Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Мамыр» бауы жаңаша кейіпке енеді

0 45

Тараз қаласының демалыс мәдение- ті мен қалалық келбетінде ерекше орны бар нысанның бірі – «Мамыр» бауы. Бұл демалыс орны тек жасыл аймақ қана емес, бірнеше буын тұрғындардың естелігімен сабақтасқан қалалық кеңістік ретінде қалыптасқан. Уақыт өте келе табиғи демалыс орны ретінде дамып, бүгінгі таңда маңызды инфрақұрылымдық нысандардың біріне айналды.

Алайда жылдар өткен сайын саябақтың инфрақұрылымы тозып, кейбір бөліктері заманауи талаптарға сай келмей қалғаны жасырын емес. Жарықтандыру жүйесі ескіріп, демалыс орындарының да жайлылығы төмендеді. Осыған байланысты демалыс орнын жаңғырту жобасы қолға алынып отыр.
15 гектар аумақты қамтитын ауқымды жоба саябақты заманауи экопаркке айналдыруды көздейді. Бұл Таразда Мемлекет басшысының бастамасымен өткізілетін «Достастық жәрмеңкесі» аясында жүзеге асырылмақ.

– «Мамыр» бауы қаланың урбанистік дамуы барысында тұрғындарға арналған қоғамдық демалыс аймағы ретінде қалыптастырылған. Оның басты мақсаты – қала ішінде табиғи ортаға жақын кеңістік құрып, тұрғындарға серуендеуге, демалуға және балалармен уақыт өткізуге мүмкіндік жасау. Абаттандыру жұмыстары арқылы біз заманауи, қауіпсіз әрі экологиялық талаптарға сай келетін қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздеп отырмыз. Жоба аясында саябақтың табиғи келбеті сақталып, тұрғындардың жайлы демалуына барлық жағдай жасалады. Нәтижесінде бұл орын Тараздың жаңа тартымды демалыс орталықтарының біріне айналады, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев.
Жоба аясында саябақта заманауи балалар ойын алаңдары, жаяу жүргіншілерге арналған ыңғайлы жолдар, демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйесін жаңарту және аумақты толықтай көгалдандыру жоспарланған.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.