Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Швейцарияда тұрып жатқандаймыз»

Тұрғын үйлердің қасбеті көпшілікті таңғалдыруда

0 55

Қаланың тұрақты дамуы ең алдымен тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастырумен өлшенеді. Заманауи шаһар тек жаңа ғимараттар мен кең көшелерден ғана тұрмайды. Оның басты көрсеткіші – тұрғын үй қорының сапасы, инженерлік инфрақұрылымның сенімділігі және қаланың сәулеттік келбетінің заман талабына сай жаңаруы. Сондықтан көпқабатты тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңғырту, олардың техникалық жай-күйін жақсарту және сыртқы келбетін біріздендіру бүгінгі таңда Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды басымдықтардың біріне айналып отыр.

Соңғы жылдары көне шаһарда халық санының артуы, тұрғын үйге деген сұраныстың өсуі және қаланың қарқынды кеңеюі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруді талап етуде. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бой көтеруімен қатар, ондаған жылдар бұрын салынған көпқабатты үйлердің техникалық жағдайын жақсарту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Себебі, уақыт өте келе тұрғын үйлердің инженерлік жүйелері тозып, шатырлары мен қасбеттері ескіріп, олардың тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету мүмкіндігі төмендей бастайды.
Қазіргі заманғы урбанистика талаптарына сәйкес тұрғын үй қорын жаңғырту тек ғимараттарды жөндеумен шектелмейді. Бұл – энергия тиімділігін арттыру, инженерлік жүйелердің сенімді жұмысын қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту, аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің эстетикалық келбетін жақсарту, сондай-ақ қаланың сәулеттік тұтастығын қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс. Мұндай жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың инвестиция- лық және туристік тартымдылығын арттыруға да оң әсерін тигізеді.
– Қазіргі таңда қалада 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, оның 1 103-інің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан астам уақыт өткен. Мұндай үйлердің басым бөлігінде инженерлік жүйелер ескіріп, қасбеттері мен шатырларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған.
Осыған байланысты биыл 73 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Күрделі жөндеу барысында тұрғын үйлердің шатырлары, инженерлік желілері, кіреберістері, қасбеттері және басқа да ортақ мүліктері жаңартылып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалады.
Сонымен қатар қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді. Бірыңғай сәулеттік стиль қалыптастыру мақсатында орталық көшелер бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Биыл осы жоба аясында Ы.Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан 9 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды, – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жалпы, бұл бағыттағы ілкімді істер тек биыл ғана басталған жоқ. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар басшысы қызметіне кіріскен сәтте ең әуелі Даму жоспарын әзірлеген болатын. Аталған жоспардағы басты міндеттердің бірі тұрғын үйлерді жаңғырту болғаны белгілі. Нәтижесінде 2024 жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің қасбеті жөнделсе, былтыр Абай даңғылы, Әйтеке би және Қазыбек би көшелеріндегі 15 тұрғын үйдің сыртқы келбеті жаңаша кейіпке енді.
Осындай ауқымды жұмыстарға шаһар тұрғындары да дән риза. Солардың қатарында Ержан Сәрсенбаев та бар.
– Біз көпқабатты үйде тұрып жатқандықтан, тұрғын үйдің жағдайы күнделікті өмірімізге тікелей әсер етеді. Бұрын кейбір үйлердің шатырынан су өтіп, кіреберістерінің қабырғалары ескіріп, инженерлік желілер жиі істен шығатын. Мұндай мәселелер тұрғындарға белгілі бір қолайсыздық туғызатыны анық. Сондықтан бүгінгі күні қалада тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қолға алынғаны біз сияқты тұрғындарды ерекше қуантады.
Тұрғын үйдің күрделі жөндеуден өтуі – тек ғимараттың сыртқы келбетін өзгерту емес. Ең алдымен, бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне жасалған нақты жағдай. Шатырдың жаңаруы, су және жылу жүйелерінің ауыстырылуы, кіреберістердің ретке келтірілуі – мұның барлығы күнделікті тұрмысымыздың сапасын жақсартады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде үйлердің қызмет ету мерзімі ұзарып, олардың техникалық жағдайы да айтарлықтай жақсарады деп сенеміз.
