Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Сахна – менің тағдырым, көрермен – менің бақытым»

0 80

Қазақ театры өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған сахна саңлақтарының бірі – Қазақстан Республикасының Халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» ордендерінің иегері, А.Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театрының ардагер актрисасы Мәкен Рахымжанова. Жарты ғасырдан астам ғұмырын өнерге арнап, жүзден астам қойылымда басты рөлдерді сомдаған актриса жуырда жоғары мемлекеттік марапат – «Парасат» орденімен наградталды. Осы орайда өнер иесімен шығармашылық жолы, театр тағдыры және сахнадағы өмірі хақында әңгіме өрбіткен едік.

– Мәкен Рахымжанқызы, әуелі «Парасат» орденін иеленуіңізбен құттықтаймыз. Бұл марапатты алғандағы әсеріңіз қандай болды?
– Рақмет, айналайын. Әрине, марапат алған кезде кез келген адамның жүрегін қуаныш кернейді. Орденді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат минис- трі Аида Балаева табыстады. Бұл – мен үшін ғана емес, өмір бойы бірге еңбек еткен әріптестерім мен театр ұжымына көрсетілген құрмет деп білемін.
Өнер жолында адамның еңбегі еленсе, одан асқан бақыт жоқ. Осыған дейін де мемлекет тарапынан бағаланып келемін. Жас кезімде, театрда 2-ақ жыл жұмыс істеген шағымда «Құрмет» орденін алғанмын. Мәскеуде 24 жасымда үлкен сахна қайраткерлерінің қолынан марапат алу бақыты бұйыр- ды. Сондықтан бүгінгі «Парасат» орденін де өмір бойғы еңбектің ақталғаны деп қабылдаймын. Бір адамның қолынан ештеңе келмейді. Сол себепті театр басшылығына, режиссерларға, сахналас серіктеріме, көрермендерге алғысым шексіз.
– Балалық шағыңыз бен өнерге деген алғашқы қызығушылығыңыз туралы айтып берсеңіз…
– Мен – ауылда қой бағып өскен қарапайым қызбын. Бірақ бала күнімнен арманым асқақ болды. Қой жайып жүріп-ақ өзімше спектакль қоятынмын. Қойларды көрермен етіп, түрлі кейіпкерлерді сомдаймын. Сол кезде-ақ әртіс боламын деп шешкен шығармын.
Ол кезде теледидар жоқ. Радио- дан берілетін «Ұшқын» бағдарламасын қалт жібермей тыңдайтынмын. Бағдарламаны жүргізетін Торғын Тасыбекова мен Райымбек Сейтметовтің дауысын ерекше жақсы көретінмін. Сол кісілердей өнер адамы болуды армандадым.
Арман жетелеп, 1972 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театр жанындағы театр студиясына оқуға түстім. Оны қызыл дипломмен тәмамдадым. Оқуды аяқтаған соң тоғыз студент жолдамамен Таразға келдік. Содан бері табан аудармай осы театрда еңбек етіп келемін. Биылғы есеппен сахнадағы ғұмырыма елу жылдан асты.
– Театр сахнасына алғаш шыққан күніңіз есіңізде ме?
– Әрине, ондай күн қалай ұмытылсын?! Ол – менің өмірімдегі ең толқынысты, ең қастерлі сәттердің бірі. Алғашқы рөлім – Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасы бойынша сахналанған Жәмилә бейнесі болды. Жас жүрек үшін бұл үлкен сын әрі зор жауапкершілік еді. Сахна сыртында тұрған сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. Жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдеп, қол-аяғым дірілдеп тұрды. Көптен күткен арманым орындалғалы тұрғанымен, бойымды белгісіз бір қобалжу биледі. Өйткені сол күні мен алғаш рет көрерменнің алдында өз тағдырымды өнермен байланыстыратын үлкен жолға қадам бастым.
Шымылдық ашылып, сахнаға шыққан сәтте бәрі өзгеріп сала берді. Залға көз жүгірткенімде жүздеген көрерменнің жанары маған қадалып тұрғанын көрдім. Сол мезетте бойыма бір тылсым күш құйылғандай болды. Қобалжуым сейіліп, өзімді Жәмиләнің өмір сүріп жатқан әлемінде жүргендей сезіндім. Кейіпкердің қуанышы мен мұңы, арманы мен сағынышы менің де жан дүниеммен астасып кетті.
Сол кеште мен сахнаның жай ғана жұмыс орны емес екенін түсіндім. Ол – адам тағдырын, халықтың мұңын, өмірдің шындығын жеткізетін қасиетті мекен екен. Сол күннен бастап театр менің өмірімнің мәніне, тағдырымның ажырамас бөлігіне айналды. Содан бері сахнаға қанша рет шықсам да, алғашқы кездегідей толқу мен қуаныш жүрегімде сақталып келеді.
