Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тазалық – тән мен жанның айнасы

Жібек жолы ауданында қағида талаптары қатаң сақталуда

0 61

Қарлығаш АРАЛБЕКОВА,
Жібек жолы ауданының әкімі

Тазалық көзге көрінетін қарапайым ұғым болғанымен, оның ар жағында үлкен мәдениет, қоғамдық жауапкершілік және азаматтық тәртіп жатыр. Көшенің таза болуы, арықтың бітелмеуі, ауланың жинақы тұруы, қоқыстың белгіленген жерге шығарылуы, балалар алаңының бүлінбеуі – мұның бәрі күнделікті тіршіліктің қарапайым көріністері секілді. Алайда дәл осы қарапайым әрекеттер елді мекеннің келбетін қалыптастырып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.

Бүгінде Тараз қаласының Жібек жолы ауданында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге деген көзқарас жаңа мазмұнға ие болып отыр. Бұған 2026 жылғы 1 шілдеден бастап республика көлемінде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың бірыңғай Үлгілік қағидаларының қолданысқа енгізілуі де айрықша серпін берді. Осыған орай ауданда жаңа абаттандыру қағидаларын іске асыру, санитариялық тазалықты қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жүйелі жұмыс- тар қарқын алды.
Жаңа талаптар Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің 24-бабы 62 тармақшасына сәйкес әзірленіп, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітілді. Оның басты мақсаты – елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі мәдениетті өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Бұл тек коммуналдық қызметтердің немесе жергілікті атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Жаңа қағидалардың негізгі өзегі де осында. Тазалық пен абаттандыруға жауапкершілік қоғамның барлық мүшесіне ортақ міндет ретінде қарастырылады.
Осы талаптарды іске асыру мақсатында Тараз қаласының Жібек жолы ауданында санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, аумақтарды абаттандыру және жаңа қағидалардың сақталуын бақылау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданның аумақтық округтерінде тұрақты аралау және мониторинг ұйымдастырылып, жеке тұрғын үй секторлары, кәсіпкерлік нысандар, құрылыс алаңдары, заңсыз қоқыс орындары, автотұрақтар, сауда орындары, балалар және спорт алаңдары, саябақтар мен скверлер, көппәтерлі тұрғын үйлердің іргелес аумақтары тексерілуде. Анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындар мен меншік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдануда.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Жібек жолы ауданының аумақтық округтерінде санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, күл-қоқысты шығару, аумақтарды күтіп ұстау және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Жалпы, ауданға қарасты 5 округ бойынша күнделікті рейдтік шаралар, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мәселен, атқарылған жұмыстың нәтижесінде №1 аумақтық округі бойынша 260 тонна күл-қоқыс шығарылып, 63 әкімшілік хаттама толтырылды, оның ішінде 2 әкімшілік айыппұл салынды. Ал №2 аумақтық округі бойынша 283 тонна күл-қоқыс шығарылып, учаскелік полиция инс- пекторымен 48 әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 6 әкімшілік айыппұл салынды. №3 аумақтық округі бойынша 160 тонна күл-қоқыс шығарылып, Демьян Бедный көшесінің бойындағы 200 метр арық жүйесі тазаланды. Тұрғындар арасында санитариялық тазалық пен абаттандыру талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 51 ескерту берілді және 4 әкімшілік айыппұл салынды. №4 аумақтық округі бойынша 230 тонна күл-қоқыс шығарылып, 67 әкімшілік хаттама толтырылды, оның ішінде 2 әкімшілік айыппұл салынса, №5 аумақтық округі бойынша 416 тонна күл-қоқыс шығарылып, 63 000 шаршы метр аумақ қамтылды. Барлығы 245 әкімшілік хаттама толтырылып, оның ішінде 209 ескерту беріліп, 36 әкімшілік айыппұл салынды. Осылайша 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Жібек жолы ауданы бойынша барлығы 1 349 тонна күл-қоқыс шығарылып, санитариялық тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуына қатысты 478 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 260 ескерту беріліп, 50 әкімшілік айыппұл салынды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 408 000 теңгені құрады.
