Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Мәдениет – қоғамның рухани келбетін айқындайтын, адамды адамгершілікке, отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік фактор. Қай кезеңде де мәдениеттің өркендеуі қоғамның ілгерілеуімен тікелей сабақтасып келеді. Өйткені мәдениеті биік елдің рухани тұғыры берік, тарихи жады қалыптасқан, болашаққа деген сенімі нық болады.
Ал жеке адамның мәдениеті мен қоғамның мәдени сұранысы бір-бірімен тығыз байланысты. Осыны ескере отырып, елімізде саланы дамытуға, ұлттық өнерді дәріптеуге, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға айрықша мән беріліп келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Тараз қаласында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өзіне қарас- ты мекемелердің жұмысын ұйымдастырып, олардың қызметін үйлестіреді. Бөлімнің негізгі жұмысы мәдениетпен қатар тілдерді дамыту бағыттарын қамтып, шаһар тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыруға, ұлттық өнер мен әдебиетті кеңінен насихаттауға және соған лайық орта қалыптас- тыруға бағытталған.
Бүгінде аталмыш бөлімге қарасты 25 мәдени ошақ халыққа қызмет көрсетеді. Оның 8-і мәдениет үйі болса, 17-сі – кітапхана. Бұл мәдени мекемелердің барлығы қала тұрғындарының рухани қажеттілігін өтеуге, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасауға және мәдени-көпшілік шаралардың қолжетімділігін арттыруға қызмет етуде.
Мәдениет мекемелерінің жұмысы нақты көрсеткіштерден де аңғарылады. Айталық, биылғы қаңтар-шілде айларында шаһар тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатымен 1 482 мәдени-көпшілік іс-шара өткізілген. Оның 229-ы мәдениет үйлерінде ұйымдастырылса, қалған 1 253-і кітапханалардың үлесіне тиесілі. Жалпы өткізілген мәдени шараларға 142 638 көрермен қамтылды. Соның ішінде мәдениет үйлеріндегі шараларды 103 790 адам тамашаласа, кітапханалар өткізген шараларға 38 848 адам қатысқан. Бұл деректер Тараздағы мәдени мекемелердің тек белгілі бір мерекелер кезінде ғана емес, жыл бойы тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізіп отырғанын аңғартады.
Облыс орталығындағы негізгі мәдениет орталықтардың бірі – Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі. Оның және құрамына қосылған 7 алапта жұмыс істейтін клуб құрылымдарының саны бүгінде 37-ге жетті. Бұл шығармашылық ұжымдар мен үйірмелерге 1 344 адам қатысады. Олардың арасында кәсіби және шығармашылық деңгейі жоғары, «Халықтық», «Үлгілі» атақтарына ие болған 16 ұжым бар. Бұл ұжымдарға 1 022 адам қатысады. Сонымен қатар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған 26 үйірме жұмыс істеп, оған 1 197 бала тартылған. Яғни, мәдениет үйлері өнерге қызығушылық танытқан тұрғындар үшін ғана емес, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашатын маңызды ортаға айналып отыр.
Жылдың алғашқы 7 айында қалалық мәдениет үйі мемлекеттік мерекелер мен айтулы күндерге арналған дәстүрлі шаралармен қатар, мазмұны мен бағыты әртүрлі көптеген мәдени жобаларды жүзеге асырды. Мәселен, қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай «Мұқағали – мәңгілік өмір» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Ал композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты қалалық ән байқауы өнер сүйер қауымның оң бағасын алды. Сондай-ақ әйелдер қауымына арналған «Әйелмен әлем әдемі», «Арулар – әлем шуағы», ер азаматтардың ұлттық болмысын дәріптеуге бағытталған «Ер қаруы – бес қару», дәстүрлі қолөнерді насихаттайтын «Сырмақ сыры» секілді мәдени бағдарламалар да көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар Көрісу күніне арналған қойылым, «Наурыз жаршысы» және басқа да мерекелік бағдарламалар ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге арналды.
Қалалық мәдениет үйі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдауға да ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мақсатпен «Кішкентай ханзада мен ханшайым», «Тараз дауысы» қалалық байқаулары өткізілді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай «Жамбыл жырлары» байқауы ұйымдастырылып, ақынның мол мұрасын жас ұрпаққа кеңінен танытуға мүмкіндік жасалды.
Жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау мақсатымен «Тыңдашы», «Стенд-ап» жобалары қолға алынып, «Жігіт сұлтаны-2026» қалалық байқауы өткізілді. Мұндай жобалар жастардың өз қабілетін танытуына, сахна мәдениетін меңгеруіне, шығармашылық орта қалыптастыруына ықпал етеді. Мәдениет саласының әлеуметтік маңызы зор екені осындай жұмыстардан да байқалады.
Қалалық мәдениет үйінің қызметі мәдени шаралармен ғана шектелмей, қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарын қамтуға бағытталған. Облыстық оңалту орталығында, мүгедектер мен қарттар үйлерінде демалыс концерттері ұйымдастырылып, тұрғындардың рухани қажеттіліктеріне көңіл бөлінді. Бұл мәдениеттің адамға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік байланысты нығайтатын маңызды құрал екенін көрсетеді.
Ұлттық өнерді насихаттау бағытында да бірқатар мазмұнды жобалар жүзеге асырылды. Айталық, Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле домбыра» атты мерекелік концертте қазақтың дәстүрлі музыкасы кеңінен дәріптелді. Сондай-ақ Тұңғыш Президент саябағында «Еңселі Елордам» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Жазғы кезеңде балалардың демалысын мазмұнды өткізуге де ерекше назар аударылды. Мәселен, «Берікқара», «Тау самалы» балалар жазғы сауықтыру лагерлерінде «Менің көңілді демалысым» атты асфальтқа сурет салу байқауы, «Жазғы әуен» атты ән байқауы, «Мен елімнің ертеңімін» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізілді.
Қала тұрғындары мен қонақтарына жазғы демалыс кезінде көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында «Тектұрмас» кешені мен «Көне қамалда» да мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Маричка» халықтық хор тобы «Көңілді жаз» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар қалалық жас өнерпаздардың қатысуымен акустикалық кеш өткізілді.
Қалалық мәдениет үйі жанынан ашылған «Тараз Жастар студиясы» да шығармашылық бағыттағы жұмыстарын жалғастырып келеді. Ағымдағы жылы студия Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің сахнасында шаһар жұртшылығына «Бес бойдаққа бір той» атты комедия жанрындағы қойылымды және Мұхтар Шахановтың «Танакөз» спектаклін ұсынды.
Жалпы, қалалық мәдениет үйі халыққа мәдени қызмет көрсету бағытында нақты жоспар негізінде жұмыс істейді. Жыл бойы айтулы мерейтойлар мен мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шаралар, түрлі байқаулар мен фестивальдар, шығармашылық кездесулер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Әсіресе, жаз мезгілінде балалардың демалысын дұрыс әрі пайдалы арнада өткізуіне жағдай жасауға басымдық берілуде. Балалар лагерлерінде, саябақтарда, «Көне қамал» кешенінде мәдени іс-шаралар, киноқойылымдар мен мульттоптамалар көрсету үнемі жоспарымызда.
Тараздың мәдени өмірінде кітапханалардың да орны ерекше. Қазіргі кітапхана тұрғындардың білімін толықтыратын, пікір алмасатын, әдебиет пен өнерді насихаттайтын, жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи мәдени-ақпараттық орталыққа айналып отыр. Есепті мерзімдегі көрсеткіштер де кітапханаларға деген сұраныстың жоғары екенін айғақтайды.
Биылғы 7 айдың ішінде кітапхана қорына 1 179 дана кітап келіп түскен. Оның 1 156 данасы мемлекеттік тілде жарық көрген. Кітапхана қызметін пайдаланушылардың да саны аз емес. Есепті кезеңде оқырман саны 46 451 адамды құрады. Кітапханаларға келушілердің көрсеткіші 421 063 болса, кітап берілімінің жалпы көлемі 823 565 данаға жеткен.
Бүгінде жүйедегі барлық кітапханалар жаңа технологиялармен қамтамасыз етіліп, интернет желісіне қосылды. Кітапханалық ақпаратты қашықтан пайдалануға мүмкіндік беретін libr.e-taraz.kz веб-сайты да жұмыс істейді. Электронды ресурстарды дамыту бағытында кітапханалық ақпараттық жүйе «RWBIS» жаңа бағдарламасы бойынша электронды каталогқа кітаптар енгізілуде. Жеті айдың ішінде электронды каталог дерекқорына 1 179 дана кітап енгізілді. Оның 1 156 данасы – қазақ тіліндегі әдебиет.