– Өнердегі алғашқы ұстазыңыз кім? Ол кісіден қандай тағылым алдыңыз?
– Менің өнердегі алғашқы әрі ең үлкен ұстазым – Қазақстанның Халық артисі Жақып Омаров болды. Ол кісі бізге тек актерлік шеберліктің қыр-сырын үйретіп қана қойған жоқ, өнердің қасиетін, сахнаның киесін сезінуді үйретті. Ұстазымыздың әрбір сөзі біз үшін өмірлік сабақ еді. Жақып аға: «Актер, ең алдымен, адам болуы керек. Адамның жанын түсінбеген жан образдың да жанын аша алмайды», – деп жиі айтатын. Ол кісі сахнадағы шынайылықты бәрінен жоғары қоятын. «Көрерменді алдауға болмайды. Сахнаға шыққан адам жалғандыққа жол бермеуі керек», – деген сөзін әлі күнге дейін жадымда сақтап келемін.
Ұстазымыз әр кейіпкердің тағдырын терең зерттеуді талап ететін. «Образдың өмірін өз өміріңдей қабылда. Оның қуанышына өзің қуанып, қайғысын өзің көтермесең, көрерменнің жүрегіне жол таба алмайсың», – дейтін. Сол сөздердің мәнін жылдар өте келе тереңірек түсіндім. Расында да, актердің бас- ты міндеті – рөлді ойнау емес, онымен өмір сүру.
Жақып Омаров бізге өнерге адалдықты, еңбекқорлықты, тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Сахнаға шығар алдында әр сөзге, әр қимылға үлкен жауапкершілікпен қарауды талап ететін. Біз оның қатаң мектебінен өттік. Бірақ сол талаптың арқасында шыңдалдық, кәсіби тұрғыдан қалыптастық.
Бүгінгі күні сахнада жүрген әрбір жетістігіме көз жүгіртсем, оның түп-тамырында ұстазымның берген тәлімі жатыр деп ойлаймын. Өнер жолындағы ең үлкен байлығымның бірі – сондай ұлағатты тұлғаның шәкірті болғаным.

– Жүзден астам рөл сомдадыңыз. Солардың ішінде жүрегіңізге ең жақыны қайсысы?
– Актер үшін әр рөлдің орны бөлек. Өйткені әр кейіпкермен бірге өмір сүресің, оның қуанышын да, қайғысын да өз жүрегіңнен өткізесің. Сондықтан әр образ мен үшін қымбат. Дегенмен, жылдар өтсе де жан дүниемнен алыстамай, жүрегімнің төрінде сақталып қалған кейіпкердің бірі – «Қара кемпір» қойылымындағы Қара кемпірдің бейнесі. 1990 жылы Әлібек Әмзеұлының жетекшілігімен сахналанды.
Бұл рөлге кіріспес бұрын мен кейіпкердің тағдырын тереңірек түсінгім келді. Сол себепті Аспара ауылына арнайы барып, жол бойында тұрған Қара кемпір ескерткішінің басында болдым. Үнсіз тұрған ескерткішке ұзақ қарап, ананың жүрегіндегі шерді, өмір бойғы сағынышты, үзілмеген үмітті сезінуге тырыстым. Сол сәтте бұл жай ғана сахналық образ емес, қазақ әйелінің тағдыры, қазақ анасының қайсарлығы мен қасіретінің жиынтық бейнесі екенін ұқтым.
Сахнаға шыққан сайын Қара кемпірдің мұңы мен сағынышы өз жан дүниеммен астасып кететін. Оның әр сөзі, әр көз жасы жүрегімнен шығатын. Сондықтан бұл рөл мен үшін актерлік шеберліктің ғана емес, адамдық болмыстың да үлкен сынағы болды. Бүгіннің өзінде сол образды еске алсам, жүрегім шымырлап, көңілім толқып кетеді.
Сондай-ақ 1975 жылы М.Шолоховтың «Тынық дон» спектакліндегі Наталья бейнесі де шығармашылық тағдырымда ерекше орын алады. Бұл рөлді де сүйіп ойнадым. Жалпы, тағдыр маған қазақ драматургиясының інжу-маржаны саналатын көптеген классикалық шығармалардағы басты кейіпкерлерді сомдау бақытын сыйлады. Ұлы жазушылардың қаламынан туған аяулы арулар мен асыл аналардың, қайсар қыздар мен күрделі тағдыр иелерінің бейнесін сахнаға шығару мен үшін үлкен мектеп болды.
