Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Көші-қон саласының көлеңкелі тұстарымен күрес тоқтамайды»

0 56

Қазіргі жаһандану дәуірінде көші-қон мәселесі әлем елдерінің барлығы үшін өзекті тақырыптардың біріне айналды. Біреулер жаңа мүмкіндік іздеп қоныс аударса, енді бірі тарихи Отанына оралып, тамырын жаңғыртуға ұмтылады. Адамдардың қозғалысы тек статистикалық көрсеткіштерден ғана тұрмайды. Оның астарында тағдырлар, үміттер, жаңа өмірге деген талпыныстар жатыр. Ал осы үдерістердің заң аясында жүзеге асуын қамтамасыз ету – көші-қон қызметінің басты міндеті. Осы орайда Жамбыл облысындағы көші-қон ахуалы, халыққа көрсетілетін қыз- меттердің сапасы, заңнаманың сақталуы және алдағы жоспарлар туралы Жамбыл облысы Полиция департаменті қарасты Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Арай Аимбекпен сұхбаттасқан едік.

– Арай Данабекқызы, әуелі Көші-қон қызметі басқармасы қызметінің негізгі бағыттарына, облыстағы ахуалға тоқталып өтсеңіз…

– Көші-қон қызметі – халықпен күн сайын тікелей жұмыс істейтін маңызды құрылымдардың бірі. Біздің қызметіміз бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, сыртқы және ішкі көші-қонды реттеу, шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болуын бақылау, азаматтық мәселелерін қарау, халықты жеке басын куәландыратын құжаттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ көші-қон заңнамасының сақталуын қадағалау жұмыстарын жүзеге асырамыз.
Көші-қон қызметінің жұмысы тек құжат рәсімдеумен ғана шектелмейді. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңсыз көші-қонның алдын алуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді қызмет. Бүгінде облыс бойынша 11 ауданның барлығында біздің мамандар тынымсыз жұмыс атқарып жатыр.
Жалпы алғанда облыстағы көші-қон жағдайы тұрақты және бақылауда деп айтуға болады. Өңірде көші-қон процестері заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Есепті кезеңде ТМД елдерінен келген 15 815 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды. Сонымен қатар облыс аумағында тұрақты негізде 6 970 шетел азаматы тұрады. Оның ішінде 6 783-і ТМД мемлекеттерінің азаматтары болса, 187-сі – алыс шетел азаматтары. Сондай-ақ 1 азаматтығы жоқ тұлға тіркелген. Бұл көрсеткіштер облыс- тың экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тартымды өңірлердің бірі екенін көрсетеді.
– Облысымызда көші-қон заңнамасын бұзу фактілері жиі кездесе ме?
– Өкінішке қарай, заң талаптарын бұзу фактілері әлі де кездеседі. Есепті кезеңде Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2 004 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 450 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Оның 354-і – ТМД елдерінің, 96-сы – алыс шетел мемлекеттерінің азаматтары.
Сонымен қатар шетел азаматтарын қабылдау тәртібін бұзғаны үшін еліміздің 282 азаматы жауапкершілікке тартылды. Ал шетелдік жұмыс күшін заң талаптарын сақтамай пайдаланғаны үшін 80 азаматқа қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Бұдан бөлек, көші-қон заңнамасын бұзу деректері бойынша 10 қылмыстық іс қозғалды. Сондықтан заң талаптарын сақтау әрбір азамат пен шетелдік үшін міндет екенін еске салғым келеді. Бұл тұста өзге мемлекеттен жұмысшы алып келіп, жұмыс істететін ел азаматтарының жауапкершілікті әлі де түсінбейтінін айта кету керек. Сол себепті де қөші-қон саласының көлеңкелі тұстарымен күрес тоқтамайды.
Сондай-ақ біздің мекеме алимент төлеуден жалтарған ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Бүгінде 128 борышкер және 32 мемлекеттік борышкер тіркеліп отыр. Қабылданған шаралар нәтижесінде 62 алимент төлемеген борышкердің іздестіру ісі тоқтатылды, ал 12 мемлекеттік борышкердің іс оң нәтижесін берді.
– Жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу кезінде азаматтар жиі қандай мәселелерге тап болады?
– Тәжірибеде кездесетін негізгі мәселелердің бірі – құжаттардың жоғалуы мен жеке деректердегі сәйкессіздіктер. Биыл анықтама деректерін өзгерту бойынша 754 азаматқа қыз- мет көрсетілді. Оның ішінде 716 азамат тегін өзгерткен. Сонымен қатар 28 азамат ұлтын өзгертуге байланысты, ал 10 азамат туған күні мен туған жылы туралы мәліметтерді түзету бойынша өтініш берген. Көп жағдайда азаматтар құжаттардың жарамдылық мерзіміне назар аудармайды. Сондықтан құжаттарды алдын ала тексеріп, мерзімі аяқталмай тұрып жаңартуға кеңес береміз.