Әсіресе, орталық көшелер бойындағы үйлердің қасбеттерінің жаңартылып жатқаны көңіл қуантады. Қалаға келген қонақтар алдымен көшелер мен тұрғын үйлердің келбетіне назар аударады. Сыртқы көрінісі сәнді әрі бірізді безендірілген үйлер қаланың көркін ашып, тұрғындардың туған қаласына деген мақтаныш сезімін арттырады. Тараз – тарихы терең шаһар. Сондықтан оның заманауи әрі көрікті келбетке ие болуы өте маңызды деп ойлаймын.
Мемлекет тарапынан тұрғын үй қорын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын байқап жүрміз. Бұл жұмыстардың бір реттік науқан емес, жүйелі түрде жалғасқаны қуантады. Бүгін жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлер ертеңгі күні балаларымыз бен немерелеріміз үшін де қауіпсіз әрі жайлы баспана болып қала береді.
Қаладағы мұндай игі бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, Тараздың сәулеттік келбетін жаңғыртып, оның заманауи әрі көркем қала ретінде дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Осындай жұмыс- тар алдағы уақытта да жалғасып, мүмкіндігінше көп тұрғын үй қамтылса деген тілегіміз бар, – деп ағынан жарылды тұрғын.
Тағы бір тараздық Гүлмира Әбдірахманованың да пікірі осыған саяды. Оның үйі өткен жылы жаңғыртудан өткізіліп, жаңаша кейіпке еніпті.
– Біз тұрып жатқан үйге былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін үйіміздің шатыры ескіріп, жаңбырлы күндері төбесінен су ағатын. Кіреберістердің де келбеті көнеріп, инженерлік желілер жиі істен шығатын. Сондықтан жөндеу жұмыстары басталғанда тұрғындардың барлығы үлкен үмітпен күтті.
Қазір оның нәтижесін күн сайын көріп отырмыз. Шатыр толық жаңартылып, кіреберістер жөнделіп, инженерлік жүйелер ретке келтірілді. Үйдің сыртқы қасбеті де жаңарып, бұрынғыдан әлдеқайда сәнді әрі заманауи көрініске ие болды. Ең бастысы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілді. Енді бұрынғыдай жаңбыр жауса алаңдамаймыз, қыс мезгілінде де жылу жүйесінің сенімділігіне сеніміміз артты.
Осындай ілкімді істердің арқасында біздің ғана емес, бүкіл көшенің келбеті өзгерді. Жаңарған тұрғын үйлер қалаға ерекше көрік беріп тұр. Кешкісін аулаға шыққанда өз үйіңнің әдемі әрі таза болғанын көрудің өзі көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл тұрғындардың ортақ мүлікке деген жауапкершілігін де арттырады деп ойлаймын.
Қала басшылығының тұрғын үй қорын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғаны қуантады. Өйт- кені, мұндай жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ондаған жыл бұрын салынған үйлердің қызмет ету мерзімін ұзартады. Бұл бүгінгі тұрғындар үшін де, келешек ұрпақ үшін де маңызды инвестиция екені сөзсіз, – дейді тұрғын.
Тотыдай таранған Тараздың жаңарған келбеті бүгінде тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, шетелдік әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды. Әсіресе, Threads желісінде қаладағы көпқабатты үйлердің жаңғыртылған қасбеттеріне қатысты оң пікірлер жиі жазылуда. Атап айтқанда, шаһардағы ескі кеңестік үлгідегі тұрғын үйлердің заманауи стильде қайта жаңартылуы көпшілікті тамсандырып жатыр. Кейбір қолданушылар Таразды «Еуропалық стильдегі қалаға ұқсайды» деп бағаласа, енді бірі «Қазақстандағы ең әдемі реновациялардың бірі» екенін атап өтуде.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбалардың астында Ресей, Қазақстан және өзге елдердің тұрғындары бұл өзгерістерге қолдау білдіріп, мұндай жаңғырту жұмыстарын өз қалаларында да жүзеге асыру қажеттігін жеткізген. Осылайша, жаңғырған тұрғын үйлер ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Тараз бүгінде өзінің бай тарихын сақтай отырып, заман талабына сай жаңарып келеді. Қаладағы әрбір оң өзгеріс шаһардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оның өңірдегі ғана емес, республика көлеміндегі беделін нығайтуға ықпал етуде. Тұрғын үйлерді жаңғырту – осы өзгерістердің жарқын көрінісі. Ал, мұндай бастамалардың жүйелі түрде жалғасуы тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, Таразды өмір сүруге қолайлы, сәулеті келіскен әрі заманауи шаһарлардың біріне айналдыра түсетіні сөзсіз.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.