіне қарай әлеуметтік қолдау көлемінің ұлғайғанын көрсетеді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету де тұрақты жүзеге асырылды. Шілде айының қорытындысы бойынша табыстары кедейлік шегінен төмен 1 600 отбасының 8 410 мүшесіне 865,2 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар 1 431 отбасының 1 жастан 6 жасқа дейінгі 2 803 баласына 94 миллион теңге көлемінде қосымша төлем жүргізілді. Жалпы, қаңтар-шілде айларында атаулы әлеуметтік көмекке 743,1 миллион теңге бағытталды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар саны азайғанымен, орташа төлем мөлшері 37,1 пайызға өсіп, бір адамға шаққанда 15 689 теңгені құрады. Бұл әлеуметтік қолдаудың көлемі артып, оның нақты мұқтаж азаматтарға бағытталғанын көрсетеді.
Әлеуметтік қолдау тек ақшалай төлемдермен ғана шектелмейді. Жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған 1 725 отбасыға кеңес беріліп, құжаттары толық 438 отбасыға түрлі әлеуметтік көмектер тағайындалды. Оның ішінде шипажайда сауықтыруға жолдамалар беріліп, пробация есебіндегі азаматтарға, АИТВ жұқтырған балаларға, өрттен зардап шеккен тұрғындарға, туберкулез және қатерлі ісікпен ауыратын азаматтарға материалдық қолдау көрсетілді. Сонымен бірге Жеңіс күні қарсаңында бір азаматқа біржолғы әлеуметтік төлем төленді.
Жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Биылғы жеті айда «Мансап» орталығына 19 482 азамат өтініш білдірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 234 адамға артық. Жыл басынан бері 5 841 азамат жұмыспен қамтылып, олардың басым бөлігі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстар, «Жастар тәжірибесі», әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы және басқа да белсенді жұмыспен қамту шаралары арқылы жүздеген азамат еңбекке тартылды, – дейді бөлім басшысы Гаухар Олжабаева.
Бөлім басшысының айтуы бойынша, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 11 994 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған екен. 1 тамыздағы жағдай бойынша оның 9 118-і құрылып, жоспардың орындалуы 76 пайыздан асқан. Оның ішінде 7 712 тұрақты және 1 406 уақытша жұмыс орны ашылған. Әсіресе, жеке бастамалар арқылы жаңа жұмыс орындарын құру көрсеткіші жоспардан едәуір асып, 161,8 пайызды құраған. Бұл кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мен жаңа жұмыс орындарын құрудың тиімділігін айғақтайды.
Еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету де бөлім жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Есепті кезеңде қаладағы жалақы берешегі анықталған кәсіпорындармен тұрақты жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік еңбек инспекциясымен бірлескен тексерулер ұйымдастырылған. Нәтижесінде жұмысшылардың жалақы берешегі өндіріліп, заң талаптарын бұзған жұмыс берушілерге әкімшілік шаралар қолданылған. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға және әлеуметтік шиеленістің алдын алуға бағытталып отыр.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері көптеген азамат тұрақты жұмысқа орналасып, кәсіптік оқуға жолданып, мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік қолдау шараларын пайдаланған.
– Қаладағы мекемелермен жасалған келісімдер негізінде квоталық жұмыс орындары құрылып, пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту жалғасуда. Сонымен қатар «Пробация үйінде» бөлім мамандары тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңес беруде.
Цифрландыру әлеуметтік саланың тиімділігін арттыруға тың серпін беріп отыр. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі элект- рондық форматта көрсетіледі. Қаңтар-шілде айларында бөлім арқылы барлығы 27 103 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 98 пайыз- дан астамы электрондық үкімет порталы мен мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылды. Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы мен азаматтар тарапынан шағымдар тіркелген жоқ.
«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі халықтың нақты әлеуметтік жағдайын анықтауда маңызды құралға айналды. Қала бойынша жүйеге 143 684 отбасы енгізілген. Әлеуметтік жағдайы төмен «D» және «E» санатындағы отбасылардың санын азайту мақсатында үй-үйді аралау, мәліметтерді нақтылау және ақпараттық жүйелерді өзектендіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасарының тапсырмасына сәйкес «А» және «В» деңгейіндегі отбасыларды верификациялау жұмыстары қарқынды жүргізіліп, мыңдаған сауалнама толтырылып, жүйеге енгізілуде, – дейді бөлім басшысы.
