Адам саудасы – қазіргі заманның ең қауіпті әрі жасырын қылмыстарының бірі. Ол жеке адамның құқықтары мен бостандықтарына ғана емес, қоғамның қауіпсіздігі мен мемлекет тұрақтылығына да елеулі қатер төндіреді. Бұл қылмыс- тың басты ерекшелігі – оның сырт көзге бірден байқала бермейтіндігінде. Жоғары жалақы ұсынатын жұмыс, шетелде жақсы өмір сүру мүмкіндігі немесе оңай табыс туралы жалған уәделердің артында кейде адам тағдырын ойыншыққа айналдыратын қылмыстық әрекеттер жасырынып жатады.
Әлемдік қауымдастық адам саудасына қарсы күресті осыдан ғасыр бұрын бастаған. Бұл мақсатпен 1926 жылы Женевада «Құлдық туралы конвенция» қабылданды. Еліміз аталған құжатты 2008 жылы ратификациялады. Ал «Адам сау- дасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңына 2024 жылдың 5 шілдесінде қол қойылды.
Адам саудасының құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Жасына, мамандығына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, алаяқтардың арбауына түсіп қалу қаупі бар. Әсіресе, жұмыс іздеп жүрген азаматтар, жастар, қаржылық қиындыққа тап болған адамдар немесе шетелде еңбек етуді жоспарлаған тұрғындар қауіп тобына жатады. Қылмыскерлер олардың сеніміне кіріп, түрлі ұсыныстар арқылы өздерінің заңсыз әрекеттеріне тартады.
Көп жағдайда адам саудасы жалған еңбекке орналастырудан басталады. Азаматқа жоғары жалақы, тегін жолақы, баспана немесе жеңіл жұмыс ұсынылады. Кейін оның жеке құжаттары алынып, еркін жүріп-тұруына шектеу қойылады немесе еңбегі үшін уәде етілген ақы төленбейді. Кейбір жағдайларда адамдар психологиялық қысымға ұшырап, қорқыту немесе күш қолдану арқылы мәжбүрлі еңбекке тартылуы мүмкін.
Бұл – адам құқықтарын өрескел бұзатын ауыр қылмыс. Осындай қауіптің алдын алу үшін азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Бұл ретте Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әуелі аймақтағы жағдайға тоқталар болсақ, осы жылдың алғашқы жартысында облыс аумағында республикалық «STOP-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасының бір кезеңі өткізілген. Оның барысында 6 құқықбұзушылық тіркеліпті. Оның 2-еуі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi 394-бабының 2-бөлігі, сондай-ақ 2 дерек Қазақстан Респуб- ликасының Қылмыстық кодексi 309-бабының 1,2 -бөліктері және 2 дерек Қазақстан Респуб- ликасының Қылмыстық кодексiнің 311-бабы бойынша жасалған.
Мұндай заңбұзушылақтарға жол бермеу мақсатымен тәртіп сақшылары өңірдің сауықтыру кешендерінде (сауналар, моншалар) жыныстық қанауға ұшыраған адамдарды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізген. Нәтижесінде түрлі санаттар бойынша барлығы 16 адам жаңадан есепке алыныпты.
Бұдан бөлек, бекітілген кестеге сәйкес, Полиция департаменті, облыстық прокуратура, еңбек инспекциясы және «Жандану» қоғамдық бірлестігі өкілдерінен құрылған мобильдік топ мүшелерімен еңбекті қанау деректерін анықтау мақсатымен облыстың шаруа қожалықтары мен фермерлік алқаптарын аралап, рейдтік іс-шаралар жүргізген. Осылайша өңірдегі 30 шаруа қожалығы тексеріліп, жеке кәсіпкерлер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және акционерлік қоғам басшыларының қатысуымен 22 жұмыс кездесуі өткізіліпті.
Полиция қызметкерлерінің мәліметтеріне сүйенсек, өкінішке қарай, облысымызда кәмелетке толмағандарды сату деректері тіркелген екен. Мысалы, өткен жылдары Тараз қаласында аурухананың екі акушері жаңадан туған нәрес- тені сату дерегі анықталған. Шақалақты тірі тауарға айналдырған ақ халаттылар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi 135-бабының 2-бөлігі бойынша сот үкімімен екеуі де сегіз жылға бас бостандығынан айырылыпты.
Адам тағдырын жеке пайдасы үшін бәске қою – адамгершілікке жат құбылыс. Мұндай азғындыққа мүлдем жол беруге болмайды. Бұл мақсатта тәртіп сақшылары адам ағзаларын сату, жаңа туған балалардың саудасы, сондай-ақ интимдік қызмет көрсету деректерін анықтау бойынша әлеуметтік желілер, мессенд- жерлер және түрлі сайттарға мониторинг жүргізуді жолға қойған. Осылайша аталған бағытта әрекет етіп келген 3 474 сайт бұғатталған.
Адам саудасына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндетімен шектелмейді. Бұл – мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірлесе әрекет етуді талап ететін ортақ іс. Айналасында болып жатқан жағдайларға бейжай қарамайтын, заң талаптарын құрметтейтін және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайтын қоғам ғана мұндай ауыр қылмыстың алдын алуға қабілетті.
Адам өмірі мен бостандығы – ешқандай материалдық құндылықпен өлшенбейтін асыл қазына. Сондықтан адам саудасына қарсы күрес – ең алдымен, адам тағдырын қорғау жолындағы күрес. Әрбір азамат сақтық танытып, күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарап, заң талаптарын басшылыққа алған жағдайда ғана қоғамды бұл қауіпті қылмыстан қорғауға болады.