Сержан НАЗАРБЕК,
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Дені сау ұлт – қоғам байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет ел азаматтарының денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындаған міндеттеріне сәйкес, аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылуда. Медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.
Осы орайда Жамбыл облысында медициналық көмектің сапасын арттыру және белгіленген индикаторларға қол жеткізу мақсатымен өңірде бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аумақтың денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 15 839 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 3 684 дәрігер, 12 155 орта медицина қызметкері халыққа медициналық қызмет көрсетуде.
Өңірде мемлекеттік медициналық ұйымдардағы дәрігерлер тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Есепті кезеңнің І тоқсанында кадр тапшылығы 110 бірлікті құраған. Кадр тапшылығын шешу мақсатымен жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру үшін гранттар бөлінуде. Жергілікті атқарушы орган гранты бойынша жалпы медицина мамандығында 58 білімгер оқып жатыр. Алғашқы түлектердің 2026 жылы бітіруі күтілуде.
Сонымен қатар резидентура бойынша 179 грант бөлінген. Бүгінгі таңда 47 дәрігер өңірлік медициналық ұйымдарға жұмысқа келсе, 7 дәрігер әлеуметтік демалыста, ал 89 дәрігер (оның ішінде 1 магистрант) оқуын жалғастыруда.
2026-2027 оқу жылына резидентураға рес- публикалық бюджет есебінен – 46, жергілікті бюджет есебінен 55 грантқа тапсырыс берілді. Сондай-ақ «Жалпы медицина» мамандығына қосымша 20 грант бөлінген.
2026 жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқыған 110 дәрігердің өңірге жұмысқа орналасуы күтілуде. Оның ішінде 62-сі – республикалық бюджет, 48-і – жергілікті бюджет есебінен оқыған маман. Ал 2027 жылы – 106, 2028 жылы – 113, 2029 жылы 121 дәрігердің келуі жоспарланып отыр.
Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатымен бірқатар әлеуметтік шара жүзеге асырылуда. Республикалық бюджет есебінен 39 қызметкерге тұрғын үй сатып алу немесе салуға арналған бюджеттік кредит берілді. Сонымен қатар 111 маманға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде көтерме жәрдем- ақы тағайындалды. Жергілікті бюджет есебінен 88,0 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
Бүгінде ауылдар, моноқалалар мен аудан орталықтарына тартылатын тапшы мамандарға 8,5 млн, 1,2 млн және 800 мың теңге көлемінде көтермеақы белгіленген. Бұл бағыттағы шешімдер аудан әкімдіктері деңгейінде де қолдау табуда.
Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен 29 маманға біржолғы көтермеақы төленген. Оның ішінде 1 маманға – 8,5 млн теңге, 22 маманға – 1,2 млн теңгеден, 6 маманға 800 мың теңгеден берілген.
Сонымен қатар 2 дәрігерге қызметтік пәтер берілсе, 4 дәрігердің пәтерақысы медициналық ұйым есебінен төленуде. Онкология орталығы мамандарына қосымша 5 пәтер бөлінген. Кейбір ауданға келген жас мамандар коммуналдық шығындар бойынша да қолдауға ие болып отыр.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында 2025 жылы 7 284 маман оқытудан өтті. 2026 жылға жергілікті бюджет есебінен 105,9 млн теңге бөлініп, жоспарлы оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Өңірде 384 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетеді. 2025 жылы 1,5 млрд теңгеге 11 нысан күрделі жөндеуден өтті. 2026 жылы 660,2 млн теңгеге 5 нысанда жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Бүгінде 2 нысандағы жұмыстар толық аяқталған. Олар – Байзақ ауданындағы Дихан ауылы және Жамбыл облыстық мамандандырылған оңалту орталығы. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданындағы Құмарық амбулаториясы жөнделіп бітті. Қалған 3 нысанда жөндеу жұмыстары 90 пайызға жеткен.
2025 жылы 4,1 млрд теңгеге 5 нысан салынып, оның 4-еуі пайдалануға берілді. Ал Талас ауданындағы 200 төсектік орталық аурухана реконструкциясы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде қалды. 2026 жылы тағы 2 нысанның құрылысы жүргізілуде, оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жергілікті бюджет есебінен 1,5 млрд теңгеге 71 бірлік медициналық техника сатып алу жоспарланған. 2026 жылдан бастап «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 60 санитарлық автокөлік лизинг негізінде алынбақ. Жалпы құны – 2,3 млрд теңге.
Сонымен қатар МРТ, КТ және ангиографиялық жүйелерді лизинг арқылы сатып алу мәселесі қарастырылуда. Бүгінде медициналық ұйымдардың жарақтандырылу деңгейі 92,32 пайызға жетті. Қосымша «Қазақстан халқына» қоры мен жеке инвестициялар есебінен 6,5 млрд теңге көлемінде қаражат тарту көзделуде.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы өңірде күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,53 жасты құрады. Соңғы жылдары туу, өлім-жітім және сәби өлімі көрсеткіштері төмендеген. Қан айналым жүйесі аурулары мен туберкулез бойынша да оң динамика бар.
Өткен жылы өңірімізде 6,1 млрд теңгеге медициналық техника сатып алынып, 3,6 млрд теңгеге жасанды интеллект жобасы енгізілді. 4,0 млрд теңгеге 4 нысан салынып, 4,5 млрд теңгеге 12 нысан жөнделді. Сонымен қатар 7 284 медицина қызметкері оқытудан өтті.
Ал биылға аймақтағы денсаулық сақтау нысандарына МРТ, КТ, ангиограф сатып алу және «Cerebra» жасанды интеллект жүйесін енгізу мақсаты қойылып отыр. Сондай-ақ «Смарт-бейнежетон» жобаларын іске қосып, 60 санитарлық автокөлік алу жоспары да жүзеге асырылмақ. Медициналық инфрақұрылымды әрі қарай дамыту да жүзеге асыру көзделіп отырған жұмыстардың қатарында тұр.
Жалпы алғанда, өңірдің денсаулық сақтау жүйе- сінде кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Кадр- лық саясат, инфрақұрылым, цифрландыру және әлеуметтік қолдау шаралары медициналық қызмет сапасын арттыруға және халыққа қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жамбыл облысының медицина қауымдас- тығы халық денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізуде. Медицина қызметкерлері жоғары жауапкершілікпен еңбек етіп, денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ақ халатты абзал жандар күнделікті қиындықтарға мойымай өз ісіне деген адалдығын, кәсіби шеберлігін және адамгершілік қасиетін айқын көрсетуде.
Болашақта да өңір медицинасының әлеу- етін арттыру, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жолда бірлікпен жасалған еңбек пен ортақ мақсатқа деген ұмтылыс табысты нәтижелерге жеткізетіні хақ.
Осы ретте денсаулық сақтау саласының барлық маманын Медицина қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, жұмыстарына тек жеміс тілеймін!
Ұлтымыз сау, болашағымыз баянды болғай!