Құран Кәрім – Алла Тағаланың тарапынан жіберілген иләһи кітап. Нақты айт- қанда, Алла Тағаланың адамдардың ақиқат аясында өмір сүрулері, екі өмірдің бақытына жетулері үшін шырақ етіп түсірген қасиетті кітабы.
Біздің бабаларымыз Ислам дінін жүрекпен қабылдап, Құранды тек қасиетті кітап деп қана емес, өмірлік серік, тәрбие құралы және даналық көзі ретінде ардақтаған. Дана Абай да: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», – деп Құранның хақ екенін айтқан.
Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана оқып үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге міндетті. Себебі Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің хадис-шәрифінде: «Сіздердің іштеріңіздегі ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз», – деген.
Құрансыз өмірдің бос өмір екенін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде береке, тыныштық болмайды. Пайғамбарымыз с.ғ.с. бұл туралы тағы бір хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды», – дейді. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды.
Құрансыз дүниедегі ешбір нәрсе адам баласын бақытты ете алмайды. Отбасында тыныштық, татулықты тек Құран ғана бере алады. Әсіресе қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға зер салсақ, отбасы мүшелері арасындағы түрлі араздасулар, келіспеушіліктер, ұрыс-керіс- тердің көпшілігі дін жолын ұстанбайтын, Құран оқылмайтын үйлерде, отбасыларда болады. Құран оқылған үйге Алла тағаланың шексіз мейірім, рахымы жауады. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз заманында ажырасулар, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, әке мен бала арасында талас-тартыс өте аз ұшырасқан, себебі олар Құран жолымен өмір сүрген, Құранды үйреніп, бала-шағаларына үйретіп отырған. Әрбір мұсылман Құранды өзі оқи білген. Сондықтан отбасында береке, жақсылық, бір-біріне деген ізет, құрмет сақталған.
Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер енеді. Шайтандар қашады. Үй-ішіне жақсылық, тыныштық енеді, жақсылық көп, жамандық аз болады. Бір үйде Құран оқылмаса, ол жерге шайтандар үйірсектеп, періштелер кірмейді, онда жайсыздық орнайды, жақсылық азайып, жамандық көбейеді», – деген. Сондай-ақ: «Құран қарайған жүректерге нұр береді», – деп те ескерткен.
Құран адамды рухани күйзелістерден, пейілдің тарылуынан сақтайды. Құран өзіне ынтық жандар үшін – үміт бастауы. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір сыйлайды. Пайғамбарымыз тағы да бір хадисінде: «Құран оқу – көңілдің шипасы», – дейді. Рас, Құран қай жерде болса да дертке дауа. Сондай ақ Құран – рухани ауруларға да қарсы шипа көзі. Дәрі-дәрмекпен емделмейтін аурулар Құранмен шипа табады. Мұсылман адам іштей құлазып, көңілін мұң басқанда дереу дәрет алып, Құран оқығаны жөн. Жабырқаудың жалғыз емі – Құран оқу, оқыған Құранды тыңдау.
Сөз соңында айтарымыз, Құранға ден қойып, талпынып, оны оқуға немесе жаттау- ға әрекет еткен пендеге Алла Тағала мол сауап жазады, яғни сауабы еселене түседі. Жаратушымыз баршамызды Құранға ынтызар болуды, жоғарыдағы айтылған қасиеттерге ие болуды нәсіп етсін!
Үмбет САБЫРХАНОВ,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Т.Рысқұлов ауданы