Халықаралық волонтерлар жылына орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков белсенді жастармен кездесті.
Шара жастардың жетістіктерін айшықтайтын көрмені тамашалау- дан басталды. Онда қала әкіміне түрлі салада табысқа жеткен жас буынның жобалары мен бастамалары таныстырылып, олардың қоғамдағы белсенділігі мен әлеуеті айқын көрініс тапты.
Жиын барысында шаһар басшысы жастар саясатын жүзеге асыру бағытында қолға алынған ілкімді істерді баяндады.
– Бүгінде Тараз қаласының халқы 487 мыңнан асады. Оның шамамен 30 пайызын жастар құрайды. Қалада 8 ірі жастар ұйымы жұмыс істесе, олардың құрамында 1 200-ден астам жас белсенді еңбек етуде. Жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру мақсатымен осы уақытқа дейін 319 шара ұйымдастырылып, 14 мыңнан астам жас қамтылды.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы бағытта 20 шара мен 8 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 434 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жастарға алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік берілді. Жоспарға сәйкес, тағы 690 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, «Бизнес бастау» жобасы аясында 86 жас арнайы оқудан өтіп, өз кәсібін бастауға қажетті білім алып, сертификаттарға ие болды. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде 450 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса береді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жалынды жастармен ашық сұхбаттасып, еркін әңгіме өрбітті.
Жастар тарапынан қала дамуы, жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, бос уақытты тиімді ұйымдастыру сынды өзекті тақырыптар қозғалды. Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы әрбір сұраққа нақты жауап беріп, ұсыныс-пікірлерді назарға алатынын жеткізді.
Жиын соңында қоғамдық жұмыс- тарға белсене араласып жүрген үздік волонтерларға оқу гранттарының сертификаттары, арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақылар табысталды.