Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлт саулығы – ел болашағы

0 41

Жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Иммундау апталығы өткізіліп келеді. Апталық аясында кеше Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков саябағында «Салауатты ұрпақтың қорғаны – вакцина» атты кеңес беру алаңы мен мәдени-көпшілік шара өтті.

Аталған жиынға арнайы қатысқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова шараның маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Назира Тасжүрекова басқосудың мәні мен мақсатын тілге тиек етті.
Сонымен бірге шара аясында саябақ алаңында қаламыздағы мемлекеттік және жекеменшік емханалардың тәжірибелі дәрігерлері мен сала мамандары қала тұрғындарына вакцинация, иммунитетті күшейту, бала денсаулығы, аурудың алдын алу және салауатты өмір салты жөнінде кең көлемде кеңес берді. Сондай-ақ жастар арасында кіші футболдан турнир, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Толағай» отбасылық эстафетасы, бүлдіршіндерге арналған табиғат аясындағы фотобайқау және сурет салу сайысы өтті.
Жалпы, осындай мазмұнды шаралар халықтың денсаулық мәдениетін арттырып, вакцинацияға деген сенімін күшейтіп, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады. Сондықтан мұндай игі бастамалардың қоғам денсаулығын нығайтудағы пайдасы зор.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.