Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Шаһар үшін еңбек еткен жазбай бел, Адалдықпен төгіліп жүр маңдай тер

«Таза қала, таза болашақ!» байқауына

0 15

Таңертең ертемен оянып, жұмысыңызға бара жатқанда көшенің айнадай жарқырап, шаһарға сән беріп тұрғанын, алуан гүлзарларға көз тастаймыз. Сол гүлдердің қауыз жаруы, тал дарақтың ретімен өсіп тұрғаны, көшенің айнадай жарқырауы – барлығы тазалық сақшыларының табанды еңбегінің жемісі.

Ал қыста түнімен жауған ақ ұлпаны таң қылаң бере, қарапайым адамдар тазалап жатқанын көреміз. Олар – біреуміздің ардақты әкеміз, аяулы анамыз, ақжүрек ағамыз, бауырмал әпкеміз, қаны бір қарындасымыз, жаны жан баурымыз. Осынау еңбек адамдары туралы ауыз толтырып мақтау айтқанмен, шын мәнінде олардың еңбегін бағалауда көбінде кенже қалып жататынымыз жасырын емес. Мәселен, тұрмыстық қалдықты қоқыс жәшігіне тастамай, кез келген жерге лақтырған кезіңіз болған шығар. Әрине, ешкім де  «жоқ, олай істеген емеспін» деп айта алмасы анық. Енді сол сіз лақтырып кеткен затыңызды сіздің әкеңіз бен анаңыздай адам жинап әкетуге мәжбүр.

Табиғаттың мінезі бір қалыпта тұрған ба? Кейде, далада ат құлағы көрінбейтін ақ боран, ал сіз жылы кабинетте отырсыз. Ал жаздағы күннің өзі құлағыңыздың түбінде тұрғандай сезілетін, ми қайнаған ыстықта, сіз салқын бөлмеде, жайлы орындықта демалып отырсыз. Ал сіздің жақыныңыздай адам сол баяғы көше бойындағы қарапайым жұмысын атқарып жүр. Осындай қаһарлы қыстың суығында да, жаздың аптап ыстығында да аянбай еңбек етіп жүрген еңбек адамдарының қатарында  «Жасыл ел-Тараздың» қарапайым қызметкерлері де бар. Осы орайда «Журналист мамандық өзгертеді» айдары аясында мекеме қызметкерлерімен бірге шаһар тазалығына атсалысып қайтқан едік.

Ең әуелі жұмысымызды аталған мекеме аумағындағы жылыжай кешенінің тыныс-тіршілігімен танысудан бастадық. Қарапайым қызметкерлермен бірге қолымызға күрек алып, білек сыбана еңбекке араласа жүріп мекеме басшысының орынбасары Айдын Бейсековтың әңгімесінен ұққанымыз, жалпы аумағы 3 600 шаршы метрді құрайтын жылыжайда бүгінде маусымдық және көпжылдық гүлдердің 1 миллионға жуық түрі өсіріледі екен. Мұнда барлық қажетті жаздық гүлдер өз күштерімен егіліп, бапталып, қала көшелері мен саябақтарын көріктендіруге дайындалады. Қазіргі таңда бұл жылыжай қала аумағын өз гүлдерімен толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл үшін мұнда 12 тұрақты жұмысшы еңбек етіп, өсімдіктердің сапалы әрі уақытылы өсіп-жетілуін қамтамасыз етуде екен.

Осыдан кейін біз темір тұлпардың тұмсығын қалада адамдар жиі шоғырланатын «Жеңіс» саябағына бұрдық. Жол қысқарсын дедіме Айдын аға әңгімені өзі бастап кетті.

– Жұмысымыз таңғы сағат бесте қала көшелерін арнайы су шашатын техникалар арқылы жол жамылғыларын жуудан басталады. Таңғы сағат 8:00-9:00 аралығында мекеме қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар беріліп, жұмыстар бөліске салынады.

Көктем шыға сала тал-дарақ отырғызу науқаны қыза түседі. Жаңа көшеттер егумен қатар, бұрыннан бар ағаштар күтіп-бапталып, қураған, ауруға шалдыққан бұтақтар кесіліп, ретке келтіріледі. Сонымен бірге мекеме қызметкерлері гүлзарларды баптап, көгалды күтіп, қаланың жасыл белдеуін сақтауға ерекше көңіл бөледі.

