Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Майталман мейіргерлер марапатталды

0 57

12 мамыр – әлем бойынша мейірімділік пен жан жылуының символына айналған ақ халатты абзал жандар – мейіргерлердің кәсіби мерекесі. Осы атаулы күнге орай Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Облыстың үздік мейіргері-2026» кәсіби байқауы өтті.

Сала мамандарының сайысын облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы, «QAZMED»​Медицина және онымен, сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы»​ РҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалы, «Жамбыл облысы мейіргер ісі мамандарының кәсіби бірлестігі» ҚБ бірлесе ұйымдастырды. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай шараның маңыздылығына айырықша тоқталып өтті.
– Денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылық. Мейіргер мамандығының кәсіби біліктілігі мен мәртебесін көтеру, халыққа көрсетілетін мейіргерлік қызмет сапасын арттыру, еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халық денсаулығын нығайту мақсатымен өткізілетін осындай байқаудың маңызы өте зор. Барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Лаура Отарбайқызы.
Төрт кезеңнен тұрған байқауда «Үздік стационар мейіргері» аталымы бойынша І орынды облыс- тық жұқпалы аурулар ауруханасының мейіргері Нұргүл Қонысбаева еншілесе, «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері» номинациясында І орын №7 қалалық емхананың хирургия бөлімінің мейіргері Ақмарал Байбосыноваға бұйырды. Ал «Үздік ауыл мейіргері» аталымына Қордай аудандық орталық аурухананың тәжірибелік мейіргері Аяжан Ерланқызы лайықты деп танылды.
Байқауға қатысушылар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.