Аудан аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері Жібек жолы ауданының аумағынан 4 394 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Космомониторинг нәтижесінде анықталған 13 стихиялық қоқыс орны толық жойылып, 500 тоннадан астам қалдық арнайы полигонға шығарылды. Сонымен қатар Жамбыл облыстық экология департаменті және табиғатты қорғау полициясының бөлімшесімен бірлесіп ірі көлемде «Таза Қазақстан» акциясы өткізілді. Іс-шара барысында 228 тонна қоқыс шығарылып, тазалық жұмыстарына «Жасыл ел-Тараз» мекемесімен қатар жергілікті кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Кәсіпкерлер тарапынан 5 арнайы жүк тиегіш және жүк көтергіш көлік бөлініп, тазалық жұмыстарын жүргізуге жұмылдырылды.
Жаңа абаттандыру қағидаларын тұрғындарға кеңінен түсіндіру мақсатымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Әлеуметтік желілерде атқарылған жұмыстар туралы, сенбіліктерге қатысуға шақыру, санитариялық тазалықты сақтау, заңнама талаптарын орындау және жаңа абаттандыру қағидаларының талаптарын түсіндіру бойынша 40-қа жуық ақпараттық жарияланым орналастырылды. Алдағы уақытта да әлеуметтік желілерде түсіндіру материалдарын тұрақты жариялау, тұрғындармен кездесулер мен көшпелі түсіндіру жұмыстарын өткізу, халықтың ұсыныстары мен өтініштерін қарау және кері байланыс орнату жалғасын табады.
Жаңа Үлгілік қағидаларға сәйкес, әрбір жеке және заңды тұлға өзіне тиесілі ғимаратқа немесе басқа да объектіге іргелес аумақтың тазалығы мен тиісті жағдайда күтіп ұсталуына жауапты. Бұл ретте объектіге іргелес аумақтың периметрі бойынша 5 метрге дейінгі аумақты күтіп ұстау талаптары белгіленген. Яғни, меншік иесінің міндеті өзінің есігіне дейінгі аумақпен ғана шектелмейді. Ғимараттың, нысанның айналасындағы тазалыққа, жинақылыққа, санитариялық жағдайға да назар аудару қажет.
Жазғы кезеңде шөп шабу, ауланы және оған іргелес аумақты тазалау, қыс мезгілінде қар мен мұзды уақытылы аршу, санитариялық талаптарды сақтау – күнделікті орындалуға тиіс қарапайым, бірақ маңызды міндеттер. Мұның бәрі бір қарағанда талаптың көптігі секілді көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің мәніне үңілсек, мұнда тұрғынның құқығын шектеуден гөрі ортақ кеңістікті ортақ жауапкершілікпен сақтау қағидаты басым.
Өйткені бір үйдің алды таза болып, көрші үйдің маңында қоқыс жатса, бір көшеде арық уақытылы тазаланып, келесі көшеде су жүрмей бітеліп тұрса, мұндай аумақты толық абаттандырылған деп айту қиын. Сондықтан жаңа қағидалардың түпкі мәні – әркім өз аумағына ғана емес, өзі өмір сүретін ортасына жауапкершілікпен қарау.
Жібек жолы ауданында түсіндіру жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – жеке тұрғын үй секторындағы санитариялық тазалықты қамтамасыз ету. Жеке тұрғын үй иелеріне үйдің қасбетін, қоршауын, қақпасын, үй нөмірін, ауласын және оған іргелес аумақты санитариялық әрі эстетикалық талаптарға сәйкес ұстау қажеттілігі түсіндірілуде.
Қаланың көркі, ең алдымен, көшеден басталады. Үйдің әдемі болуы тек жаңа қақпа немесе жаңартылған қоршаумен өлшенбейді. Үй алдындағы тазалық, көше бойындағы арықтың жағдайы, жаяу жүргінші жолының ашық болуы, көгалдың күтімі – осының бәрі тұрғынның өз ауласына деген мәдени қарым-қатынасын көрсетеді.
Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы аумағында құрылыс және өзге де материал- дарды жер учаскесінен тыс, жалпы пайдаланудағы аумақтарға жинап қоюға жол берілмейді. Кей жағдайда көшенің бойында үй тұрғызуға немесе жөндеу жүргізуге қажетті құм, қиыршық тас, кірпіш, отын, тыңайтқыш немесе басқа да материалдар үй иесінің учаскесінен асып, тротуарға, арыққа не жол жиегіне дейін жайылып жататынын көруге болады. Мұндай әрекет тек көшенің көркін бұзып қоймайды. Жаяу жүргіншіге кедергі келтіреді, арық жүйесінің жұмысын қиындатады, көлік қозғалысына қауіп төндіреді.
Сондықтан құрылыс материалдары өз жер учаскесінің шегінде немесе арнайы белгіленген орындарда сақталуға тиіс. Бұл талаптың тағы бір маңызды қыры – қауіпсіздік. Құрылыс материалдары ретсіз шашылып жатса, балалардың ойнауына, тұрғындардың жүріп-тұруына қауіп төнуі мүмкін. Ал жауын-шашын кезінде мұндай материалдар арықтарға түсіп, су өткізу жүйесін бітеп қалуы ықтимал.
Абаттандыру мәселесінде ең өзекті тақырыптардың бірі – тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын дұрыс шығару. Жаңа талаптарға сәйкес, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген контейнерлерге немесе қалдықтарды жинау орындарына шығару міндеттеледі. Қоқысты көшеге, бос жатқан жерлерге, арықтарға, жасыл желектерге және басқа да рұқсат етілмеген орындарға төгуге болмайды. Қоғамдық орындарда қоқыс өртеуге де жол берілмейді.
Бұл талаптардың мақсаты – айыппұл салу емес, ең алдымен заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу. Өкінішке қарай, кейде тазаланған аумақтың араға аз уақыт салып қайтадан қоқыс алаңына айналып кететін жағдайлар кездеседі. Бір жерде жиналған қоқысты шығарып тастау – мәселенің бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – сол орынға қайта қоқыс тастау әдетін тоқтату.
Тазалықты қамтамасыз етуде түсіндіру жұмыстары мен әкімшілік шаралар қатар жүреді. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде аудан әкімдігінің бас инспекторлары уәкілетті органдармен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, абаттандыру қағидаларын бұзу, заңсыз қоқыс төгу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында тұрақты рейдтік жұмыс- тар жүргізуде.
Нәтижесінде 2026 жылғы 1-27 шілде аралығында 199 тұрғынға ескерту беріліп, 18 тұрғынға 323 592 теңге көлемінде айып- пұл салынған. Әкімшілік шаралар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2, 408 және 505-баптары бойынша қабылданған. Жалпы, аудан бойынша әкімшілік хаттамалар мен қабылданған шаралардың жиынтық есептік саны 1 805 хаттаманы құрап, оның ішінде 233 әкімшілік айыппұл салынды. Аталған жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарды жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, санитария- лық мәдениетті қалыптастыру және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Балалар ойын және спорт алаңдарының, жасыл желектердің және қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі де тұрақты бақылауда. Аудан аумағында жаңадан салынып жатқан 8 балалар ойын алаңшасына тұрғындарды ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақыратын ескерту тақтайшалары орнатылды. Балалар ойын алаңдарының тазалығы күнделікті бақылауға алынып, санитариялық-тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатымен учаскелік полиция инс- пекторларымен бірлескен рейдтік іс-шаралар ұйым- дастырылуда. Сонымен қатар ойын және спорт алаңдарының техникалық жағдайын тексеру, жарамсыз немесе қауіпті жабдықтарды уақытылы жөндеу немесе ауыстыру, алаңдар айналасын қоқыстан тазалау, жасыл желектерді суару, қырқу және санитариялық кесу, қоғамдық кеңістіктердегі орындықтар, жарықтандыру шамдары, қоқыс жәшіктері мен өзге де шағын сәулеттік нысандардың жарамдылығын бақылау бойынша жұмыс- тар жүргізілуде.
