Аяқ астынан басымыз ауырып, балтырымыз сыздап, қан қысымымыз көтерілсе, не жақынымыздың жағдайы күрт нашарласа, ең әуелі, жедел жәрдем қызметіне жүгінетініміз анық. Қоғам тыныштығы мен халық денсаулығының күзетінде тұрған бұл қызметтің жұмысы орасан жауапкершілікке толы. Тәулігіне жүздеген шақыртуға шығып, әр науқастың тағдырына бейжай қарамайтын мамандардың жұмысы қандай құрметке болса да лайық. Олар тек көмек көрсетіп қана қоймай, адам өмірін ажалдан арашалап қалатын нағыз қаһармандар іспетті.
Бүгінде Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы өңірдегі 1 миллион 280 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Қызмет радиусы 200 шақырымды құрайтын ауқымды аумақта жұмыс жүргізетін құрылымның жауапкершілік жүгін осыдан-ақ бағамдауға болады. Облыстағы жедел жәрдем жүйесінің құрамына 1 орталық станса, 3 қосалқы станса, 11 аудандық жедел жәрдем бөлімшесі, сондай-ақ телемедицина қызметі бар медициналық авиация бөлімі кіреді. Бұл – өңірдің түкпір-түкпіріндегі тұрғындарға шұғыл көмекті уақтылы жеткізуге бағытталған тұтас жүйе.
Бүгінде аталған қызметте 1 580 маман еңбек етеді. Оның ішінде 29 дәрігер, 975 фельдшер және 413 жүргізуші бар. Әр ауысым сайын 103 жедел медициналық жәрдем бригадасы кезекшілікке шығады. Оның 45-і – қалада, 58-і аудандарда қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 1 реанимациялық бригада, 3 қарқынды терапия бригадасы, 3 балалар бригадасы және 1 психиатрия- лық бригада жұмыс атқарады. Дәрігерлік кадр тапшылығына байланысты бригадалардың басым бөлігі негізі фельдшерлермен қамтылғанымен, олардың кәсіби даярлығы мен тәжірибесі тұрғындарға сапалы шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Мекеменің бас дәрігері Венера Балқыбекованың айтуынша, жедел жәрдем қызметінің тиімділігі тек адам ресурсына ғана емес, заманауи технологияның енгізілуіне де тікелей байланысты екен.
– Осы бағытта облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының ақпараттық жедел-диспетчерлік қызметі «Көмек» шақыртуларды басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйе санитарлық автокөліктерді спутник арқылы бақылап, GPS-навигация көмегімен науқасқа жетудің ең тиімді бағытын автоматты түрде анықтайды. Нәтижесінде уақыт үнемделіп, көмек көрсету жылдамдығы артады. Ал шұғыл жағдайларда минуттардың өзі шешуші рөл атқаратынын ескерсек, мұндай технологияның маңызы айрықша. Сондай-ақ қоңырауларды қабылдау жүйесі толық тіркеумен жұмыс істейді.
Ақпараттық жедел-диспетчерлік қызметте ауысым аға дәрігері және арнайы оқудан өткен 20 фельдшер-диспетчер еңбек етеді. Оның ішінде 14 маман облыстың әр өңірінен түсетін шақыртуларды қабылдайды. Бұдан бөлек, диспетчерлік қызмет қала және аудандардағы ауруханалармен, алғашқы медициналық-санитариялық көмек мекемелерімен, сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметтерімен үздіксіз байланыста. Бұл тосыннан келген төтенше сәттерде барлық құрылымның бір тізбекпен әрекет етуіне мүмкіндік береді, – дейді Венера Затыбекқызы.
Бүгінде күн сайын жедел жәрдем стансасына орта есеппен 1 600 шақырту түсіп, 1 500-ден астам науқасқа медициналық көмек көрсетіледі. Бұл – әр күн сайын қаншама адамның тағдыры осы сала мамандарының кәсібилігі мен жеделдігіне тәуелді екенін көрсететін нақты көрсеткіш. Осындай үлкен жүктемеде қызмет сапасын сақтау үшін мамандардың кәсіби біліктілігін тұрақты жетілдіру маңызды. Осы мақсатта станса базасында симуляциялық орталық ұйымдастырылған. Мұнда халықаралық стандарттар негізінде дайындалған нұсқаушылар күнделікті тәжірибелік сабақ өткізіп, мамандардың шұғыл жағдайдағы әрекет ету дағдыларын шыңдайды.
