Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тарихи кешен қайта түлейді

Ауқымды жоба 2 жылда жүзеге асырылмақ

0 78

Тараздың тарихи орталығына айналған «Көне Тараз» этномәдени кешені алдағы жылдары жаңа кейіпке еніп, көркіне көрік, сәулетіне сән қосады. Бұл жайлы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев аталған аумақты дамытуға арналған жобаларды таныстыру барысында мәлімдеді.

2019 жылы пайдалануға берілген кешеннің құрылысына жалпы 3 миллиард 629 миллион теңге жұмсалған. Енді қаланың тарихи- туристік келбетін одан әрі жақсарту мақсатында кешенді қайта жаңарту жоспарланып отыр. Қаладағы қоғамдық кеңістіктерді заман талабына сай жаңғырту жұмыстары аясында жүзеге асатын жобалар кешеннің тарихи келбетін сақтай отырып, тұрғындар мен туристерге жайлы әрі тартымды қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді.
Жоба аясында «Сағат» стелласының сәулеттік келбеті толық жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолындағы өрнектастар ауыстырылады. Сонымен қатар аумақ көгалдандырылып, жаңа ағаштар отырғызылып, бірнеше сәнді субұрқақ орнатылады. Ғимараттардың қасбеттері заманауи үлгіде әрленіп, кешеннің сәулеттік тұтастығы сақтала отырып жаңаша сипатқа ие болады.
– Алдын ала есеп бойынша жобаның құны шамамен 4,5 миллиард теңгені құрайды. Қайта жаңғырту жұмыстары екі кезеңмен жүргізіліп, екі жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Көне тарихтың куәсі болған аумаққа жаңа тыныс беру – тек сәулеттік өзгеріс емес, қаланың мәдени келбетін жаңғыртып, тарихи мұраны бүгінгі заманның сұранысына бейімдеу жолындағы маңызды қадам. Жаңарған кешен Тараздың туристік тартымдылығын арттырып, тұрғындарға қолайлы әрі көркем қоғамдық кеңістік сыйлайды. Бұл жобаны республика деңгейінде таныстырып, мақұлдаған жағдайда құрылыс басталады, – деді Дамир Исмаилбекұлы.
Жаңғырту жұмыстары тек «Көне Тараз» аумағымен шектелмейді. Жобаға «Гранд базарға» дейінгі жаяу жүргіншілер аллеясы мен «MART» сауда-ойын-сауық орталығының артындағы арбат та енгізілген. Бұл аумақтар тұрғындардың жайлы демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналмақ. Мұнда workout алаңдары, балалар ойын алаңшалары салынып, жаңа сәндік аркалар мен субұрқақтар орнату жоспарланған. Осылайша тарихи кешен тек турис- тер үшін ғана емес, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізетін тартымды орынға айналады.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.