Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Темекі – тілсіз тажал

Түтінге «тұншыққандарға» тосқауыл табыла ма?

0 60

Бүгінде адамзат баласының денсаулығын барынша тұншықтырып отырған дерт жетерлік. Соның бірі – темекіге тәуелділік. Бұл осы күнгі ғана емес, келешек ұрпағымыз үшін де қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне жүгінсек, әлем халқының 18 пайызы, яғни шамамен бір миллиард адам шылым шегуге әуес. Соның салдарынан жыл сайын бес жарым миллионға жуық адам темекіге байланысты аурулардан көз жұмады екен.

Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандағы барлық мемлекетте темекіні заң жүзінде жарнамалауға қатаң тыйым салуға ұсыныс білдіруде. Халықаралық ұйым өкілдері жасаған зерттеулері балалар темекі тартуды неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым никотиннен бас тарту қиынға түсетінін дәлелдеген. Дүние- жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары әлем елдері адамдарының небәрі 5 пайызы ғана шылымды әспеттейтін жарнамалық дүниелерден аулақ екенін айтады. Ал қалған 95 пайыз бөлігі шылым өнімдерін үгіттейтін жарнамаларды күндіз-түні көреді екен. Егер нақты шара қолданбай, осы сарынмен жалғаса берсе, ғасыр соңына дейін 1 миллиард пенденің ажалы темекіден болатыны анық. Пайдасын темекі өнімдерінен көріп жүрген өндіріс орындары нарық аясын кеңейтуге, сәйкесінше азаматтарымыз- дың жаппай темекі тартуына мүдделі. Дүние- жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының айтуынша, темекі өнімінің жарнамалары толық тоқтатылса, темекі тартатындар саны 16 пайызға төмендейтінін анықтаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 17 маусымда өткен екінші Ұлттық құрылтайда Қазақстанға вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салу туралы айтқан еді. Ол вейпинг балалар мен жастардың денсаулығына, демек ұлтымыздың болашағына үлкен зиян келтіреді деген болатын.
– Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі элект- ронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде, жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін, – деген еді Президент.
Нәтижесінде өткен жылдың 19 сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Ал осы жылдың 20 маусымынан бастап темекі шегуге болмайтын, темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға және таратуға сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу күшіне енді.
Қазір барша ғалам жұртшылығы осы әлеуметтік қауіпті әдетке қарсы күресуде. Әлемдік тәжірибеге сай бұл індетке қарсы күрес алдын алу мен экономикалық шараларды қолдану тәсілдері арқылы жүзеге асады. Алдын алу әдістерінің бірі – темекінің қорабына өнімнің зиянды екені жазылатын ескертулер. Аустралияда темекі қораптарында өндірушінің фирмалық логотипі көрсетілмеген, керісінше темекі тартушылар арасында таралатын аурулардың зардабы туралы жағымсыз суреттер берілген. Қазірдің өзінде Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Жаңа Зеландия мен Норвегия сияқты елдер де нарыққа осындай өнімді енгізуді көздеп отыр. Ал Еуропа елдері темекіні саудадан мүлдем алып тастауды нысанаға алып отыр. Батыстың көптеген елінде қоғамдық орындарда шылым шегуге заң жүзінде тыйым берілген. Францияда осындай заң күшіне енгеннен кейін кафе мен мейрамханалардың табысы 10-15 пайызға кеміп, жүрек-қантамырлары ауруынан өмірмен қош айтысатындар саны 15 пайызға азайыпты.
Аталған бағыттағы шаралар Қазақстанда да жүйелі жүргізіліп келеді. Темекіге қарсы шаралардың арқасында соңғы жылдары Қазақстанда темекі шегушілер санының біртіндеп төмендегені байқалады. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың алғашқы жартысын қорытындылаған деректері бойынша, елімізде темекі шегетін азаматтардың үлесі 15,1 пайызға дейін қысқарыпты.
Биылғы қаңтар айында жүргізілген кезекті жылдық сауалнаманың нәтижелері елдегі шылымға тәуелділік динамикасының оң бағытта өзгергенін көрсетеді. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл көрсеткіш 2024 жылы – 20,7 пайыз, 2025 жылы – 17,5 пайыз болған.
Ұлттық бюроның дерегінше, зерттеуге 15 жастан асқан 12 мың үй шаруашылығының мүшелері қатысқан. Мәліметке сәйкес, ауылдық жерлерде темекі тарту көрсеткіші қалаға қарағанда жоғары екені байқалады екен. Атап айтсақ, ауылдық жерлерде тұрғындардың 17,8 пайызы түтінге «тұншығып» жүрсе, қалалықтардың 14 пайызы тұрақты түрде темекі өнімдерін тұтынады екен.
