Кеше Таразда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Jambyl» телеарнасының негізін қалаушылардың бірі, белгілі журналист, қоғам қайраткері Мұса Рахманбердиев атындағы жүлде үшін дәстүрлі бильярд турнирі өтті.
Осымен 19-рет ұйымдастырылып отырған жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Бүгінгі турнир журналистер қауымының тек қалам ұстауда ғана емес, спорттық сайыстарда да белсенді екенін дәлелдеп келеді. Тастаяқ спортына деген қызы- ғушылық, салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту – осы турнирдің басты құндылықтарының бірі. Сондай-ақ бұл сайыс жыл сайын ақпарат саласының өкілдерін бір алаңға жинап, тәжірибе алмасуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және кәсіби достықты бекемдеуге мүмкіндік беруде. Сондықтан бұл турнирдің маңызы тек спорттық бәсекемен шектелмейді, – деген шаһар басшысы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов және «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева сөз сөйлеп, жылы лебіздерін арнады.
Жарыс қатысушылары жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде жастар арасында І орынды Ерғали Қартайған, ІІ орынды Серік Тәжібаев, ІІІ орынды Берік Жакулаев иеленді. Ал ардагерлер арасында Құрманғазы Демешов – І, Көсемәлі Сәттібайұлы – ІІ, Ғалым Қасабай ІІІ орындарды еншіледі.
Сонымен қатар турнирде үздік ойын көрсеткені үшін Бақытжан Советұлы, Жасұлан Әбдіхалық және Тимур Сейілхан арнайы ынтыландыру сыйлықтарымен марапатталды.
Жарысты қала әкімдігі ішкі сая- сат басқармасының басшысы Гүлназ Сматилдаева мен «Jambyl» телеарнасы директорының орынбасары Айбол Қарашев қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Аман ЕСЕН