Жеңіс күні мерекесіне орай Тараздағы «Жеңіс» саябағында Халық қаһарманы Б.Момышұлының ескерткіші аумағындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Еске алу шарасына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен олардың ұрпақтары және тұрғындар қатысты. Сондай-ақ, облыстық, қалалық мәслихаттың, қоғамдық кеңестің, партиялардың төрағалары, құзырлы орган, зиялы қауым және этномәдени бірлестік өкілдері, ЖОО ректорлары да тағылымды шараның ортасынан табылды.
Іс-шара барысында жиналған көпшілік қан майданда қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті. Сонымен қатар осы күні қаланың өзге де аумақтарында орналасқан Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған ескерткіштерге де гүл шоқтары қойылды.
Жүрекке жігер берген Жеңіс әндері
Бұған қоса сол күні «Жеңіс» саябағының амфитеатрында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Тағылымы мол шарада бейбіт өмір мен ерліктің қадірі дәріптеліп, майдангерлерге құрмет көрсетілді. Аталған шара аясында жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар сахна төрінде өнер көрсетіп, патриоттық бағыттағы әндерді орындады. Жеңіс, Отан, ерлік тақырыбындағы әсем әндер көрермендердің жүрегіне жол тауып, ерекше көңіл күй сыйлады.
Ардагерлерге құрмет азаймайды
Бұл күні қарт майдангерлер де құрметтен кенде қалмады. Айталық, Нұржан Сәбитұлы мен Бақытжан Әмірбекұлы Мемлекет басшысының атынан соғыс ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады.
Алдымен Нұржан Календеров қарт майдангер Геннадий Ивановтың шаңырағына барып, Президенттің құттықтау хатын табыстады.
Геннадий Иванов 1926 жылдың 8 шілдесінде дүниеге келген. 1943 жылы небәрі 17 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1945 жылдың маусымына дейін майдан даласында жауынгерлік ерлік көрсетті. Соғыстан кейін де әскери қызметін жалғастырған. Елге оралған соң педагогикалық институтты тәмамдап, ұзақ жылдар бойы қала мектептерінде математика пәнінен ұстаздық етті. Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Бұдан кейін Нұржан Календеров Шалданбай Шанбаевқа Мемлекет басшысының ыстық лебізін жеткізді. 102 жастағы майдангер Т. Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227-полкі құрамында қызмет атқарған. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскери борышын жалғастырды.
1949 жылы елге оралып, трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып еңбек етті. Кейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші және бас есепшінің көмекшісі қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Майдангер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Маршал Жуков» мерекелік медалімен марапатталған.
Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Иван Макеевтің үйіне барды. Кездесу барысында майдангердің ел үшін жасаған ерлігі мен қайсарлығы ерекше аталып өтті.
Иван Макеев 1927 жылы дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Забайкалье майданында ерекше мақсаттағы радиодивизионның барлаушысы қызметін атқарған. Харбин, Мукден, Чань-Чюнь қалаларын азат ету жолындағы шайқастарға қатысқан. Бейбіт өмірде ішкі істер саласында жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Нұржан Календеров майдангерлердің ерлікке толы өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге екенін атап өтіп, ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Өз кезегінде тарихтың тірі куәгерлері болған соғыс ардагерлері естеліктерімен бөлісіп, бейбіт күннің қадірін қастерлеуге шақырды. Қариялар ел тыныштығы мен жер амандығын, зұлмат соғыстың енді ешқашан қайталанбауын тіледі.
Бұл күні Илья Хе, Таныкүл Тасқараева, Гулам Арибжанов, Маман Өтегенов сынды тыл ардагерлеріне де айрықша құрмет көрсетілді.