Кейбір тұлғалардың ұлылығы өз халқымен ғана емес, бүкіл әлемнің бағасымен өлшенеді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сондай дара жандардың қатарынан орын алады.
Оған АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэрдың: «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам», – деген бағасы, Үндістанның мемлекет қайраткері Джавахарлал Нерудің: «Мейірім шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз қызмет еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев», – деген жылы лебізі және қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың жоғары құрметі дәлел бола алады. Осындай әлемге танылған тұлғалардың құрметіне ие болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – қазақ халқының мақтанышы.
Қонаевтың басшылығы кезінде Қазақстанда көптеген өндіріс орны салынып, жаңа қалалар бой көтерді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым мен білім салалары қарқынды дамыды. Республика бүкіл одақ көлеміндегі маңызды өндірістік аймақтардың біріне айналды. Сонымен қатар ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына ерекше көңіл бөлінді.
Қырғыз халқының көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматов Қонаевты өз дәуірінің ең парасатты тұлғаларының бірі ретінде бағаласа, замандастары оның әділдігі мен көрегендігін жиі атап өткен. Оның есімі ел дамуының тұтас бір кезеңімен тығыз байланысты.
Бүгінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өнегелі өмірі мен атқарған игі істері ел жадында мәңгі сақталып, жас ұрпаққа үлгі болып келеді. Халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлғаның есімі тарих бетінде ғана емес, халық жүрегінде де мәңгі сақталады. Сондықтан Қонаев – тұтас ұлттың мақтанышына айналған ұлы тұлға.
Гауһар ҚЫРҚЫМБАЕВА,
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі
Д.А.Қонаев орталығының экскурсия жүргізушісі