Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндіктерге жол

Таразда теңдессіз технологияның тиімді тұстары талқыланды

0 55

Қазіргі таңда жасанды интеллектінің білім беру жүйесіне енуі тек технологиялық жаңалық ретінде емес, тұтас білім беру философиясының өзгеруі ретінде қарастырылуда. Бұл үдеріс оқыту сапасын арттырумен қатар, адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық реформалардың бір бөлігіне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселесі ерекше өзектілікке ие.

Мемлекет басшысының Жолдауында білім беруді цифрландыру, педагогтарды даярлау, инфрақұрылымды жетілдіру және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты кешенді бағыттардың қамтылуы бұл бастаманың жүйелі сипатта екенін көрсетеді. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануының өзі аталған бағыттағы талқылау мен пікір алмасулардың салмағын арттырып тұр.
Осы мақсатқа бағытталған жиынның бірі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өтті. «Жаңа буындағы өңірлік университет: ғылым, жасанды интеллект және аумақтарды дамыту» тақырыбымен өткен Қазақстандық ректорлар Одағының ғылыми-тәжірибелік форумында елі- міздің жоғары оқу орындарының 36 ректоры бас қосты. Сондай-ақ ауқымды жиынға профессор-оқытушылар, докторанттар мен магистранттар қатысып, жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу, өңірлік университеттердің даму перспективалары, ғылым мен инновацияны ілгерілету және аумақтарды тұрақты дамыту мәселелерін талқылады.
Форумның ашылуында Қазақстандық ректорлар Одағының тең президенті Бақытжан Жұмағұлов сөз алып, шараны жүргізіп отырды. Ал Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Мәжіліс депутаты әрі университет құрылтайшысы Ерболат Саурықов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Джарасова мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова форумның тақырыбын сай баяндама жасап, сөз сөйледі.
– Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік табиғи ресурс- тар үшін емес, адам капиталы, білім мен технологиялар үшін жүріп жатыр. Ал осы бәсекенің алдыңғы шебінде университеттер тұр. Сондықтан біз бүгін жоғары оқу орындарының дамуын ғана емес, Қазақстанның адами капиталының болашағын талқылап отырмыз.
Ең әуелгі мәселе, университеттер өңір экономикасының нақты сұранысына сай жұмыс істеуге тиіс. Экономиканың дамуы сапалы кадрларға тікелей байланысты. Сондықтан жоғары оқу орындары еңбек нарығының болашақтағы қажеттіліктерін алдын ала болжап, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға басымдық беруі қажет.
Бүгінде өңірлік университеттердің рөлі артып келеді. Күшті өңірлік университет – бұл тек білім беру ұйымы ғана емес, ғылым мен инновацияның орталығы, жаңа мүмкіндіктердің алаңы және жастарды туған өңірінде ұстап қалудың маңызды тетігі. Өңірдің дамуы мен университеттің дамуы өзара тығыз байланысты.
Қазіргі таңда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар еңбек нарығын бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгертіп жатыр. Сондықтан университеттердің міндеті – тек маман даярлау емес, жастарды өзгерістерге бейімделуге, үздіксіз білім алуға және жаңа дағдыларды меңгеруге үйрету. Бүгінгі диплом – білім жолының аяқталуы емес, өмір бойы оқудың бастамасы.
Ғылым да өңірлердің нақты мәселелерін шешуге қызмет етуге тиіс. Әсіресе, Жамбыл өңірі үшін су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру, химия өнеркәсібін дамыту, энергетика және цифрландыру бағыттары ерекше маңызды. Әрбір университет өз өңірінің дамуына қандай үлес қосып отыр- ғанына нақты жауап бере алуы керек.
Педагогикалық жоғары оқу орындарына жүктелер жауапкершілік те ерекше. Өйткені барлығы мектептен басталады. Күшті мұғалімсіз сапалы білім жүйесін қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан педагог даярлауға салынған инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция. Он жылдан кейін ешкім университеттердің қанша меморандумға қол қойғанын сұрамайды. Олар бізден қанша инженер даярлағанымызды, қанша ғалым тәрбиелегенімізді, қанша жас өз болашағын Қазақстанмен байланыстырғанын сұрайды. Егер осы сұрақтарға лайықты жауап бере алсақ, онда өз міндетімізді абыроймен орындадық деген сөз. Өйткені мемлекеттің ең үлкен байлығы – табиғи ресурстар емес, бүгін университет аудиторияларында білім алып отырған жастар, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Байұзақұлы.
Шара барысында Қазақстандық ректорлар Одағының жоғары білім саласындағы міндеттері мен бағыттары, өңірлік экономика үшін адами капитал даярлау, жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің цифрлық трансформациясы, аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды. Екі пленарлық оты- рыстан тұрған ректорлар форумында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 36 ректор өзара пікір алмасты.
– Бүгінде ауыл шаруашылығы тек азық-түлік өндіретін сала ғана емес, ел экономикасының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып отыр. Сондықтан аграрлық секторды дамыту үшін екі мәселе ерекше маңызды: бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу.
Жамбыл облысында аграрлық сала экономиканың жетекші бағыттарының бірі болғанымен, білікті кадрлар тапшылығы, цифр- ландыру деңгейінің төмендігі және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері әлі де өзекті. Осыған байланысты өңірлік университеттер өздерінің нақты миссиясын айқындап, өңір сұранысына сай мамандар даярлауға басымдық беруі тиіс.
Біздің ұстанымымыз – университет өз бағытын нақты анықтап, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының болашақ қажеттіліктеріне бейімдеуі қажет. Бүгінгі аграрлық мамандықтар тек дәстүрлі ауыл шаруашылығымен шектелмейді. Олар жасанды интеллектіні, цифрлық технология- ларды, дәлме-дәл егіншілікті, агродрондарды және авто- маттандырылған басқару жүйелерін қамтитын заманауи пәнаралық бағыттарға айналуда.
Сондықтан университеттер білімді ғылым арқылы беруге, ал ғылымды нақты экономикалық мәселелерді шешуге бағыттауы керек. Ғылымның құндылығы оның қоғамға және өңірдің дамуына қосқан нақты үлесімен өлшенеді. Өңірлік ғылымды дамытуда мемлекет, жергілікті билік, бизнес және жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті күшейту маңызды. Ғылымға деген сұраныс қалыптаспайынша, инновациялық экономика құру мүмкін емес. «Қуатты өңір – күшті мемлекет» қағидатын бүгінгі жағдайда «Күшті өңірлік университет – қуатты өңір – күшті мемлекет» деген тұжырым толықтыра түседі. Өйткені өңірдің интеллектуалдық, ғылыми және кадрлық әлеуетін қалыптастыратын негізгі институт – университет. Сондықтан өңірлік жоғары оқу орындарының әлеуетін тиімді пайдалану, олардың ғылым мен білім саласындағы көшбасшылық рөлін күшейту – еліміздің тұрақты дамуының маңызды шарты, – деді Қазақстандық ректорлар Одағының вице-президенті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков.
Форум қорытындысында қатысушылар жоғары білім беру саласының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, арнайы резолюция қабылдады. Сонымен қатар қонақтар университеттің ғылыми-өндірістік орталықтарының жұмысымен танысты.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.