Жаз мезгілінде көгалдарды суару мен шөп шабу жұмыстары үздіксіз жүргізілсе, күзде сарғайған жапырақтар жиналып, айнала тазаланады. Демалыс орындарындағы сынған орындықтар, бүлінген жарық шамдары мен қоршаулар уақытылы жөнделіп, қалпына келтіріледі. Балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігі де басты назарда ұсталады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолындағы бұзылған тас жабындар қайта төселіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Ал қыс мезгілі мекеме үшін нағыз қарбалас кезең. Қар күреу, көктайғаққа қарсы құм-тұз себу секілді жұмыстар күнделікті атқарылады, – деген Айдын Жарқынбекұлының әңгімесінен қарапайым еңбек адамдарының еншісінде көзге көріне бермейтін көп дүние жатқанын аңғардық.

Осылайша біз әңгіме тізгінін ағытып, Төле би көшесімен өрлеп келе жатқанымызда орталық мешіттің маңынан қазылып, толық көмілмеген шұңқырды байқадық. Айналасында жіңішке ағаш бұтақтары шашылып жатыр екен. Бірден көлігін тоқтатқан Айдын мырза сол орынды телефон камерасына түсіріп алып, әлдекімдерге хабарласып, тиісті тапсырма беріп жатты. Көлігіне қайта жайғасқан ол: «Қаладағы кейбір мекеме өкілдері жауапкершілікке мән бермей, өз жұмыстарын аяқсыз қалдырады. Дұрыстап кетсе ештеңелері кетпейді ғой. Ал мұндай салғырттықтың салдарынан ертең сын бізге айтылады», – деп кейіді.

Өз ісіне адал азамат 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы марапатына ие болған екен. Бұл – әлемді алаңдатқан коронавирус індеті өршіп тұрған кезең болатын. Ол марапат Астанадан арнайы жіберіліпті. Қиын кезеңде де «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай, шаһардың әр бұрышында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткенін білеміз. Президенттің бұл марапаты бір ғана адамға емес, саладағы барлық қызметкердің еңбегіне көрсетілген құрмет деп түйдік.

Көше бойындағы тынымсыз тіршілікке жан бітіріп жүрген еңбек адамдарының жұмысына көз тастап, іштей ризашылығымызды білдіріп «Жеңіс» саябағына да жеттік. Мұнда тал-дарақтарды ретке келтіріп, балақтап жатқан бір топ жігіт бірден назар аудартты.

Жандарына жақындап, шеттеу тұрған елу жас шамасындағы азаматты сөзге тарттық. Өзін Асыланби Әбішев деп таныстырған ол бұл салада үш жылға жуық еңбек етіп келеді екен. Жүзінен жұмысына деген жауапкершілік пен сабырлылық аңғарылады.

– Таңертеңгі сағат 8:00-де жұмысқа кірісеміз. Басшылық тарапынан берілген тапсырмаларға сәйкес, шаһардың әр аумағындағы тал-дарақтарды балақтап, қураған әрі қауіпті ағаштарды кесеміз. Кейде тұрғындардан келіп түсетін өтініштер бойынша да көмек көрсетеміз. Қазіргі таңда құрамымызда 10 адам бар. Жұмысымыз бір сәтке де тоқтамайды, – деген ағамыз сөз соңында еңбектің еленгені әрбір жұмысшыға жігер сыйлайтынын айтып, қарапайым еңбек адамдары да лайықты бағаланса деген тілегін жеткізді.

Осылай әңгімелісіп тұрғанымызда жанымыздан өтіп бара жатқан бір бейтаныс қала тұрғыны ренішін білдіріп: «Жайқалып өсіп тұрған ағаштарды неге кесіп жатырсыздар, әдемі өсіп келе жатыр ғой?» деп сұрады. Айдын Бейсеков тұрғынға сабырлықпен түсіндіріп, белгіленген тәртіп бойынша талдар 3 метрге дейін балақталатынын, артық бұтақтар ағаштың өсуіне кедергі жасап, көркін кетіретіндігін, сондықтан қаланың көрікті болып тұруы үшін ағаштар біркелкі және әдемі өсуі керектігін айтып түсірдірді. Жауапқа қанағаттанған тұрғын мамандардың жұмысына сәттілік тілеп өз жолына түсті.

Жалпы, қаладағы саябақтар мен демалыс аймақтарында тұрақты жұмыс істейтін арнайы қызметкерлер бар. Олар күні бойы сол аумақтың тазалығына жауапты. «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің демалыс аймақтары мен көше тазалығын сақтау саласының меңгерушісі Мақұлбек Сұлтанның айтуынша, «Жеңіс» саябағында 18 қызметкер тұрақты тазалық жұмыстарын жүргізеді екен.

