Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Еріктілер – қоғамның белсенді күші

0 49

Әулиеата өңірі – тарихы терең, тағылымы мол өңір. Бұл өлке қашанда ауызбіршілігімен, бауырмалдығымен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін асыл қасиеттерімен ерекшеленіп келеді. Бүгінде сол ізгі дәстүрдің жалғасын волонтерлар қозғалысынан анық байқауға болады. Қоғамның түрлі саласында белсенді еңбек етіп жүрген еріктілердің жұмысы – адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі. Соңғы жылдары өңірде волонтерлық қызмет қарқынды дамып келеді. Облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік, медициналық, гуманитарлық, экологиялық және мәдени бағыттар бойынша көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда. Еріктілер қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді. Бұл жұмыстар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға да үлкен ықпал етуде.

Биыл облыс көлемінде волонтерлық қызметке 1 929 ерікті тартылып, 33 124 адам қамтылған. Бұл – өңір жастарының қоғамға деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Әрбір еріктінің еңбегі – бір адамның тағдырына үміт сыйлап, жүрегіне жылулық ұялататын маңызды іс.
Еріктілердің ең белсенді бағыттарының бірі – қарттар мен жалғыз- басты азаматтарға көмек көрсету. Бұл салада 181 волонтер еңбек етіп, 1 690 адамға қолдау көрсеткен. Олар жалғызілікті қариялардың үй шаруасына көмектесіп, азық-түлік жеткізіп, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне жәрдем беруде. Кейде үлкен кісілер үшін жылы сөз айтып, жанынан табылудың өзі – үлкен демеу. Осындай сәттерде еріктілер тек көмек көрсетуші ғана емес, рухани тірекке айналып жүр.
Медицина саласындағы волонтерлық та ерекше маңызға ие. Бүгінде 84 ерікті 702 тұрғынға көмек көрсетіп келеді. Олар ауруханалар мен емханаларда ақпараттық жұмыстар жүргізіп, науқастарға бағыт-бағдар береді, дәрігерлерге қолғабыс жасайды. Әсіресе, пандемия кезеңінде волонтерлардың жанкешті еңбегі халық жадында сақталды. Қиын уақытта олар дәрі-дәрмек жеткізіп, мұқтаж жандардың жанынан табылды. Бұл жастардың ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат екенін көрсетті.
Білім беру саласында да еріктілердің еңбегі айрықша байқалады. 100 волонтер 1 385 адамды қамтып, оқушылар мен жастарға тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізген. Түрлі әлеуметтік жобалар ұйымдастырып, жастардың білімге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосуда. Ал өнер саласындағы волонтерлық бағытта 207 ерікті белсенділік танытып, 10 257 адамды қамтыған. Концерттер, мәдени кештер, шығармашылық жобалар арқылы жастардың рухани әлемін байытуға атсалысып келеді.
Экологиялық волонтерлық та өңірде кең қанат жайып отыр. Бұл бағытта 255 ерікті табиғатты қорғау, тазалық акциялары мен көгалдандыру шараларын ұйымдас- тырып, 3 660 адамды қамтыған. Тараз қаласы мен аудан-аймақтарда ағаш отырғызу, өзен-көл жағалауларын тазалау жұмыстары тұрақты өткізіледі. Жастар туған жердің табиғатын қорғауды өздерінің азаматтық парызы деп біледі. Ақыртас секілді тарихи орындар маңында өткізілетін экологиялық акциялар да жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсуде.
– Жамбыл облысында соңғы жылдары қоғам мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі бастамалар мен әлеуметтік жобалар кеңінен жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, жастар тәрбиесі, қоршаған ортаны қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар халық тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Мемлекет басшысы ұсынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынған жобалар да өңірдің қоғамдық өміріне тың серпін берді.
Соның бірі – «Тазалық табалдырықтан басталады» атты жоба. Бұл бастама тұрғындарды тазалық мәдениетіне баулып, туған жерге жанашырлықпен қарауға үндейді. Жоба аясында Тараз қаласы мен аудан-аймақтарда сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен саябақтар, арық жүйелері мен қоғамдық орындар тазартылуда. Еріктілер мен белсенді жастар аулаларды көгалдандырып, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына белсене қатысып келеді.
Тазалық мәселесі тек қоршаған ортаны күтіп ұстаумен шектелмейді. Бұл – адамның ішкі мәдениеті мен қоғамға деген жауапкершілігінің көрсеткіші. Осыны терең түсінген жастар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, экологиялық мәдениетті қалыптас- тыруға күш салуда. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы табиғатты қорғау, қоқысты сұрыптау, қоғамдық орындарды таза ұстау жөнінде танымдық ақпараттар кеңінен таратылуда, – дейді Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айбек Қадралиев.
Ал гуманитарлық-әлеуметтік көмек көрсету бағытында 165 ерікті 1 034 адамға қолдау білдірді. Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде көмек көрсету, донорлық, жануарларды қорғау, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету бағыттарында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Еріктілер қандай жағдайда да халықтың жанынан табылып, қоғамдағы сенім мен бірліктің нығаюына үлес қосуда.
Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында да маңызды жұмыстар қолға алынған. Соның ішінде волонтерлық негізде жүзеге асырылып жатқан «Қорған» жобасының маңызы ерекше. Бұл жоба жастар арасында құқықбұзушылықтың, есірткі мен зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған. Жобаға қатысушы еріктілер оқу орындарында кездесулер өткізіп, жасөспірімдерге құқықтық сауаттылық жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінде есірткі мәселесі қоғам үшін аса өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Осыған байланысты волонтерлар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақыруда. Арнайы акциялар, спорттық жарыстар мен мотивациялық кездесулер ұйымдас- тырылып, жастарға өмірдің құндылығы мен болашаққа деген жауапкершілік түсіндірілуде.
Аймақта жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатымен де түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. Соңғы уақытта фитнес клубтар мен спорттық үйірмелер ашылып, тұрғындардың салауатты өмір салтына қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, жастар арасында спортпен шұғылданушылар саны көбейіп, түрлі спорттық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Сонымен қатар пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде атқарылып келеді. Арнайы жобалар арқылы оларды жұмыспен қамту, кәсіптік бағыт беру және әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылуда. Мемлекеттік мекемелер мен еріктілер бірлесіп, пробация қызметіндегі азаматтардың жаңа өмір бастауына мүмкіндік жасауға күш салуда.
– Бүгінде өңірде ивент-волонтерлық пен медиаволонтерлық та қарқынды дамып келеді. Жастар түрлі мәдени-көпшілік шаралар мен ақпараттық жұмыстарға белсенді қатысып, өздерінің ұйымдас- тырушылық қабілеттерін шыңдауда. Волонтерлық қызмет жастар үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Бұл орта оларды жауапкершілікке, төзімділікке, мейірімділікке тәрбиелейді.
Қоғамнан шет қалмай, еңбекке араласқан адам өз өмірін өзгертуге қадам жасайды. Осыны негізге алған мамандар мен еріктілер азаматтарға психологиялық қолдау көрсетіп, олардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесуде. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылық пен әлеуметтік бірлікті нығайтудың маңызды жолы, – дейді орталық директоры.
Жамбыл облысындағы еріктілер қозғалысы – қоғамдағы жанашырлық пен ынтымақтың нақты көрінісі. Мыңдаған жастың игі іске жұмылуы өңірдің рухани әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Олар ешқандай марапат күтпей, жүрек қалауымен еңбек етеді. Осындай азаматтардың арқасында қоғамда мейірім мен адамгершілік құндылықтары нығайып келеді.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.