Жыл өткен сайын Тараз қаласы тұрғындарының саны артып келеді. Соған орай шаһарда көлік қозғалысы да көбеюде. Бұл өз кезегінде жол белгілеріне деген сұранысты тудыратыны сөзсіз. Әрине, қала экологиясының ластануы мен көлік кептелісінің алдын алу үшін жол қозғалысын реттеудің маңызы жоғары.
Қалада бұл бағытта да ілкімді істер қолға алынуда. Әсіресе, тұрғындар көп қатынайтын әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарға айрықша назар аударылуда. Айталық, қазіргі таңда қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында қолданыстағы жол қауіпсіздігі белгілерін қайта жөндеу, қалпына келтіру және талапқа сай қайта орнату жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жұмыстар жол белгілерінің көріну сапасын жақсартуға, жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруға және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Мамандардың айтуынша, жол белгілері мен таңбалардың жаңартылуы көшедегі кептелісті және авариялық жағдайлардың туындау қау- пін азайтады.
Осы орайда жол қозғалысына қатысушыларды жол белгілеріне мұқият назар аударып, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз. Қауіпсіз жол – баршаға ортақ жауапкершілік!
Тараз қаласының әкімдігі