Құрметті қала тұрғындары!
Еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – әр азаматқа ортақ міндет. Отан қорғау – халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл құндылықтарының бірі. Осы жауапкершілікті сезіну, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық борышты өтеу – әрбір ер азамат үшін үлкен мәртебе. Бүгінде елімізде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Күзгі әскерге шақыру науқанының басталуына байланысты біздің қалада да тиісті жұмыстар қолға алынды. Әскерге шақыру – тек жастарды әскери бөлімдерге жіберу ғана емес, сонымен қатар жас азаматтардың Отан алдындағы міндетін орындауына, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіруіне мүмкіндік беретін маңызды кезең. Әскери қызметке шақырылатын әрбір азамат белгіленген тәртіппен медициналық тексеруден өтіп, оның денсаулық жағдайы, әскери қызметке жарамдылығы және басқа да қажетті көрсеткіштері анықталады. Шақыру комиссиялары заңнама талаптарына сәйкес жұмыс жүргізеді. Сондықтан жастарды әскерге шақыру мәселесінде ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуге айрықша мән беріледі. Қала әкімдігі тарапынан да күзгі шақыру науқанына ерекше назар аударылып отыр. Қорғаныс істері жөніндегі тиісті органдармен, медициналық ұйымдармен және басқа да жауапты құрылымдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – әскерге шақыру үдерісінің сапалы әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскери қызметтен босату – мемлекеттік көрсетілетін қызметі туралы түсінік
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтарға «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері ұсынылады.
Аталған мемлекеттік қызметтер «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 5 қарашадағы №605 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметті алу үшін азамат «электрондық үкімет» веб-порталы (eGov.kz) арқылы электрондық түрде өтініш береді. Өтінішке заңнамада көзделген жағдайда қызмет көрсетуге негіз болатын растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері қоса тіркеледі.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі, қызмет көрсету мерзімі – 6 жұмыс күні. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру туралы шешім азаматтың заңда белгіленген негіздері болған жағдайда шақыру комиссиясының шешімімен қабылданады.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға, атап айтқанда, отбасылық жағдайына, оқуына, денсаулық жағдайына және заңда көзделген басқа да негіздерге байланысты азаматтар құжат тапсыра алады.
Әскери қызметке шақырудан босатуға мынадай азаматтар өтініш бере алады:
• денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
• әскери қызмет өткеру кезінде жақын туысы қаза тапқан немесе бірінші не екінші топтағы мүгедек болып қалған азаматтар;
• ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
• тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері және заңда көрсетілген өзге де санаттар.
Тараз қаласы
әкімінің кеңесшісі
Медет НҰРДІЛЛАҰЛЫ