– Мұндағы жұмыс таңғы сағат 8:00-де басталып, кешкі 18:00-де аяқталады. 18 тұрақты қызметкер 20 гектар саябақ пен оның айналасындағы 3 көшенің тазалығына жауапты. Олар таң атқаннан бастап саябақтағы жолдар мен аллеяларды, ескерткіштердің айналасын, гүлзарларды және демалыс аймақтарын күнделікті жуып, тазалайды. Саябаққа алыс-жақыннан келетін қонақтар көп. Сондықтан ортақ үйіміз – Тараздың тазалығына бейжай қарамасақ екен, – деді маман.

 – Әрине дедік, біз.

– Кезінде адам ізі көп түсе бермейтін саябақ соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Мұнда келушілер Ұлы Отан соғысының даңқты жылдарын еске алып, әр бұрыштағы ескерткіштер мен мемориалдық нысандарды тамашалай алады. Саябақтағы басты нысандар қатарында «Мәңгілік алау», Бауыржан Момышұлы ескерткіші, «Батырлар» аллеясы,  әскери техника көрмесі, вело және жаяу жолдар, балалар алаңшалары сондай-ақ «Даңқ» залы бар. Бұл нысандар тарихты еске алудың, патриоттық тәрбиенің және келушілерге әсер қалдырудың маңызды бөлігін құрайды. Оның үстіне Ұлы жібек жолындағы ежелгі өркениеттің ошағы саналатын Таразға табан тірейтін шетелдік қонақтарда аз емес. Айтқаныңыз орынды, тазалықты сақтауға бәрімізде жауаптымыз, – деп ортақ әңгіменің тиегін ағытып отырғанымызда анадай жерде  «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерімен сөйлесіп тұрған Айдын Жарқынбекұлы жанымызға жақындап келіп, Шымкент қаласынан Тараз қаласына 100 дана сакура ағаш жеткізілгенін, көшеттердің 50 данасы облыс әкімдігі ғимаратының алдына отырғызылатынын, уақыт оздырмай сол жерге жедел жетуміз керектігін айтты.

– Тараз аз жылда Токиоға айналады екен ғой. Жапонияның символына айналған әсем сакура ағаштары енді Таразда тамыр жайып, көне шаһардың көркіне көрік қосатын болады, – дедік сенімді түрде, көңілдегі куанышымызды жасырмай.

Осыдан кейін діттеген жерге тез жетуге асыққан Айдын ағаның назарын бөлмейін дедік те телефонның ғаламторына үңілдік. Шынайы ақпаратқа сүйенсек, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» бағдарламасына сәйкес 80 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу қарастырылып, жоспар толығымен орындалыпты. Бұдан өзге, былтырғы жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, аллеялар мен скверлерге 4 550 түп ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ өткен жылы күз айларында демеушілер тарапынан 12 мың түп ағаш көшеттері отырғызылған. Ал, биылғы жылы «Қызылабад» алабы аумағында «Жасыл белдеу» жобасы аясында 20 мың түп қарағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 10 мың данасы аталған алқапқа егіліпті. Қалған 10 мың данасы қазан-қараша айларында отырғызылады екен. Бұл ағаш көшеттерін күтіп-ұстау жұмыстары «Жасыл ел-Тараздың» еншісінде.

Біз барғанда облыс орталығының алдында адамдардың қарасы қалың болды. Солардың арасынан «Жасыл ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Азамат Әбішевті кезіктіріп сөзге тарттық. Оның айтуынша, бұл көшеттер «BI Group» инвестициялық-құрылыс холдингінің қаржылай қолдауымен жеткізіліпті.

– Бельгиядан әкелінген бұл көшеттер әуелі Шымкент шаһарындағы «Аққайың» питомнигінде 4 жыл бойы бапталып, жергілікті климатқа бейімделді. Қыс айларында 35 градусқа дейінгі аязға төзімді сакура ағашы біздің өңірде өсетін шие тұқымдасына жататындықтан, тез тамыр жайып, жақсы өсіп кетеді деп күтілуде, – дейді Азамат Тұрсыналыұлы.