Сонымен қатар бүгінде бөлімнің мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс жүргізу секторы мемлекеттік қызмет көрсету стандартының 10 түрі бойынша халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда Тараз қаласында 17 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде І топтағы – 1 855, ІІ топтағы – 6 077, ІІІ топтағы 6 352 азамат болса, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны 2 936-ны құрайды. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың үлесі жоғары екенін аңғартады. Сондықтан олардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін техникалық оңалту құралдары мен арнайы әлеуметтік қызметтердің барлығы бүгінгі күні «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы ұсынылады. Бұл азаматтардың қажетті көмекті ашық әрі қолжетімді түрде алуына мүмкіндік беріп отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатымен инватакси қызметін дамытуға да ерекше назар аударылып келеді. Биыл І топтағы қозғалу мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Шапағат» корпоративтік қоры, көзі көрмейтін І топ мүгедектігі бар азаматтарға «Өмір сапасы» корпоративтік қоры, ал аутизм диагнозы қойылған балаларға «Janyna Saya» қоғамдық бірлестігі қызмет көрсетуде. Барлығы 12 арнайы автокөлік күн сайын тұрғындардың сұранысына сәйкес қызмет атқарып, әлеуметтік қолдаудың маңызды тетіктерінің біріне айналды. Инватакси қызметінің үздіксіз жұмыс істеуіне бюджеттен қажетті қаржы толық көлемде бөлініп, азаматтардың медициналық мекемелерге, оңалту орталықтарына және басқа да әлеуметтік маңызы бар орындарға кедергісіз қатынауына мүмкіндік жасалып отыр.
Мүгедектігі бар азаматтардың оңалтудың жеке бағдарламалары бойынша қажетті техникалық құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі де жылдан-жылға артып келеді. Есепті кезеңде оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуы 75,8 пайызды құрады. Жалпы саны 13 822 өтініш түсіп, оның 10 477-сі толық қанағаттандырылды. Бұл әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық ортаға еркін араласуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар да тұрақты бақылауда. Осы мақсатта әлеуметтік мәселелер жөніндегі қалалық консультативтік-кеңесші ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Комиссияның бекітілген жоспарына сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Айталық, 2026 жылы бейімдеуге жататын 32 нысан белгіленіп, бүгінгі күні олардың 25-інде қажетті жұмыстар аяқталды. Оған 20,2 миллион теңге бағытталды. Сонымен қатар қаладағы 312 әлеуметтік және қоғамдық нысанның төлқұжаты «invo.gov.kz» ақпараттық порталындағы қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді. Мұның барлығы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.
Әлеуметтік қолдау жұмыстары халық арасында кеңінен насихатталуда. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, инватакси қызметінің жұмысы, техникалық оңалту құралдарына өтінім беру тәртібі туралы ақпарат тұрақты жарияланып келеді. Сонымен қатар республикалық телеарналарда арнайы сюжеттер көрсетіліп, қалалық медиа орталықта тікелей эфирлер ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар арқылы да әлеуметтік саладағы өзгерістер мен жаңашылдықтар тұрғындарға кеңінен түсіндірілді. Бұл қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы ашықтықты нығайтып, азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға ықпал етуде.
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету және қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау. Осы бағытта Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық маңызды міндеттерді атқарып келеді.
Орталық қызметінің басты мақсаты – тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету, медициналық және басқа да қажетті көмектермен қамту, сондай-ақ олардың қоғамнан шет қалмауына мүмкіндік жасау.
Жыл басынан бері орталыққа белгілі бір тұрағы жоқ 113 азамат қабылданды. Оның ішінде 104 ер адам және 9 әйел бар. Орталыққа азаматтардың келу себептері әртүрлі. Атап айтқанда 39 адам әлеуметтік патруль арқылы жеткізілсе, 35 азамат өз еркімен келген. 33 адам ішкі істер бөлімдері арқылы қабылданса, 3 азамат ауруханадан, тағы 3 адам Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы қамқоршылық және қорғаншылық кеңесінің хаттамасы негізінде орналастырылды.
Орталық мамандары әр азаматтың жеке жағдайын зерделеп, қажетті әлеуметтік көмекті ұйымдастыруға басымдық береді. Есепті кезеңде 14 азаматтың құжаттары рәсімделіп, 17 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар 15 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына жолданды. Бұл жұмыстар азаматтардың уақытша қиындықтарын еңсеріп қана қоймай, олардың алдағы өмірін тұрақтандыруға бағытталған.
Қызмет алушыларға құқықтық, медициналық және әлеуметтік бағыттар бойынша кешенді көмек көрсетіледі. Орталықта азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы түсіндіріліп, құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен қатар олардың жеке басын анықтау, құжаттарын қалпына келтіру, құқық қорғау органдарының дерекқорлары бойынша тексеру, қажет болған жағдайда іздеу жұмыстарын жүргізу бағытында Жамбыл облысы полиция департаментімен бірлескен жұмыстар атқарылуда.
