Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жолдаудың жүзеге асуының жарқын дәлелі

0 54

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жасаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көптеген маңызды мәселені қозғағаны белгілі. Саяси салмағы зор құжаттан туындаған міндеттерді орындау мақсатымен бүгінге дейін қыруар жұмыс істеліп жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе, жасанды интеллектіні өз игілігімізге жарату үшін игеру жолында сан түрлі жобалар жүзеге асуда. Оны білім беру, ғылымды дамыту, денсаулық сақтау салаларына кіріктіру бағытындағы ілкімді істер де қуантпай қоймайды.

Алайда Жолдауда сөз болған тағы бір салмақты мәселе – елімізде жаңа Алатау қаласын салу жайы еді. Бұл жайында Мемлекет басшысы: «Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды.
Жақында Қытайға барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады.
Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.
Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн.
Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет, – деген болатын.
Жалпы, Алатау қаласының құрылысы 2024 жылы басталған болатын. Мемлекет басшысының сол жылғы қаңтардағы Жарлығымен Алматы облысы, Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала мәртебесін алып, Алатау деп қайта аталды.
Ал 2025 жылғы қыркүйекте Президент Алатауға ерекше мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім қаланы өңірдегі толық цифрландырылған алғашқы шаhардың біріне айналдыруға жол ашты. Құжатқа сәйкес, Alatau City заманауи басқару жүйелері, бизнес және озық қалалық инфрақұрылым тоғысқан инновациялық алаң ретінде қалыптасуға тиіс.
Кейінірек Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатауды дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, жобаны тиімді жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің төрағалығымен арнайы кеңес құрылады. Оның құрамына Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Ұлыбритания, АҚШ және Сингапур сияқты елдердегі ірі урбанистикалық жобаларды іске асыру тәжірибесі бар халықаралық сарапшылар тартылады.
Қазіргі кезде қала ауданы 88 мың гектарды құрайды. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын 4 арнаулы аумаққа бөлінген. Яғни қала аумағы белгілі бір салаларға маманданған төрт ірі ауданнан тұрады.
• Gate District қаланың қаржы-іскерлік және халықаралық сауда орталығына айналмақ. Аудан Өтеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің аралығында орналасады.
• Golden District заманауи білім беру және жоғары технологиялық медицинаның орталығы ретінде дамиды. Аудан Кіші Алматы мен Қаскелең өзендерінің аралығындағы 15 мың гектардан астам аумақты қамтиды.
• Growing District ғылыми-өндірістік кластер әрі Қазақстанды Қытай және Ресеймен байланыс- тыратын маңызды көлік-логистикалық хабқа айналады. Ауданды Алматы-Қапшағай автожолы мен Жетіген-Қазыбек теміржолы бойында дамыту жоспарланып отыр.
• Green District туризм, экология және демалыс бағыттарына басымдық береді. Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Қаскелең өзенінің бойын қамтитын бұл аумақта курорттық аймақтар, рекреациялық нысандар және ойын-сауық инфрақұрылымы дамытылады.
Сонымен қатар қаланың негізгі даму аймақтары мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистралды инфрақұрылымды ілгерілету бойынша жол картасы қолға алынған. Басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын Конституциялық заң қабылданды.
Бүгінде Gate City тұрғын үй алабы жедел өркендеп келеді. Мұнда «Жайлы мектеп» бой көтеріп, «Маревен Фуд Тянь-Шань», «Кнауф», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді жүйе құрайтын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, 53 инвестиция- лық жобадан тұратын пул жасақталды. Оның жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асады. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін өңірдегі алғашқы заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда.
Сонымен қатар 2025 жылдың желтоқсанында Үкімет «Alatau» арнайы экономикалық аймағын құру туралы қаулыға өзгерістер енгізді. Аймақтың жалпы аумағы шамамен 99 мың гектар болады. Оның құрамына өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған аумақтар, соның ішінде әуежай қызметіне қатысты жобалық аймақтар да енгізілді.
2047 жылға дейін арнайы экономикалық аймаққа 1,6 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 трлн теңгеден астамы шетелдік инвестициялар есебінен болуға тиіс. Сондай-ақ 17 мың жаңа жұмыс орнын ашу және 53 компания- резидентті тарту көзделген.
Ал 2026 жылдың 8 мамырында Қазақстан Президенті «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі» туралы Конституциялық заңға қол қойды.
Бұл құжат мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізуді және инвестиция, инновация мен технологияларды тартуға бағытталған дербес қалалық экожүйені қалыптастыруды көздейді. Заң аясында кәсіпкерлік, цифрлық активтер, қаржы нарығы, сәулет-қала құрылысы, экология, мәдениет, спорт, тіпті ойын бизнесі салалары да реттеледі.
Сонымен қатар «Алатау резиденті» деген арнайы мәртебе енгізіледі. Бұл мәртебені жеке және заңды тұлғалар ала алады. Резидент санатына байланысты берілетін жеңілдіктер көлемі мен арнайы режимді қолдану ерекшеліктері айқындалады.
Билік өкілдерінің айтуынша, даму моделін әзірлеу барысында Қытайдың Шенжен мен Хайнань қалаларының тәжірибесі, Дубайдағы арнайы экономикалық аймақтар және Сингапурдың ұзақ мерзімді жоспарлау тәсілдері негізге алынған.
Атап айтқанда, Алатауда мемлекеттік қызметтер мен бизнеске арналған лицензияларды бір терезе қағидаты арқылы рәсімдеу тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Ерекше тоқталып өтер жайт, 2026 жылдың 19 мамырында Қазақстанда аэротакси сынақтары ресми түрде басталды. Алғашқы демонстрациялық ұшу дәл Алатау қаласында өтті.
Сынақтар үшін Алматыға жақын орналасқан республикалық трасса бойындағы алаң таңдалды. Мұнда елдегі алғашқы вертипорт – eVTOL әуе аппараттарының көтерілуі мен қонуына арналған арнайы алаң салынып жатыр. Болашақта бұл аумақта UAM Center Eurasia орталығы және Қазақстанның толыққанды вертипорты пайда болады.
Осылайша 2027 жылдың өзінде-ақ аэротакси Алатау, Алматы әуежайы және Қонаев қаласы арасында жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыра бастауы мүмкін.
Қазіргі уақытта Көлік министрлігі сынақтық ұшуларға арналған уақытша ережелерді әзірлеп, тест- тік рейстерге рұқсаттар берді. Мамандар ықтимал бағыттарды, желдің әсерін, қауіпсіз ұшу биіктігін және жер бедерінің ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп жатыр.
Алдын ала есеп бойынша, Алматы ішіндегі алыс бағыттарға аэротаксимен қатынау құны бір адамға шамамен 7 мың теңге көлемінде болуы мүмкін. Бір аппарат 5-тен 9 жолаушыға дейін тасымалдауға қауқарлы.
Бүгінде Алатау әлі де ірі құрылыс алаңы ретінде қалыптасу кезеңінде. Дегенмен, билік өкілдері бұл жобаның алдағы жылдары өңірдегі инвестиция, логистика, технология және туризм бағыттарының маңызды орталықтарының біріне айналатынына сенім артып отыр.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.