Қысқа ғана әңгімеден кейін бұрылып, жол жиегіндегі орындықтардың біріне жайғасып, аз-кем тынысымызды басып отыр едік, сол мезетте жанымызда темір дәнекерлеп жатқан, жасы елулер шамасындағы, жүзін уақыт табы айқындаған, сақалы селдір тартқан кісіге көзіміз түсті. Қасына жақындай бергенімізде, ол кісі жылы жымиып амандасты. Есімі-сойы –  Нұрбай Артпов екен. Әңгіме өзінен-өзі өрбіп қоя берді.

– Осы мекемеде  еңбек етіп жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Төрт балам бар. Үлкен ұлым Түркістан қаласында туризм саласы бойынша білім алып жүр, биыл оқуын тәмамдайды. Қазіргі жастар алғыр ғой, оқуын оқып жүріп-ақ туристік компанияда қосымша жұмыс істейді. Айлығы да жаман емес, 300 мың теңге шамасында. Бізге де қарайласып тұрады. Өткен жылы сол баламның арқасында қасиетті Мекке қаласына барып, мұсылмандық парызымды өтеп қайттым. Қиындықпен өсіріп едік, шүкір, бүгінде жақсылықтың бәрін балалардан көріп жатырмыз, – деді ол, жанарында шынайы қуаныштың табы жылт етіп.

Ағамыздың сөзін естіп, біздің де жүрегіміз елжіреп сала берді. Е, қазақ «Бала бер, бала берсең сана бер» деген ғой. Көз алдыма болашақта осы сакура ағашының саясында немерісін жетелеп келе жатқан ақсақал елестеді. Ол – дәл осы сәтте маңдай терін төгіп, темірдің бабын тауып қызу еңбек думанына араласып жатқан Нұрбай ағамыз еді. Кім білсін, дәл осы сәтте Айдын ағамыз келіп: «Жүр, кеттік», – демегенде, қиял тұлпарымның қай қиырға дейін самғайтынын…

Келесі бағытымыз – «Тұңғыш Президент» саябағы. Қаладағы көрікті орындардың бірі саналатын бұл саябақ Төле би көшесінің бойында орналасқан. Шаһардың батыс қақпасынан енген қонақтардың басым бөлігі дәл осы көшені басып өтеді. Қай уақытта келсеңіз де, бұл аумақтың айнадай жарқырап тұратыны көз қуантады. Оның бәрі – мұнда еңбек ететін сегіз тұрақты жұмысшының маңдай терінің жемісі.

Солардың бірі – осы салада он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Жанаргүл Бекбау. Бүгінде ол осындағы жұмысшылардың топ басшысы. Журналист екенімізді таныстырған соң, бірден сөз бастап: «Облыстық газеттің бір санында топтама өлеңдерім жарық көрген еді», – деді. Осылайша әңгімеміз тынымсыз тіршіліктен бір сәт алыстап, қазақ әдебиетіне ойысты. Мұқағали, Жұмекен, Төлеген жырларын сүйіп оқиды, қолы қалт етсе, кітаппен сырласады екен. Бір өлең оқып беруін өтінгенімізде, көз алдымызда жайқалып өсіп тұрған талдардың біріне сүйеніп, жүрегінен жарып шыққан «Бүгінгі күн ерекше» атты өлеңін оқи жөнелді.

«Бүгінгі күн ерекшелеу өткеннен,

Күнді күнге жалғап қана өткенмен.

Бір ізгі амал қолдан келсе жасайық,

Өткен іске болмау үшін еш өкпең.

Сыртым күлім, ішім жылап тұрсам да,

Өмірдің кей білмес сырын ұқсам да.

Әділетсіз болма, маған, әй, Өмір!

Жан жарамды жасырсамда, бұқсам да.

Сабыр берші, темір -төзім тұрақта,

Жаратқаным, ақыл айтшы құлаққа.

Бәрінен де жүрегіме ризамын,

Төзе білген таудай үлкен сынаққа», – деп өлеңін түйіндеді, терең тыныстап.

Иә, біз үшін де тазалық сақшыларымен өткен күніміз ерекше есте қалды. Тағы бір күннің парағы жабылуға сәл уақыт қалып, сәуірдің күні алаулап, қызарып, ұясына құлап бара жатты. Қайтуға ыңғайланып, жолға бұрылғанымызда, тамшылатып суаруға арналған құбырдан тамып тұрған мөлдір тамшыларға көзіміз түсті. Бұл тамшылар осынау еңбек адамдарының маңдай теріндей көрінді көзімізге. Бәлкім, дәл солай шығар, мүмкін…

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.