Жамбыл облысының аграрлық секторы құрылымдық өзгеріс кезеңін бастан өткеруде. Дәстүрлі шикізат өндіруден терең өңдеуге және импортты алмастыруға бағытталған жаңа модель 2026 жылғы егін жинау науқанында нақты жүзеге асып жатыр.
Инфрақұрылымға салынған инвестициялар, өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы және егін өнімділігінің артуы өңір экономикасының жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Су ресурстары және егіс алқаптары
Биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарға жетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артты. Егіс көлемінің ұлғаюына су шаруашылығын жаңғырту жұмыстары негіз болды. Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен өңірде 91 суару каналы жөнделіп жатыр.
Су ресурстарына қолжетімділіктің артуы және заманауи агрохимияны қолдану егін өнімділігіне оң әсер етті. Жоспарланған 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштың 102,8 мың тоннасы алқаптарға енгізілді. Бұл жоспардың 93,8 пайызын құрайды.
Маусымның басты нәтижелерінің бірі – дәнді дақылдардың өнімділігінің айтарлықтай өсуі.
Дәнді дақылдар 351,5 мың гектар алқаптың барлығынан жиналып, 694,8 мың тонна астық бастырылды. Өнімділік өткен жылғы гектарына 7,6 центнерден биыл 19,8 центнерге дейін жетіп, 2,5 есеге артты.
Картоп 6,3 мың гектар алқаптың 73,1 пайызынан жиналып, 144,8 мың тонна өнім алынды. Көкөніс алқаптарынан 500 мың тоннадан астам өнім алу жоспарлануда.
Бақша дақылдарын жинау жұмыстары 94,3 пайызға аяқталды. Қазірдің өзінде 249,1 мың тонна өнім жиналды. Мақсары жинау жұмыстары жалғасуда.
Биылғы орақ науқанының қарқынды өтуіне алдын ала жүргізілген дайындық жұмыстары әсер етті. Егін жинауға 8,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, оның 73,9 пайызы шаруаларға таратылды. Дала жұмыстарына 10 мыңнан астам техника, оның ішінде 490 комбайн жұмылдырылды.
Сонымен қатар машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері аграршылар 302 жаңа техника сатып алып, техникалық паркті жаңарту деңгейін 8 пайызға жеткізді.
Жүгері кластері
Жамбыл агросекторының негізгі бағыттарының бірі – жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету.
Биылғы маңызды жобалардың бірі – қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін өндірістік кешенінің алғашқы кезеңін іске қосу.
Жаңа кәсіпорынның қажеттілігін қамтамасыз ету үшін облыста дәндік жүгері егістігінің көлемі 6,4 мың гектарға ұлғайып, 24,6 мың гектарға жетті. Биыл шаруалар 173 мың тонна жүгері жинауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 64 мың тоннаға артық.
Fufeng Group жобасының іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және жергілікті шаруалар үшін ұзақ мерзімді өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қант өндірісін қайта жандандыру
2026 жылғы тағы бір маңызды бағыт – қант қызылшасын өңдеуді қамтамасыз ету. Биыл облыста стратегиялық дақылдың егіс көлемі 8,5-9,9 мың гектарды құрады. Қант қызылшасының жалпы түсімі 450 мың тонна болады деп болжануда.
Бұл өнімнің толық көлемін өңірдегі екі негізгі кәсіпорын – Меркі және Тараз қант зауыттары қабылдайды.
Меркі қант зауыты штаттық режимде жұмыс істеп, 250 мың тонна шикізат қабылдауға дайындалуда.
Тараз қант зауыты 25 жылдық үзілістен кейін қайта іске қосылмақ. Кәсіпорынның өндірістік қуаттары 95 пайызға жаңартылды, ескі жабдықтар толықтай бөлшектеліп, газ және жаңа энергетикалық қуаттар тартылды. Зауыт 200 мың тонна қант қызылшасын қабылдауға дайын. Пусконаладка жұмыстары қазан айына жоспарланған.
Екі кәсіпорынның 450 мың тонна қызылшаны өңдеуі нәтижесінде шамамен 44 мың тонна отандық қант өндіру көзделіп отыр. Бұл Қазақстанның импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Жалпы, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының аграршылары 3,4-3,6 млн тоннадан астам түрлі ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді жоспарлап отыр.
Шикізатты ғана өткізуден жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруге көшу өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа даму бағытын айқындауда.