Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын мерзімді баспасөзге көлемді сұхбат беруі бүгінде жақсы дәстүрге айналды. Бұл – елдегі маңызды мәселелерді ашық талқылап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді халыққа жан-жақты түсіндірудің тиімді алаңы. Осындай мазмұнды сұхбаттың бірі биыл жыл басында «Turkistan» газетінде жарық көрді.
Президент сұхбат барысында ең алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстар мен ел өміріндегі негізгі нәтижелерге тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздің саяси-экономикалық даму бағыттарын саралап, жүзеге асқан реформалардың маңызына кеңінен назар аударды. Әсіресе қоғамда әділеттілік қағидатын орнықтыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру мен әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелері сөз болды.
– Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.
Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек,– деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы сұхбат барысында экономикалық реформалардың ел дамуы үшін шешуші маңызға ие екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі басты міндет – экономиканы мұнайға тәуелділіктен арылтып, әртараптандыру. Осы бағытта өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріліп, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселесі назарда тұрғанын айтты.
– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыс- тар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыс- тағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін, – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы жастар мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, ел болашағы – білімді әрі саналы жастардың қолында. Сондықтан мемлекет жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, кәсіп меңгеруіне және жұмыс табуына мүмкіндік жасалып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету де маңызды бағыттардың бірі екені айтылды.
Сұхбаттағы маңызды тақырыптардың бірі – әділетті Қазақстан құру мәселесі болды. Президент қоғамда заң мен тәртіп үстем болуы керектігін ерекше атап өтті. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, азаматтардың құқықтарын қорғау – ел дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде айтылды. Мемлекет басшысы халықтың мемлекетке деген сенімі нақты істер арқылы қалыптасатынын жеткізді.
Ұлттық құндылықтар мен руханият мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президент қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мәдениет пен дәстүрді сақтау – мемлекеттің маңызды міндеті екенін айтты. Сонымен қатар ел бірлігі мен татулықтың маңызын ерекше атап өтті. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтып, бұл еліміздің басты жетістіктерінің бірі екенін жеткізді.
Сұхбат барысында халықаралық саясат мәселелері де қозғалды. Президент Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатынын, барлық елмен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін айтты. Сонымен қатар еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтын мемлекет екенін атап өтті. Қазақстан халықаралық аренада сенімді әріптес ретінде танылып келе жатқанын да тілге тиек етті.
Мемлекет басшысының бұл сұхбаты қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Өйткені онда халықты толғандырған көптеген өзекті мәселелер ашық айтылды. Президенттің әр сөзі ел дамуының алдағы бағытын айқындап, халыққа нақты мақсат-міндеттерді түсіндірді деуге болады.
Мемлекет басшысының бұл сұхбаты ел дамуының алдағы бағыттарын айқындап қана қоймай, қоғам көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап берген маңызды әңгіме болды. Ашық пікір мен нақты ұстанымға құрылған мұндай сұхбаттар халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, елдің болашағына деген сенімді арттыра түседі.
Арайлым АБДРАХМАН,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының 2-курс студенті