Қазіргі білім беру кеңістігінде мектеп жетістігі тек білім сапасының көрсеткішімен ғана емес, оқушының жан-жақты дамуы, шығармашылық қабілеті, ізденісі мен қоғамдық белсенділігі арқылы бағаланады.
Осы бағытта Тараз қаласындағы №62 орта мектептің педагогикалық ұжымы білім алушылардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың түрлі пәндік олимпиадалар мен зияткерлік байқауларға белсенді қатысуына жағдай жасап келеді. Мектептің басты ұстанымы – сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар алып жүру. Өйткені білімді, ізденімпаз, жауапкершілігі жоғары оқушы – мектеп жұмысының ең басты нәтижесі.
Оқушы жетістігі – ұстаз еңбегінің нәтижесі
2024-2025 оқу жылында мектеп оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен түрлі байқауларға белсенді қатысты. Жалпы көрсеткіш 77 пайызды құраса, 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 79 пайызға жетті. Бұл – оқушылардың білім сайыстарына қатысу белсенділігінің тұрақты деңгейде сақталғанын көрсететін маңызды нәтиже.
Мектеп оқушыларының арасында пәнге қызығушылығы жоғары, ізденімпаз, өз білімін түрлі деңгейдегі додаларда сынап жүрген білім алушылар саны артып келеді. Әрбір жеңіс пен жүлделі орынның артында оқушының талабы мен еңбегі, пән мұғалімінің ізденісі және ата-ананың қолдауы тұр.
Интеллектуалдық байқауларға қатысу белсенді
Мектеп оқушылары «Дарын» респуб- ликалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Ақбота» зияткерлік олимпиадасына қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Байқауға мектептен 323 білім алушы қатысып, олардың ішінде 43 оқушы – І орын, 32 оқушы – ІІ орын, 60 оқушы ІІІ орын иеленді.
Сонымен қатар оқушылардың математикалық қабілетін дамытуға бағытталған «Кенгуру – математика барлығы үшін» халықаралық ойын-байқауына 160 білім алушы қатысты. Бұл көрсеткіш оқушылардың пәндік білімге қызығушылығы мен интеллектуалдық сайыстарға деген белсенділігінің жоғары екенін аңғартады.
Тарих пәніне қызығушылық танытқан оқушылар да өз білімдерін түрлі байқау- ларда дәлелдеп келеді. Тарих ата олимпиадасына 6 оқушы қатысып, І дәрежелі дипломдармен марапатталған.
Білім биігін бағындыруда тәрбиенің маңызы зор
Оқушының олимпиадаға қатысуы – тек пәндік білімін көрсету емес. Ол, ең алдымен, еңбекқорлықты, жауапкершілікті, табандылықты, мақсат қоя білуді және жеңіске ұмтылуды қалыптастырады.
Бұл мектептегі тәрбие жұмысының негізгі бағыттарымен сабақтас. Тәрбие жұмысының маңызды міндеттерінің бірі – оқушыны өз қабілетін танып, оны дамытуға, еңбектенуге және қоғамға пайдалы тұлға болуға бағыттау.
Абайдың «Толық адам» концепциясындағы «нұрлы ақыл», «ыстық қайрат», «жылы жүрек» ұстанымдары да осы мақсатпен үндеседі. Білімді болу – «нұрлы ақылдың», мақсатқа жету үшін еңбектену – «ыстық қайраттың», ал өз жетістігін қоғам игілігіне бағыттау – «жылы жүректің» көрінісі.
Мектеп, ұстаз бен ата-ананың мақсаты ортақ
Мектеп жетістігінің негізінде мұғалімнің кәсіби шеберлігімен қатар, мектеп-оқушы-ата-ана арасындағы ынтымақтастық жатыр. Ұстаз оқушының қабілетін байқап, оның қызығушылығын қолдап, білім сайыстарына жүйелі түрде дайындайды. Ата-ана баланың ізденісіне қолдау көрсетсе, оқушы өзіне деген сенімін арттырады.
Сондықтан мектепте әрбір баланың қабілетін ашуға, шығармашылық және интеллектуалдық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мектеп пен отбасының бірлескен әрекеті – тәрбиенің нәтижелілігін арттыратын маңызды фактор.
Жетістік – жаңа белестердің бастауы
Бүгінгі жетістік – ертеңгі үлкен мақсатқа бастайтын баспалдақ. №62 орта мектеп оқушыларының пәндік олимпиадалар мен зияткерлік байқауларға қатысуы – олардың білімге деген қызығушылығының, ұстаздар еңбегінің және мектептегі қолайлы білім беру ортасының нәтижесі.
Алдағы уақытта да мектеп ұжымы оқушылардың білімін тереңдетуге, дарынды және қабілетті балаларды қолдауға, олардың республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық береді.
Әрбір оқушының жетістігі – мектептің жетістігі. Әрбір жеңіс – ұстаз еңбегінің жемісі. Ал білімді, тәрбиелі, еңбекқор ұрпақ – ел болашағының берік негізі.
№62 орта мектептің бүгінгі жетістіктері – үлкен еңбектің нәтижесі болса, ертеңгі биіктері – жаңа мақсаттарға ұмтылыстың жемісі болмақ.
Лаура ТУРЛЫГУЛОВА,
№62 орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
педагог-зерттеуші.
Тараз қаласы