– Жедел жәрдем қызметіндегі ерекше маңызды бағыттың бірі – медициналық авиация. Бұл бөлім ауыр халдегі науқастарға көмек көрсету үшін тәуліктің кез келген уақытында шалғай елді мекендерге аттанады. Әуе және жер көліктерімен жабдықталған бөлім мамандары көбіне уақытпен арпалысып, күрделі жағдайларда шешуші рөл атқарады. Сонымен бірге акушерлік-гинекологиялық, бала-неонаталды және жалпы дәрігерлік бағыттағы 3 мобильді бригада ұйымдастырылған. Бұл, әсіресе, күрделі босану, ауыр жағдайдағы сәбилер немесе шұғыл бейінді көмекті қажет ететін науқастар үшін аса маңызды.
Заманауи медицинаның тағы бір артықшылығы – телемедицина мүмкіндіктері. Бүгінде республикалық ғылыми-зерттеу институттарымен және жедел медициналық көмек орталықтарымен байланыс орнатылып, жоғары мамандандырылған мамандардан кеңес алу жүйесі жолға қойылған. Бұл өңір дәрігерлеріне күрделі клиникалық жағдайларда жедел шешім қабылдауға, ал пациенттерге сапалы көмекті шалғайда жүріп те алуға септігін тигізеді, – дейді мекеменің бас дәрігері.
Жедел жәрдем қызметі тек күнделікті жұмысымен ғана шектелмейді. Оның кәсіби әлеуеті республикалық және халықаралық деңгейде де мойындалып келеді. Мұның айқын дәлелі – былтырғы жылдың 17-19 қыркүйегі аралығында Ақтау қаласында өткен жедел медициналық жәрдем бригадаларының республикалық чемпионаты. Дүбірлі дода ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасының Жедел медициналық жәрдем қауымдастығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Аталған жарысқа еліміздің 20 өңірінен келген сала мамандарымен қатар Ресей, Беларусь және Әзербайжан мемлекеттерінің де командалары қатысып, шеберлік пен кәсіби дайындық бойынша бақ сынады. Сайыс барысында қатысушылар триаж, көптеген ауыр жарақат (политравма), үй жағдайындағы босандыру, кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы және балалар реанимациясы бағыттары бойынша бес күрделі ситуациялық тапсырманы орындады.
Осындай тартысты додада Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының командасы үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені иеленді. Бұл тек бір ұжымның ғана емес, тұтас өңірдің жедел жәрдем қызметінің кәсіби деңгейін танытқан тарихи жетістік екені даусыз. Облыс намысын қорғаған команда құрамында Байзақ аудандық бөлімшесінің фельдшері, команда капитаны Рысбек Нұрбергенов, Бәйтерек бөлімшесінің фельдшері Лола Тұрғұмбаева және орталық стансаның І ауысым фельдшері Мейіржан Нұрманов болды. Осылайша бұл жарқын жеңіс жедел жәрдем қызметкерлерінің халықаралық талаптарға сай дайындалған жоғары білікті кәсіби мамандар екенін де дәлелдей түсті. Мұндай толайым табыстар сала мамандарының абыройын асқақтатып қана қоймай, жас кадрларға қанат бітіріп, қызмет сапасын арттыруға серпін береді.
Қорыта айтқанда, жедел жәрдем дегеніміз – жай ғана шақыртуға барып, науқасты емдеу орындарына жеткізетін қызмет емес, адам өмірі үшін әр секундпен санасатын күрделі әрі біртұтас жүйе. Оның айтуға оңай көрінетін ауыртпалығы да, қоғам үшін өлшеусіз маңызы да осында. Әрбір адам «103» желісіне қоңырау шалған сәтте көмек дер кезінде жетеді деп сенім артады. Ал сол сенімнің артында күн мен түнге қарамай, психологиялық қысыммен, тәуекелі жоғары жағдайда еңбек етіп жүрген жандардың жанкештілігі жатыр.
Қоғам дамыған сайын шұғыл медициналық көмектің рөлі де арта түсетіні анық. Себебі қауіп-қатер де, күтпеген жағдай да азаймайды. Мұндай кезде жедел жәрдем қызметін күшейту, оған қолдау білдіру, мамандардың мәртебесін арттыру – денсаулық сақтау саласының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан өлім мен өмірдің арасындағы жіңішке жіп үзілер сәтте жылт еткен үміт сәулесін жағатын осы қызметтің қадірін тек қиындық туған кезде емес, әрдайым бағалай білгеніміз жөн.
Бекзат АБИТАЕВ,
облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы ақпараттық-жедел диспетчерлік қызметінің
меңгерушісі