Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлем халықтары мен түрлі мәдениеттер арасындағы өзара қарым-қатынас бұрынғыдан да тығыз сипатқа ие болуда. Әртүрлі ұлттар мен дін өкілдері бір қоғамда өмір сүріп, ортақ құндылықтар негізінде татулық пен тұрақтылықты сақтауға ұмтылуда. Осындай жағдайда дінаралық диалогтың маңызы ерекше артып отыр. Өйткені өзара түсіністік пен құрметке негізделген қарым-қатынас – қоғамдық келісімнің, бейбіт өмірдің және рухани тұрақтылықтың кепілі.
Ислам діні – бейбітшілік пен татулықты насихаттайтын дін. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, адамзат! Расында, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Ақиқатында, Алланың алдында ең ардақтыларың – тақуаларың» («Хужурат» сүресі, 13-аят), – деп баян- дайды. Бұл аят адамдардың әртүрлі ұлттар мен қауымдарға бөлінуі араздық үшін емес, бір-бірімен танысып, өзара сыйластықта өмір сүру үшін екенін көрсетеді. Ислам адамзаттың шығу тегі бір екенін еске салып, адамдарды өзара құрмет пен ынтымаққа шақырады.
Қасиетті Құранда тағы бір аятта: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят), – делінген. Бұл аят Ислам дінінің сенім мәселесінде күш қолдануды құптамайтынын және әр адамның ар-ождан бостандығына құрметпен қарайтынын білдіреді. Ислам тарихында мұсылмандардың басқа дін өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүріп, олардың құқықтарын қорғауға ерекше мән бергені белгілі. Алла Тағала тағы бір аятта: «Кітап иелерімен көркем түрде пікір таластырыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят), – деп бұйырады. Демек, өзге дін өкілдерімен қарым-қатынаста әдептілік, сыпайылық және парасаттылық қағидалары сақталуға тиіс. Исламдағы диалогтың негізгі мақсаты – дау-дамай туғызу емес, керісінше өзара түсіністік пен ізгі қарым-қатынасты нығайту.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласында мұсылмандармен қатар яһудилер және өзге қауым өкілдерімен бейбіт өмір сүрудің негіздерін айқындаған Мәдина келісімін жасаған болатын. Бұл тарихи құжат әртүрлі сенім иелерінің ортақ қоғамда келісім мен жауапкершілік негізінде өмір сүре алатынын көрсетті. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір зиммиге (мұсылман мемлекетінде өмір сүретін өзге дін өкіліне) зұлымдық жасаса немесе оның ақысын кемітсе, қиямет күні мен оның қарсыласы боламын», – деген (Әбу Дәуіт). Бұл хадис Ислам дінінде өзге дін өкілдерінің құқығы қорғалатынын және оларға әділетсіздік жасауға тыйым салынғанын айқын көрсетеді.
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар. Қуантыңдар, үркітпеңдер», – деген (Бұхари, Мүслім). Бұл өсиет адамдар арасындағы қарым-қатынаста мейірімділік пен түсіністіктің маңызды екенін білдіреді.
Қазақ халқы ғасырлар бойы түрлі этнос пен дін өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ», «Татулық – табылмас бақыт» деген нақыл сөздері қоғамдағы келісім мен сыйластықтың маңызын көрсетеді. Ата-бабаларымыз ешқашан дін атын жамылып алауыз- дыққа жол бермеген. Керісінше, көршімен тату болуды, адамды ұлты мен дініне қарап емес, адамгершілігіне қарап бағалауды насихат еткен.
Қазақстан Республикасы да конфессия- аралық келісім мен бейбітшілік қағидаттарын ұстанып келеді. Елімізде әртүрлі діни бірлестіктер өз қызметтерін заң аясында жүзеге асырып, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға үлес қосуда. Бұл – халқымыздың даналығы мен рухани мәдениетінің жемісі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттай отырып, қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтауға ерекше мән береді. Өйткені дінаралық татулық – ел тыныштығының, мемлекет тұрақтылығының және рухани қауіпсіздіктің маңызды кепілдерінің бірі. Қазіргі уақытта әлемнің кейбір аймақтарында дін атын жамылған қақтығыс- тар мен экстремистік көзқарастар кездесіп жатады. Алайда мұндай әрекеттердің Исламның шынайы іліміне ешқандай қатысы жоқ. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла сендерге дін жайында соғыспаған әрі сендерді жұрттарыңнан қумаған адамдарға жақсылық жасап, әділ болуларыңа тыйым салмайды. Ақиқатында, Алла әділдік етушілерді жақсы көреді» («Мумтахана» сүресі, 8-аят), – деп баяндайды.
Исламдағы көркем мінездің негізі – өзгеге құрметпен қарау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мейірімділерге Рахман мейірім етеді. Жердегілерге мейірімді болыңдар, сонда көктегілер сендерге мейірім етеді», – деген (Тирмизи). Сондықтан мұсылман адам өзгелермен қарым-қатынаста ізеттілік пен сабырлық танытып, қоғамдағы татулық пен бірлікке үлес қосуы тиіс.
Қорыта айтқанда, дінаралық диалог – өзара түсіністік пен құрметтің, қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің негізі. Ислам діні адамдарды бір-бірін құрметтеуге, әділ болуға, татулық пен ізгілікке үндейді. Әртүрлі сенім иелерімен бейбіт, қатар өмір сүру, ортақ құндылықтарды дәріптеу және өзара сыйластықты нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жақсылық пен тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деп бұйырған.
Ендеше, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға, түрлі дін өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен құрметті арттыруға әрбір азамат өз үлесін қосуға тиіс. Өйткені татулық салтанат құрған жерде береке болады, ал өзара сыйластық үстемдік еткен қоғамның болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Ержан АМАНБАЕВ,
Тараз қалалық орталық
«Әулие ата» мешітінің Бас имамы