Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Діни сауаттылық – қоғам қауіпсіздігінің негізі

0 51

Қазіргі таңда ақпарат ағынының қарқынды дамуы, жаһандану үдерісі және әлеуметтік желілердің кең таралуы адамзат өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Әсіресе, дін мәселесінде әртүрлі көзқарастар мен ақпараттың көбейіп, олардың арасында шынайы ілім мен күмәнді мәліметтердің араласып кетуі қоғам үшін маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Осындай жағдайда діни сауаттылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені діни сауаттылық – рухани тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің және ел қауіпсіздігінің берік негізі.

Ислам діні – адамзатты бейбітшілікке, татулыққа және ізгілікке шақыратын хақ дін. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруды және адамдар арасында билік айтқан кезде әділдікпен үкім етуді бұйырады» («Ниса» сүресі, 58-аят), – деп баяндайды. Бұл аят мұсылман баласын жауапкершілікке, әділдікке және қоғам алдындағы міндеттерін адал атқаруға үндейді. Шынайы діни таным адамның бойында осы асыл қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді.
Ислам діні әрдайым білім алуға ерекше мән берген. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аятының өзі «Оқы!» деген әмірмен басталуы мұсылман үшін білімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Алла Тағала: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), – дейді. Сондай-ақ: «Раббым! Білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 114-аят), – деп дұға жасауды бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім іздеу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз», – деген (Ибн Мәжа). Осы хадис мұсылман адамның діни әрі дүниелік ілімді меңгеруге ұмтылуы қажеттігін көрсетеді. Өйткені сауатты адам ақ пен қараны ажыратып, түрлі теріс идеологиялар мен жалған түсініктерден сақтана алады.
Қазақ халқы ежелден дін мен дәстүрді қатар ұстанған. Ата-бабаларымыз Исламның құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрмен үйлестіріп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы өзінің қара сөздерінде иман, ар-ұят, адамгершілік мәселелерін терең қозғап, білім мен парасаттың маңызын атап өткен. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы ар ілімін насихаттап, адамның рухани кемелденуіне ерекше мән берген. Бүгінде интернет желісінің дамуы арқылы кез келген адам діни ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Алайда ондағы мәліметтердің бәрі бірдей сенімді емес. Кейбір деструктивті және радикалды көзқарастағы топтар дінді бұрмалап түсіндіріп, жастарды өз қатарына тартуға тырысады. Мұндай жағдайда адамға дұрыс бағыт беретін басты құрал – діни сауаттылық.
Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят), – деп бұйырады. Бұл аят әрбір мұсылманға діни мәселелерде өз бетінше асығыс үкім шығармай, білікті ғалымдар мен сенімді мамандарға жүгіну қажеттігін үйретеді. Қазақ халқының дәстүрлі діни жолын ұстанып келе жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта халықтың діни сауатын арттыруға, жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтандыруға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға ерекше үлес қосып келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман – өзгелер оның тілінен де, қолынан да аман болатын адам», – деген (Бұхари, Мүслім).
Демек, Ислам діні зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен бүлік шығаруды құптамайды. Керісінше адамдар арасындағы сыйластықты, өзара құрметті және бейбітшілікті дәріптейді. Сондықтан дінді дұрыс түсінген адам ешқашан қоғамға зиян келтірмейді, керісінше елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосады. Қазақстан – татулық пен келісімді ту еткен мемлекет. Елімізде түрлі этнос пен дін өкілдері өзара сыйластықта өмір сүріп келеді. Бұл – халқымыздың даналығы мен рухани құндылықтарға деген құрметінің көрінісі. Осындай тұрақтылықты сақтау әрбір азаматтың міндеті. Ал діни сауаттылық – осы міндетті жүзеге асырудағы маңыз- ды факторлардың бірі. Әсіресе, жастар тәрбиесі – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, имандылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыру – отбасы, мектеп және дін қызметкерлерінің ортақ жауапкершілігі. Әке мен ананың өнегесі, ұстаздың тәлімі және имамдардың насихаты жастардың дұрыс бағытта қалыптасуына оң әсер етеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – адамдарға пайдасы тигендерің», – деген. Осы хадис әрбір мұсылманның қоғам игілігі үшін қызмет етуі қажеттігін білдіреді. Адал еңбек ету, білім алу, елге қызмет жасау, өзгелерге жақсылық жасау – мұның барлығы да Исламның құндылықтарына жатады.
Сонымен қатар дін мен дәстүр сабақтас- тығын сақтау да ерекше маңызға ие. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары Исламның ізгі қағидаларымен үндесіп келеді. Үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау, көрші ақысына мән беру, жетім-жесірге қамқорлық жасау, туыстық қатынасты нығайту секілді асыл қасиеттер халқымыздың рухани болмысымен біте қайнасқан.
Қорыта айтқанда, діни сауаттылық – қоғам қауіпсіздігінің, ұлттық бірліктің және рухани тұрақтылықтың берік кепілі. Дінді дұрыс түсіну – адамды ізгілікке, парасаттылыққа және жауапкершілікке жетелейді. Сондықтан әрбір азамат сенімді діни білім алуға ұмтылып, дәстүрлі құндылықтарды құрметтеп, қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтауға үлес қосуы қажет.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жақсылық пен тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деп бұйырады. Ендеше рухани құндылықтарды дәріптеп, діни сауаттылықты арттыру жолында бірлесе еңбек ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені діни сауаты жоғары, бірлігі бекем, рухани иммунитеті мықты қоғам ғана жарқын болашаққа нық қадам басады.

Ержан АМАНБАЕВ,
Тараз қалалық орталық
«Әулие ата» мешітінің Бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.