Зерттеулер темекіге тәуелділік ерлер арасында әйелдерге қарағанда 6 есе көп екенін де анықтап отыр. Айталық, ер азаматтардың 30,5 пайызы темекі өнімдерін тұтынса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 4,9 пайызды құрайды.
Сауалнама қатысушыларының басым бөлігі (98,6%) әлі де өнеркәсіптік жолмен өндірілген дәстүрлі темекіні қолданады. Сондай-ақ темекі қыздыру жүйелерін (IQOS, GLO) пайдаланушылар – 0,9 пайыз, электрондық темекі қолданушылар – 0,4%, ал басқа өнімдерді тұтынатындар 0,1 пайыз деңгейінде тұр екен.
Сарапшылар пікірінше, темекіге деген сұраныстың төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін. Олардың қатарында темекі өнімдеріне салынатын акциз мөлшерлемелерінің жыл сайынғы артуы (2026 жылы 1 000 дана үшін 18 051 теңге) және ең төменгі бөлшек сауда бағасының қымбаттауы (970 теңге) бар. Бұл шаралар халықтың зиянды әдеттен бас тартуына түрткі болып, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарының нәтижесін көрсетіп отыр.
Асыл дініміз Исламда да адамның ағзасына, жүрегіне, санасына, ұрпағына зиянды барлық нәрсе Құран бойынша харам делінеді. Құранда: «(Мұхаммед пайғамбар) Оларға пайдалы пәк нәрселерді адал етіп, зиянды нахош нәрселерді харам етеді…» – делінген. Демек, Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген дінінде адамға зиянды барлық нәрсе харам.
Ал, темекі адам ағзасына, санасы мен ұрпағына зиян болғандықтан, Құранның осы аяты бойынша оның харам екендігін айту қиын емес. Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қатерге итермеңдер!», «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер!» – делінеді. Ал шылым шегіп денсаулығына зиян тигізген кісі өз қолымен өзін қатерге итермелейді, әрі өз-өзін ұзақ мерзімде «баяу өлтірген» болады.
Бұған қоса, темекі тартқан кісі бұл жағымсыз әдетін көпшілікке, бала-шағасы мен жас жеткіншектерге жарнама етіп, оларды жиіркенішті қылыққа баулығандықтан және темекісін тастаған кейбір жұрттың нәпсісін қоздырып, қайта елірткендіктен, олардың да күнәсін Алла алдына арқалай бармақ. Исламда: «Бір іске себепкер болған кісі сол істі істегенмен бірдей күнә не сауап алады», – деген негізгі қағида бар.
Иә, темекі тарту – тәуелділік. Олай дейтініміз, темекі тартқан кісі өзін онсыз өмір сүре алмайтындай сезінеді. Темекі тартпаса, ішкен асы бойына дарымайтындай, төсекке жатса ұйқысы қашатындай боп көрінеді. Тіпті, шылым шекпесе, көңілі сергімей үнемі тұнжырап жүреді. Темекі үшін абыройын түсіріп көшедегі бейтаныс адамнан қол жайып сұрауға дейін барады.
Сондықтан шылымсыз қоғам құру – денсау- лықты қорғау мен өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы. Мұндай қоғамды қалыптас- тыру үшін бірнеше тиімді жолды қарастыру қажет. Темекінің зиянын түсіндіру және оның салдары туралы халықты ақпараттандыру – шылымсыз қоғам құрудың алғашқы қадамдарының бірі. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында темекі шегудің зияны туралы дәрістер, семинарлар мен тренингтер өткізу керек. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде темекі шегудің денсаулыққа кері әсерлері туралы ақпараттық науқандар ұйымдастыру тиімді.
Темекіге тәуелділікті жеңу үшін шылым шегуді тоқтатқысы келетіндерге медициналық және психологиялық көмек көрсету қажет. Арнайы орталықтар ашып, оларды темекіні тастау- ға арналған бағдарламалармен қамтамасыз ету шылымсыз қоғамға жақындататын маңызды қадамдардың бірі болмақ. Шылым шегумен күрес- те бүкіл қоғамның қатысуы маңызды. Қоғамда темекі шегудің зияндылығын түсіндіретін құндылықтар мен ережелер қалыптасуы тиіс. Жергілікті билік органдары, жұмыс берушілер, білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыс істеп, шылымсыз қоғамды қолдайтын іс-шаралар ұйымдастыруы керек.
Алдағы жылдары елімізде темекіге қарсы күресті күшейту және жаңа технологияларды пайдалану арқылы профилактикалық жұмыстарды жақсарту жоспарланып отыр. Қазақстанның темекіге қарсы күресі – денсаулық сақтау саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстар халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.