Медициналық көмек көрсету де орталық жұмысының маңызды бағыты. Жеті ай ішінде орталыққа қабылданған 113 азаматтың барлығы алғашқы медициналық тексеруден өткізілген. Олардың 22-сі аурухана жағдайында ем қабылдаса, 15 азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына орналастырылыпты. Төрт азаматқа мүгедектік тобы белгіленсе, қазіргі уақытта тағы жеті адамның мүгедектік рәсімдерін өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Орталықта қызмет алушылардың денсаулығын бақылау, әлеуметтік жағдайын жақсарту және еңбекке араласуына мүмкіндік жасау бағытында тұрақты жұмыстар атқарылуда. «Еңбек.kz» электрондық платформасына 29 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, олардың 17-сіне тұрақты жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді. Бұл – әлеуметтік қолдаудың басты мақсаты азаматтарды тек уақытша қамқорлықпен қамтамасыз ету емес, олардың өз бетінше өмір сүру мүмкіндігін қалыптастыру екенін көрсетеді.
– Қоғамдағы ең маңызды құндылықтардың бірі – отбасы. Отбасы берекесі мен тұрақтылығын сақтау, қиындыққа тап болған жанұяларға қолдау көрсету мақсатымен Тараз қаласында Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын жүйелі түрде жүргізуде.
Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қала әкімінің 2024 жылғы 23 шілдедегі №1981 қаулысы негізінде құрылып, 2024 жылғы 14 қарашада заңды тұлға ретінде тіркелді. Орталықтың негізгі міндеті – мемлекеттік отбасы сая- сатын жүзеге асыру, отбасылық жанжалдардың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте анықтау және оларға әлеуметтік сүйемелдеу көрсету.
Қазіргі таңда орталық жанынан құрылған мобильді топтар отбасы мәселелерін шешуде маңыз- ды рөл атқарып келеді. Әулиеата және Жібек жолы аудандары әкімдерінің өкімдері және бөлім басшысының бұйрығы негізінде мобильді топтар құрылып, олардың құрамына түрлі салалардың мамандары енгізілді. Жалпы саны 1 448 қызметкер әлеуметтік жағдайы күрделі отбасылармен жұмыс жүргізуге жұмылдырылған.
Мобильді топ құрамына әкімдік саласынан – 29, әлеуметтік қорғау саласынан – 36, білім беру саласынан – 348, денсаулық сақтау саласынан – 716, полиция департаментінен – 278, пробация қызметінен 29 маман енгізілген. Мұндай ведомствоаралық өзара іс-қимыл отбасылардың мәселелерін жан-жақты қарастыруға және нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
2026 жылдың жеті айында FSM Social цифрлық платформасына өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар бойынша 794 сигнал келіп түсті. Оның 725-і бойынша жұмыстар аяқталып, 67 сигнал бойынша сүйемелдеу шаралары жалғасуда. Сонымен қатар орталыққа сот органдарының шешімімен 40 құжат, атаулы әлеуметтік көмек бойынша 176 өтініш, e-Otinish порталы арқылы 4 өтініш, «111» call-орталығы арқылы 35 хабарлама келіп түсті.
Мобильді топтардың жұмысы нәтижесінде анықталған 628 отбасыға және өз еркімен жүгінген 164 азаматқа қажетті көмек көрсетілді. Оның ішінде 171 отбасына психологиялық, 149 отбасына құқықтық, 967 отбасына әлеуметтік көмек берілді. 125 отбасының тұрмыс жағдайын зерделеу мақсатында олардың үйлеріне 351 маманның қатысуымен арнайы бару жұмыстары ұйымдастырылды.
Отбасындағы қиын жағдайларды шешу, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да ерекше назарда. Орталыққа жүгінген тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар 21 азаматқа кешенді көмек көрсетілді. Олардың 13-іне психологиялық, 13-іне құқықтық көмек беріліп, 19 азаматқа әлеуметтік кеңес ұсынылды. Бір азаматшаға электрондық цифрлық қолтаңба ашылып, жеті азаматшаға жеке құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетілді. Сонымен қатар екі жалғыз басты азаматқа қайырымдылық көмек берілді.
Отбасы құндылықтарын сақтау, некені бұзудың алдын алу бағытында да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Некені сақтап қалу бойынша орталыққа 60 отбасы мүшесі тіркелді. Оның 20-сы өз еркімен жүгінсе, 40 отбасы сот ұйғарымдары негізінде келген. Жеке қабылдау барысында төрт отбасының некесі сақталып, тағы төрт отбасындағы жанжалдарды шешу бойынша татуластыру шаралары жүргізілді.