Қазір өткен өміріме көз жүгіртсем, сомдаған образдарымның бәрі менің рухани әлемімнің бір бөлшегіне айналып кеткендей көрінеді. Олармен бірге есейдім, олармен бірге толыстым. Сондықтан әр рөлім – жүрегімде сақталған қымбат естелік, өнер жолындағы өмірімнің айнасы іспетті.
– Сіз сомдаған кейіпкерлердің қайсысы ерекше дайындықты талап етті?
– Әр рөлдің өз қиындығы бар. Мен сахнаға шығар алдында мәтінді қанша рет қайталасам да, шымылдық ашылар сәтте бәрін ұмытып қалғандай боламын. Бір ауыз сөзі есіме түспейді. Бірақ сахнаға аяқ басқан кезде кейіпкердің өзі жетелеп әкетеді. Сол кезде бәрі орнына келеді. Актер үшін ең қиыны – кейіпкердің жан дүниесін ашу. Жылау немесе эмоция көрсету оңай емес. Ол үшін образдың ішкі әлеміне толық ену керек.
– А.Тоқпанов атындағы театрдағы еңбек жолыңыздың ең жарқын сәттері қандай?
– Менің жастығымның ең әдемі жылдары театрмен бірге өрілді. Сондықтан еңбек жолымдағы жарқын сәттерді бір-екі оқиғамен ғана өлшеу қиын. Біздің буынның өмірі гастрольмен өтті десем, артық айтқандық емес. Көктемнің лебі сезіле бастағаннан-ақ жолға жиналатынбыз. Алыс ауылдар, аудан орталықтары, облыстар, кейде тіпті көршілес мемлекеттердің сахналары біз үшін екінші үйімізге айналған еді.
Сол кездері жолдың қиындығына қараған жоқпыз. Кейде таң атқанша жүріп, түске таман ауылға жететінбіз. Демалуға уақыт тапшы болса да, кешке сахнаға көтерілгенде барлық шаршау ұмытылып кететін. Өйткені бізді тағатсыздана күтіп отырған көрермен бар еді. Ауыл клубтарының лық толған залдары, кейде билет таппай сырт- та қалған адамдардың қарасы – өнердің халыққа қаншалықты қажет екенін сездіретін.
Әсіресе, шалғай ауылдарға барған сәттер жадымда ерекше сақталған. Кейбір көрермен қойылым аяқталған соң көзіне жас алып, ризашылығын білдіріп жататын. Сондай сәттерде актер еңбегінің шынайы бағасын сезінесің. Біз үшін атақ та, марапат та емес, халықтың ықыласы ең үлкен қуаныш болатын. Сондықтан сахна – менің тағдырым, көрермен – менің бақытым.
Қазіргі жастар театрға келгенде барлық жағдай жасалған ортаға тап болады. Бұл – әрине, заманның жетістігі. Ал біз сахнаға жетудің өзін үлкен еңбекпен, төзіммен бағындырдық. Жол азабын да көрдік, табиғаттың ыстығы мен суығына да төздік, бірақ ешқашан өнерге деген сүйіспеншілігімізден айныған жоқпыз.
Бүгінде сол жылдарды сағынышпен еске аламын. Қаншама әріптестермен бірге күлдік, бірге жыладық, бірге өнердің ауыр жүгін көтердік. Уақыт бәрін алыс- татып әкеткенімен, сол гастрольдік сапарлар, көрерменнің ыстық ықыласы, сахна сыртындағы қызыққа толы күндер жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Мен үшін театрдағы ең жарқын сәттер – дәл сол өнерге деген шынайы махаббат пен адал еңбектің жылдары.
– Қазақ театрының кешегісі мен бүгінгісін салыстырғанда қандай өзгерістерді байқайсыз?
– Театр – тірі ағза секілді. Уақытпен бірге тыныстайды, уақытпен бірге жаңарады. Сондықтан бүгінгі театр мен кешегі театрдың арасында айырмашылықтың болуы – заңды құбылыс. Біз еңбек жолын бастаған жылдары сахнадағы талап та, тәртіп те өте жоғары болатын. Әр қойылымға айлап дайындалатынбыз. Режиссерлар әр сөздің, әр қимылдың астарынан мағына іздеп, актердан жан-тәнімен берілуді талап ететін.
Қазір техникалық мүмкіндіктер артты. Сахнаның безендірілуі, жарық пен дыбыс режиссурасы, көркемдік шешімдер заман талабына сай жаңарып келеді. Жас режиссерлар жаңа ізденістерге барып, әлемдік театр үрдістерін ұлттық өнермен ұштастыруға талпынып жүр. Бұл – қуантарлық жағдай.