Жаңа қағидаларды тиімді іске асыру мақсатымен алдағы кезеңде мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлік субъектілеріне, ПИК-терге және өзге де басқарушы компанияларға тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тұрғындар арасында бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және жиналыстар арқылы ақпараттық нау- қан ұйымдастыру, объектілерге іргелес аумақтарды тұрақты мониторингілеу, заңсыз қоқыс орындарын, заңсыз автотұрақтар мен сауда орындарын анықтау және олардың қайта пайда болуына жол бермеу бойынша рейдтер өткізу, балалар және спорт алаңдарын, қоғамдық кеңістіктерді, аялдамаларды, саябақтар мен скверлерді техникалық тексеру және оларды кезең-кезеңімен жаңғырту, қысқы кезеңге алдын ала дайындық жүргізу, үй жануарларын серуендетуге арналған арнайы орындарды белгілеу және құрылыс нысандарының аумақтарды күтіп ұстауына бақылауды күшейту жоспарлануда.
Қысқы кезеңге дайындық мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қар шығару, көктайғаққа қарсы материалдардың қажетті қорын қалыптастыру, жаяу жүргіншілер жолдарын қар мен мұздан уақытылы тазарту, ғимараттардың шатырларындағы мұз бен қарды жою және жауапты ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету бағытында алдын ала жоспарлау жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатымен аудан әкімдігі мен тиісті жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту – маңызды міндеттердің бірі. Абаттандыру және санитариялық тазалық мәселелері бойынша тұрғындардан келіп түсетін өтініштерді жедел қарау, бірлес- кен рейдтер өткізу, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою және орындалған жұмыстарды талдау тәртібі жолға қойылуда. Аудан әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты бөлімдер, ішкі саясат, кәсіпкерлік, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, құрылыс, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салалары, полиция органдары, инженерлік желілерге жауапты ұйымдар және мердігер мекемелер арасында өзара іс-қимыл тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзған жеке және заңды тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабында абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ескерту жасау немесе әкімшілік айыппұл салу көзделген. Сондықтан тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілеріне белгіленген талаптарды алдын ала сақтап, құқық бұзушылықтарға жол бермеу маңызды.
Тараз қаласының аумағында жаңа Үлгілік қағидаларды іске асыру жоспарының жобасы әзірленіп, келісу рәсімінен өтуде. Жібек жолы ауданында осы бағыттағы жұмыстар жаңа талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, санитариялық тазалау, абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау және тұрғындарға ақпарат беру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.
Жаңа абаттандыру қағидаларының басты ерекшелігі – тазалық пен тәртіпті тек коммуналдық қызметтердің міндеті ретінде қарастырмай, оны қоғамның барлық мүшесіне ортақ жауапкершілік ретінде белгілеуінде. Мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер, құрылыс ұйымдары, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарушы субъектілер және жеке тұрғын үй иелері өздеріне тиесілі аумақтың тазалығы мен тәртібіне жауапты болуға тиіс.
Осыған байланысты Жібек жолы ауданының әкімдігі тұрғындарды жаңа абаттандыру талаптарын сақтауға, құрылыс және өзге де материалдарды өз жер учаскелерінің шегінде орналастыруға, күл-қоқысты белгіленген орындарға шығаруға, қоғамдық аумақтарды ластамауға, жасыл желектер мен абаттандыру элементтеріне ұқыпты қарауға, балалар және спорт алаңдарының мүлкін бүлдірмеу- ге шақырады. Тазалық – бір күндік акция емес, күнделікті мәдениет. Ал абаттандыру – тек аумақты көркейту ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарты.
Жібек жолы ауданында санитариялық тазалықты сақтау, жаңа абаттандыру қағидаларын түсіндіру, тұрғындармен кері байланыс орнату, аралау және мониторинг жүргізу, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату, заңсыз қоқыс орындарын жою және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғаса береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.