Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру – уақыт талабы

0 230

Тараз қалалық әлеуметтік мәселелер жөніндегі консультативтік-кеңесші ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыру мәселесі қаралды.

Басқосу барысында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил көшелердің қиылыстарындағы 149 бағдаршамның 47-сінде ескертуге арналған дыбыс белгілері мүлдем орнатылмағаны және 102 бағдаршамдағы дыбыс белгілерінің тек 5-еуі ғана жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
Қалаішілік 41 бағытта 373 автобус бекітілсе, олардың 96-сы, ал жалпы қызмет көрсететін автобустардың 27 пайызы панудуспен жабдықталған. Бұрындары орнатылған қала көшелерінің қиылыстарындағы дыбыс сигналдары тұрғындардың арыз-шағымдарына байланысты алынып тасталған. Қазіргі кезде «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі тарапынан дыбыс сигналдарын 33 көше қиылысына орнатуды сұранып отыр.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2025 жылға дыбыстық сигналдар мен автобус аялдамасындағы кірме жолдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге қаражат қарастыру қажеттігі туралы тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырма берілді.
Қала әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпқабатты тұрғын үйлерге еркін кіріп-шығуына жағдай жасау мақсатында «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Арай-2» алқабындағы көпқабатты тұрғын үйлерге көтергіштер (подъемник) орнатылды. Бұл көтергіштер электрондық жүйемен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 2024 жылы қала тұрғындарына 108 пәтер ұсынылса, оның ішінде 10 пәтер мүгедектігі бар адамдарға берілген.
Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Айталық, қазіргі таңда 55 нысанның 53-інде бейімделу жұмыстары жүргізіліп, мекемелер тарапынан осы мақсатқа 18,4 млн теңге қаражат бөлінген. 2 нысанда («Қамқорлық» оңалту орталығы, «Зербұлақ» демалыс кешені) бейімделу жұмыстары ішінара жүргізілген. Сондай-ақ «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталындағы «invo.gov.kz» қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізіледі. Бүгінгі таңда аталмыш картаға қалада орналасқан 293 нысанның төлқұжаты енгізілген.
Ағымдағы жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қолжетімділікті қамтамасыз етпеген 76 нысанға айыппұл салған. Себебі, барлық нысан мүгедектігі бар адамдардың үш санаты: тірек-қимыл аппараты бұзылған, кресло-арбамен қозғалатын азаматтарға арналған пандустармен, көздері нашар көретіндер үшін тактилді жолақтар, есту қабілеті нашар мүгедектер үшін ақпараттық тақтайшалармен жабдықталуға тиіс.
Бейімдеу жұмыстары жүргізілмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 83-бабының 1-тармағына сәйкес, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз етпеген лауазымды адамдарға – 184 600 теңге (50 АЕК), коммерциялық емес ұйымдарға – 443 040 теңге (120 АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 738 400 теңге (200 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 476 800 теңге (400 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Г.ДҮЙСЕКОВА,
Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімі
мүгедектермен және ардагерлермен
жұмыс жүргізу секторының меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.