Дегенмен, театрдың мәңгілік өзгермейтін құндылықтары бар. Ол – шынайылық, руханият және адам жанының тереңіне үңілу. Техника мен сыртқы форма қанша дамыса да, көрерменді толқытатын нәрсе – сахнадағы шындық. Актердің жүрегінен шыққан сөз ғана көрерменнің жүрегіне жетеді. Сондықтан қазақ театры қандай бағытта дамыса да, өзінің ұлттық болмысын, рухани тамырын жоғалтпауы керек деп ойлаймын.
– Бүгінгі жас актерларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Біз тәрбиеленген орта мүлде басқа еді. Ұстаздарымыз бізден үлкен жауапкершілік талап ететін. Рөл беру оңай емес, сенім арту одан да қиын болатын. Сондықтан әр образдың табиғатын зерттеп, оның жан дүниесіне үңіліп, көп ізденетінбіз.
Қазіргі жастардың талабы мен талғамы басқа екені рас. Бірақ актерлық өнердің негізгі заңдылықтары ешқашан өзгермейді. Жас актер, ең алдымен, көп оқу керек. Әдебиет оқымай, өмірді танып-білмей, үлкен образ жасау мүмкін емес. Кітап – актердің рухани азығы.
Мен жастарға әрдайым: «Кейіпкеріңнің өмірін өз өміріңдей қабылда. Оның қуанышы мен қайғысын өз жүрегіңнен өткіз. «Егер мен оның орнында болсам не істер едім?» деген сұрақты өзіңе жиі қой», – деп айтамын. Сонда ғана сахнада жасандылық болмайды. Актер үшін талант жеткіліксіз. Табандылық, еңбекқорлық, ізденіс және тәртіп қажет. Өнерге келген адам өз мамандығын шексіз сүюі керек. Сонда ғана ол көрерменнің жүрегінен орын табады.
– Сахнада сомдағыңыз келіп, армандаған рөліңіз болды ма?
– Әр актердың көкірегінде бір арман жүреді. Менің де сондай қасиетті арманым болды. Ол – Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» шығармасындағы Толғанай бейнесі.
Студент кезімде осы шығарманы сахнадан көрген сайын ерекше әсерленетінмін. Толғанайдың тағдыры, аналық жүректің азабы мен қайраты мені қатты толқытатын. Қойылымды қанша рет көрсем де көзіме жас келетін. Іштей: «Бір күні осы рөлді мен де сомдасам ғой», – деп армандайтынмын. Жылдар өте келе сол арманым орындалды. Театрға режиссер Қуандық Қасым келген кезде осы шығарманы сахналауды өтіндім. Бақытыма қарай, қойылым сахнаға жол тартты, ал мен Толғанай образын сомдау бақытына ие болдым. Бұл рөл мен үшін жай ғана кейіпкер емес еді. Ол – ананың төзімі, қайраты, ұрпаққа деген махаббатының символы болды. Толғанайдың әр сөзі мен әр көз жасы жүрегімнен өтті. Сондықтан бұл образ шығармашылық тағдырымдағы ең қымбат белестердің бірі болып қалды.
– Өнердегі ұзақ жолыңызға көз жүгірткенде өзіңізді ең бақытты сезінетін сәттеріңіз қандай?
– Адам өмірінде марапат көп болуы мүмкін. Бірақ актер үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы. Сахнада ойнап болғаннан кейін көрерменнің ұзақ қол соғуы, спектакльден кейін келіп алғысын айтуы, арада жылдар өтсе де кейіпкерлеріңді ұмытпай еске алуы – сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақыт.
Менің ғұмырым театрмен бірге өрілді. Жастығым да, қуанышым да, арманым да осы сахнамен байланысты. Елу жылдан астам уақыт бойы жүзден астам образдың тағдырын кештім. Әр рөлмен бірге қуандым, мұңайдым, толқыдым. Кейде өмірдің өзінен таба алмаған әсерді сахнадан таптым. Бүгінгі күні артқа қарасам, өкініштен гөрі шүкіршілік сезімі басым. Өнердегі жолымды жалғап келе жатқан шәкірттерім бар. Балаларым мен немерелерімнің қызығын көріп, бүгінде шөбере сүйіп отырмын. Жолдасым өнерімді әрқашан қолдап келеді. Халқымның құрметіне бөлендім. Ел бағасын беріп жатыр. Бұдан асқан бақыттың керегі жоқ шығар.
Өнер адамы үшін өмірдің мәні – соңында жақсы із қалдыру. Егер мен сомдаған кейіпкерлер көрерменнің жүрегінде сақталып қалса, онда өмірімді бекер сүрмедім деп ойлаймын.
– Мәкен Рахымжанқызы, мазмұнды әңгімеңізге рақмет. Қазақ театр өнерінің дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегіңіз әрдайым ел есінде, жұрт жадында сақтала бергей. Өзіңізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен ұзақ ғұмыр тілейміз!

Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.