– Жыл басынан бері қанша азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілді?
– Көші-қон қызметі көрсететін мемлекеттік қызметтердің көлемі жылдан-жылға артып келеді. Биылғы бес айда жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу бойынша 56 695 электрондық өтінім қабылданды. Осы кезеңде облыс тұрғындарына 17 664 паспорт пен 34 136 жеке куәлік берілді. Бұдан бөлек, жоғалған құжаттарын қалпына келтіру мәселесі бойынша 6 697 азаматқа қызмет көрсетілді. Сондай-ақ азаматтық алу, тұруға ықтиярхат рәсімдеу, тіркеу және басқа да бағыттар бойынша мыңдаған тұрғынға мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл халықтың цифрлық қызметтерге деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.
– Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы халыққа қандай мүмкіндіктер беріп отыр?
– Соңғы жылдары цифрландыру мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтерді. Мәселен, азаматтық және иммиграция бағыты бойынша аумақтық бөлімшелерден 718 электрондық өтінім келіп түсті. Оның тек 25-і ғана қосымша пысықтауға қайтарылған. Бұл небәрі 3,4 пайызды құрайды. Ал ішкі көші-қон және құжаттандыру бағыты бойынша 55 881 электрондық өтінімнің тек 167-сі немесе 0,3 пайызы ғана толықтыруды қажет етті. Бұл көрсеткіштер электрондық қызметтердің тиімділігін және азаматтардың цифрлық жүйелерді меңгеру деңгейінің артқанын көрсетеді.
– Заңсыз көші-қонның алдын алу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Заңсыз көші-қонның алдын алу – біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта тұрақты түрде рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Шетел азаматтарының болу мерзімі, жұмысқа орналасу заңдылығы және тіркеу тәртібі тексеріледі. Сонымен қатар жұмыс берушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң бұзушылықтардың алдын алу шаралары қабылданады. Заңсыз көші-қонға қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның ортақ міндеті.
– Бүгінде полиция подполковнигі шеніндесіз. Қиындығы мен жауапкершілігі басым салаға қалай келдіңіз? Жалпы, еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Жамбыл облысы Полиция департаментіне қарасты Көші-қон қызметі саласына мен 2004 жылы ерікті жалданушы, яғни аудармашы болып келдім. Сол кезден бастап қызметтің ішкі жүйесіне жақын жүріп, оның ерекшеліктерін меңгере бастадым. 2006 жылы кеңсе жұмысына ауысып, іс жүргізу және әкімшілік бағыттағы жұмыстарды атқардым. 2011 жылы полиция лейтенанты шенін алып, қызметтік жолым ресми түрде жаңа кезеңге өтті. Одан кейінгі жылдары түрлі бөлімшелерде қызмет етіп, тәжірибе жинақтап, басқарушылық бағытта өстім. 2025 жылы басқарма бастығының орынбасары қызметіне тағайындалсам, осы жылдың басынан бастап Көші-қон қызметі басқармасының бастығы лауазымын атқарып келемін. Сонымен қатар бұл салада басшылық қызметке келген алғашқы әйел екенімді де атап өткім келеді. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі сенім. Жалпы, бұл жол еңбек пен табандылықтың, үздіксіз дамудың нәтижесі деп білемін.
– 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Мерейлі мереке қарсаңында әріптестеріңізге ақжарма тілек, жылы лебізіңізді білдірсеңіз…
– Бұл – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі мен ерлігіне тағзым ететін ерекше күн. Полиция қызметі – күнделікті жауапкершілік пен темірдей тәртіпті, батылдық пен табандылықты талап ететін абыройлы да ауыр міндет. Осы жолда сіздердің әрбір атқарған істеріңіз – қоғамның тұрақтылығы мен елдің сенімді қорғанының берік тірегі.
Қиындығы мен сынағы қатар жүретін қыз- метте сіздер кәсібилік пен адалдықтың, адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық еңбек.
Әрқайсысыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс пен биік жетістіктер тілеймін. Еңбектеріңіз ел тарапынан әрдайым жоғары бағаланып, абыройларыңыз асқақтай берсін!
– Мерекелеріңіз құтты болсын! Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.