Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Самокат мініп, сан соқпаңыз!

0 65

Соңғы жылдары қалалардағы қозғалыс мәдениетіне жаңа көлік түрлері еніп, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұру тәсілі де өзгеріп келеді. Соның бірі – электросамокат. Шағын, жеңіл әрі жылдам бұл көлік түрі қысқа қашықтыққа қатынау үшін қолайлы болғандықтан, әсіресе жастар арасында кеңінен танымал. Тараз қаласында да электросамокат пайдаланатын тұрғындардың қатары көбейіп келеді.

Алайда оны пайдалану жиілеген сайын қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау мәселесі де өзекті бола түсуде. Осыған байланысты биыл 25 тамызынан бастап жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа талаптар күшіне енеді. Аталған өзгерістерге байланысты электро- самокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Веложол немесе веложолақ болған жағдайда тек солармен жүру қажет. Олар болмаған кезде жол қозғалысы қағидаларына сәйкес жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Сонымен бірге жолдың жүру бөлігінде 18 жастан асқан, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш шлемін пайдаланатын адамдарға ғана жүруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ мопедтер тек жолдың жүру бөлігімен қозғалуы тиіс. Жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед жүргізушілері көліктен түсіп, оны жанында жетектеп өтуге міндетті. Ал мас күйінде самокат басқару, қарсы бағытта жүру және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшін Қазақстан Респуб- ликасының заңнамасында көзделген тәртіппен жауапқа тартылады.
Тараз қаласы полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері скутер жүргізушілері тарапынан орын алған түрлі құқық бұзушылықтарға байланысты 270 скутер арнайы айып тұрағына жеткізілген. Оның ішінде 89 скутер құжаттарының болмауына байланысты айып тұрағына қойылған. Сондай-ақ аталған скутерлердің 8-ін мас күйінде жүргізген азаматтар анықталған. Оларға қатысты материалдар сотқа жолданып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал басқаруындағы скутерлер арнайы айып тұрағына орналастырылды. Сонымен бірге электро- велосипедтерге қатысты да тиісті шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері 85 электровелосипед түрлі құқық бұзушылықтарға байланысты арнайы айып тұрағына жеткізілген. Оның ішінде 3 электровелосипедті мас күйінде басқарған жүргізушілер анықталған.
Ал самокаттарға қатысты 7 жағдай тіркеліп, олар да арнайы айып тұрағына қойылған. Аталған самокаттардың барлығы құжатсыз басқарылғаны анықталған. Жалпы, жол қозғалысы ережелерін сақтамаған, көлік құралдарын тиісті құжаттарсыз немесе мас күйінде басқарған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданған.
Заң мен тәртіп қағидатын сақтау – әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігінен басталады. Әсіресе жол қозғалысы кезінде белгіленген ережелерге бағыну, жол белгілерін сақтау, жаяу жүргіншілерге жол беру және көлік құралдарын қауіпсіз басқару – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты шарттарының бірі.
– Заң талаптарын сақтау бағытында біздің батальон қызметкерлері күнделікті профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеді. Оның ішінде заң талаптарына сәйкес, заңға енгізілген жаңа өзгерістерге байланысты электрлі көлік құралдарын, атап айтқанда, скутерлерді, самокаттарды, электросамокаттарды пайдаланушылармен, сондай-ақ оларды сататын және жалға беретін азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда электровелосипедтерге де ерекше назар аударылып отыр. Себебі жол-көлік оқиғаларының арасында осындай көлік құралдарын пайдаланушылардың қатысуымен болатын жағдайлар аз емес. Әсіресе жастар, жасөспірімдер мен балалардың электрлі көлік құралдарын пайдалануына байланысты қауіпсіздік мәселесі өзекті.
Кейбір азаматтардың көлік құралдарына қатысты құжаттары талапқа сай болмай жатады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заң талаптарын түсіндіріп, құжаттардың дұрыс- тығын тексеру жұмыстарын жүргізуде. Негізінен, заң талаптарын сақтап, өз қызметін белгіленген тәртіпке сәйкестендіріп отырған жалға беру сервистері де бар. Мәселен, «Yandex», «Globus» секілді қызмет көрсетушілер өздеріне тиесілі самокаттарды тиісті тәртіппен тіркеп, заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуге көңіл бөліп отыр. Себебі олар бұл бағытта тұрақты түрде қызмет көрсететіндіктен, көлік құралдарының тіркелуі мен құжаттарының талапқа сай болуы маңызды.