Орталықтың атқарып жатқан жұмыстары тұрғындарға кеңінен насихатталуда. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде Facebook және Instagram парақшаларында 1 212 ақпараттық жарияланым орналастырылып, жеті телеарнада материалдар жарық көрді. Өткізілген шаралар мен түсіндіру жұмыстарына барлығы 8 883 адам қамтылды, – дейді бөлім басшысы.
Отбасын қолдау орталығының қызметі – тек қиындыққа тап болған жанұяларға көмек көрсету ғана емес, сонымен бірге олардың мәселесін ерте анықтап, алдын алу, отбасының беріктігін сақтау және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды жұмыс. Бұл бағыттағы кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға өз үлесін қоса бермек.
Әлеуметтік қорғау саласындағы маңызды бағыттардың бірі – күнделікті өмірде тұрақты қолдауды қажет ететін балалар мен ересек азаматтарға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету. Бұл бағытта Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіп келеді.
Орталықтың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан асқан азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, сондай-ақ үй жағдайында қажетті әлеуметтік қызметтерді уақытылы әрі сапалы көрсету. Қызмет алушылардың әрқайсысына жеке оңалту бағдарламасына сәйкес әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық және басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетіледі.
2026 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша балалар мен 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 366 азаматқа үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда олардың 322-сіне тұрақты түрде әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
Олардың қатарында 7 жасқа дейінгі 61 бала, 14 жасқа дейінгі 112 мүгедектігі бар бала бар. Оның ішінде І топтағы – 95, ІІ топтағы – 17 бала. Сонымен қатар 16 жасқа дейінгі 38 балаға, оның ішінде І топтағы 35 және ІІ топтағы 3 балаға әлеуметтік қызмет көрсетілуде. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны 28 болса, олардың 25-і – І топтағы, 3-еуі – ІІ топтағы балалар. Ал 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтардың саны 83 адамды құрайды, оның ішінде І топтағы – 69, ІІ топтағы – 14 азамат.
Қызмет алушылардың жағдайы тұрақты бақылауда ұсталып, олардың қажеттілігіне қарай әлеуметтік көмек түрлері ұйымдастырылуда. 2026 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында қызмет алушыларға сегіз бағыт бойынша жалпы 120 066 әлеуметтік қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш орталық мамандарының күн сайынғы қажырлы еңбегінің және әлеуметтік қолдаудың нақты іске асырылып жатқанын көрсетеді.
Жеке оңалту бағдарламалары негізінде азаматтардың қажеттіліктері анықталып, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар қызмет алушылар техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, олардың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге бағытталған шаралар тұрақты жүргізіледі.
Мүгедектер мен қарттарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі де өз жұмысын белгіленген стандарттарға сәйкес атқарып келеді. 2026 жылдың шілде айында бұл бөлімше 266 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті. Оның ішінде 21 мүгедектігі бар азамат бар. Олардың қатарында І топтағы – 5, ІІ топтағы – 15, ІІІ топтағы – 1 азамат және Ұлы Отан соғысының ардагері бар.
Әлеуметтік қызметкерлер әрбір қызмет алушының тұрмыс жағдайын назарда ұстап, олардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге барынша күш салуда. Қызмет алушылардың үйлеріне азық-түлік пен тұрмыстық қажетті заттар жеткізіліп, тұрғын үйлерін жинауға, аулаларын тазалауға, ас әзірлеуге, құдықтан су тасуға, денсаулығына байланысты жуынуға, дәрі-дәрмектерін алуға және дәрігер нұсқауларын орындауға көмектесу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік-тұрмыстық қолдау көрсетіліп, олардың қоғамдық өмірден тыс қалмауына жағдай жасалады. Қажет болған жағдайда қызмет алушыларға газет-журналдар жеткізіліп, алыс елді мекендердегі туыстарына «Қазпошта» арқылы сәлемдеме жіберуге, киім-кешектерін химиялық тазалауға тапсыруға және коммуналдық төлемдерін төлеуге көмек көрсетіледі. Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың өмір сапасын арттыруға және олардың өз үйлерінде жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Тараз қаласында әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау, ардагерлерге қолдау көрсету, әлеуметтік қиындыққа тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру, отбасылардың тұрақтылығын сақтау және үйде күтім көрсетуді ұйымдастыру бағытындағы шаралар бір-бірімен сабақтасып, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуде.
Бүгінде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі тек көмек көрсетумен шектелмей, азаматтардың өмірлік мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамдағы орнын сақтауға және толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Осы жолда Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен оған қарасты мекемелер өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, тұрғындардың сенімін ақтауға күш салуда.
Әрбір көрсетілген қызмет, әрбір қолдау мен қамқорлық – адам тағдырына деген жауапкершіліктің белгісі. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсету және азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы бұл игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Арайлым ШАБДЕНОВА