Кітап қорын цифрландыру жұмыстары да жүйе- лі жолға қойылған. Жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын электрондық форматқа көшіру арқылы олардың мұрасын сақтап қалуға және оқырмандарға қолжетімді етуге жағдай жасалуда. Осы бағытта кітап қорындағы 39 жергілікті ақын-жазушының шығармалары келісімшарт негізінде 104 атаумен цифрландырылып, электронды форматқа енгізілді.
Кітапханалық веб-сайтқа түрлі айдарлар енгізіліп, барлық беттердегі материалдар тұрақты түрде жаңартылып отырады. Мұндай цифрлық мүмкіндіктер кітапхана қызметінің мазмұнын кеңейтіп қана қоймай, оқырманға қажетті ақпаратты қашықтан алуға ықпал етеді. Осылайша дәстүрлі кітапхана қыз- меті цифрлық технологиялармен сабақтасып, жаңа форматқа бейімделіп келеді.
Кітапханалардың оқырмандарды тек кітап оқуға шақырып қана қоймай, әдеби-танымдық және тәрбиелік бағыттағы түрлі іс-шараларды да тұрақты ұйымдастырады. Мәселен, №4 кітапханада «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған «Қазақтың дарабозы» атты әдеби аллея өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – жазушының шығармашылығын кеңінен таныту, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және елжандылыққа тәрбиелеу. Аталған кітапханада оқырмандарды кітап оқуға тарту, кітаптың қоғамдағы маңызын түсіндіру және әдебиетті тұрғындарға жақындату мақсатында «Жаз! Көше! Кітапхана!» атты ашық аспан астындағы «Кітаптар сөйлейді» шарасы ұйымдастырылды. Кітапхананың дәстүрлі ғимарат шеңберінен шығып, қоғамдық кеңістікке бет бұруы тұрғындардың назарын кітапқа аударудың тиімді тәсіліне айналып отыр.
Бұған қоса, №7 кітапханада «Кітаппен бірге жаз қызық» атты кітапханалық саяхат өткізілді. Шара барысында оқырмандар кітапханадағы қызықты кітаптармен танысып, түрлі әдеби шығармалар туралы мағлұмат алды. Балаларға кітап оқудың пайдасы түсіндіріліп, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру үшін танымдық сұрақтар мен ойындар ұйымдастырылды.
М.Әуезов атындағы кітапхана да тарихи жады мен ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында мазмұнды шаралар өткізуде. Ата-бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі ету, жас ұрпақты Отанын сүюге, еліне және халқына қызмет етуге тәрбиелеу мақсатында «Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы» атты ақпараттық шолу ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, әнші Әбиірбек Тінәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбек, Жамбыл облысы «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері Исмайл Хаджимурат, зейнеткер ұстаз, Желтоқсан ардагері, «Үздік ұстаз» медалінің иегері Манат Абдрешова қатысты. Кеш қонақтары оқырмандарға Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы, оның Тәуелсіздікке бастар жолдағы орны және халқымыздың еркіндікке деген жігері мен бірлігінің көрінісі ретіндегі мәні жөнінде ой бөлісті.
Кітапханалардағы жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – қызығушылық клубтарының қызметі. Орталықтандырылған кітапхана қызметін көрсету жүйесі (ОККЖ) бойынша бүгінде 14 қызығушылық клубы жұмыс істейді. Олар – «Даналықтың бәрі кітапта», «Шабыт-Вдохновение», «Айгөлек», «Ой-толқын», «Очаг», «Ақ желкен», «Бәйтерек», «Сымбат», «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі», «Дарын», «Асыл қазына», «Junior KZ», «Сырғалым», «Байлық». Бұл клубтар әртүрлі жас және әлеуметтік топтардың қызығушылығын ескеріп, олардың кітапхана айналасына топтасуына, рухани және танымдық сұраныстарын өтеуіне септігін тигізуде.
Қорыта айтқанда, Тараздағы мәдениет саласының бүгінгі даму бағыты – дәстүр мен жаңашылдықты, ұлттық құндылық пен заманауи технологияны, шығармашылық пен әлеуметтік жауапкершілікті тоғыстырған жүйелі жұмыстардың көрінісі. Сондықтан көне шаһардың мәдени кеңістігін одан әрі дамыту, оның тұрғындарға қолжетімділігін арттыру дамудың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретіні сөзсіз.