Ал жеке азаматтар тарапынан сатып алынып, күнделікті пайдаланылатын электрлі көлік құралдарына қатысты да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Полиция қызметкерлері ұсталған немесе тексерілген көлік құралдарының түріне, жағдайына және анықталған құқық бұзушылықтың сипатына қарай тиісті шаралар қабылдайды. Мұндағы басты мақсат – азаматтарды жазалау емес, ең алдымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң талаптарын түсіндіру және электрлі көлік құралдарын пайдаланушылардың қауіпсіздігін сақтау, – дейді Тараз қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Бүгінде Тараз қаласында велосипед инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Айталық, Төле би даңғылының Орталық алаңнан Желтоқсан көшесіне дейінгі аралығында веложол салынуда. Сонымен қатар бұл аумақта тротуарлар қайта жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Осылайша қаланың негізгі магистральдарының бірі жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін қолайлы бола түспек. Екінші кезең Тәуке хан көшесінің әуежайдан Айша бибі көшесіне дейінгі бөлігін қамтиды. Мұнда веложолдан бөлек, ұзындығы шамамен 3,5 шақырым болатын желілік саябақ бой көтереді. Алдағы жылдары Төле би даңғылы мен Тәуке хан көшесіндегі велобағыттарды өзара байланыстыру көзделген.
Енді жаңа талаптарға сәйкес, Таразда салынып жатқан веложолдар электрсамокат пайдаланушылары үшін де маңызды. Өйткені 2026 жылғы 25 тамыздан бастап веложол немесе веложолақ болған жағдайда электрсамокат жүргізушілері сол жолмен жүруге міндетті. Сондықтан Төле би даңғылы мен Тәуке хан көшесінде салынып жатқан веложолдар пайдалануға берілгеннен кейін, тиісті жол белгілері мен қозғалыс тәртібіне сәйкес электрсамокат пайдаланушыларына да ортақ инфрақұрылым болмақ.
Соңғы уақытта электросамокатты жеке сатып алумен қатар, арнайы сервистер арқылы жалға алу да кең тарады. Кикшеринг қызметтерінің пайда болуы қала тұрғындарына қысқа қашықтыққа жылдам жетуге мүмкіндік береді. Бірақ самокатты жалға алған адам да барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті. «Жалға алдым, демек жауапкершілік менде емес» деген түсінік дұрыс емес. Қозғалыс кезінде ережені бұзған жағдайда жауапкершілік оны басқарған адамның өзіне жүктеледі.
Ал заңдағы тағы бір өзгеріс, бұдан былай электросамокаттарды жалға беретін компаниялар техниканың толық есебін жүргізуге міндетті болады. Оған құрылғының маркасы, моделі және шығарылған жылы, сериялық нөмірі, пайдалануға енгізу және шығару күні, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету, жөндеу және берілген тіркеу нөмірі туралы мәліметтер кіруі тиіс.
Нөмірлік белгілер корпустың артқы бөлігінде дөңгелектің үстінде, сондай-ақ рөл тірегінің сол және оң жағына қатарлы бірнеше жерге орналастырылуы қажет. Әрі, тіркеу белгісінде латын әріптері қолданылуы тиіс. Ал цифрлардың саны бестен аспауы керек. Мұндай нөмірлерді өзгертуге немесе оларды басқа самокаттарға қайта беруге тыйым салынады. Сонымен қатар басқа оператордың нөмірін пайдалануға болмайды. Егер самокат пайдаланудан шығарылса, оған бекітілген нөмір оператордың базасында қалады және басқа техникаға берілмейді. Белгі зақымдалған немесе жоғалған жағдайда оны дәл сондайымен ауыс- тыруға рұқсат етіледі.
Тараз қаласында электросамокаттарды пайдаланудың қауіпсіз әрі мәдениетті тәртібін қалыптастыру үшін тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Қай жерде жүруге болады, қай жерде жүруге болмайды, қандай жағдайда жүргізуші куәлігі қажет, қандай қауіпсіздік құралдарын пайдалану керек деген сұрақтарға әр азамат нақты жауап білуі тиіс. Самокаттарға қатысты заң талаптарын білудің ең сенімді жолы – ресми ақпарат көздеріне жүгіну. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінен көруге болады. Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі мен жергілікті полиция басқармасының ресми ақпараттарын бақылаған жөн.
Қорыта айтқанда, самокат – еркін қозғалыстың ыңғайлы құралы болғанымен, ол ережеден тыс еркіндік деген сөз емес. Жол қозғалысы мәдениеті әр адамның өзінен басталады. Заң талаптарын білу, белгіленген жолмен жүру, қауіпсіздік құралдарын пайдалану және айналадағы адамдарға құрметпен қарау – қарапайым көрінгенімен, адам өмірін сақтауға тікелей әсер ететін маңызды талаптар. Тараздың қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналуы да осындай қарапайым қағидалардың күнделікті өмірде орындалуына байланысты.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.