Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ынтымақ – ел болашағының кепілі

0 49

Мубарак ЖИНАҚБАЕВА,
Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық
даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басты мақсаты – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайту, халық бірлігін бекемдеу және ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру.

Жамбыл өңірі – сан түрлі этнос өкілдері тамыр жайған, береке мен бірлікке негізделген қасиетті мекен. Бүгінде облыста 87 этнос пен этникалық топ өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Этнос саны бойынша республикада алдыңғы қатардан орын алатын өңірде дүнген, күрд, түрік этностары тығыз қоныстанған аймақтар да бар. Қазіргі таңда облыста 38 өкілдігімен 41 этномәдени бірлестік өз қызметін табысты жүргізіп келеді. 2025 жылдың қаңтар айында қоғамдық аккредиттеуден өткен 33 этномәдени бірлестік республикалық реестрге енгізіліп, олардың қоғамдағы рөлі арта түсті.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық топ, Ақсақалдар және Аналар кеңестері, этномедиация орталығы, журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, сондай-ақ этнос жастары қатысатын «Достық» театры – өңірдегі ынтымақ пен келісімнің алтын арқауына айналған маңызды құрылымдар. Бұл ұйымдар қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтып, бірлік идеясын ұрпақ санасына сіңіру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Осындай берекелі бірліктің арқасында елімізде бейбіт өмір мен тұрақтылық орнығып, ортақ шаңырағымыздың керегесі кеңейіп келеді. Татулық пен келісім – біздің ең асыл құндылығымыз, ең берік тірегіміз.
Осы орайда баршаңызды татулық пен келісім салтанат құрған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – әртүрлі этнос өкілдерін бір мақсат, бір мүдде жолында тоғыстырып, өзара құрмет пен сенімді нығайтатын айрықша мереке. Тарихтың талай сын сағаттарында халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – оның ауызбіршілігі, кең пейілі мен кемеңгерлігі. Қандай кезеңде де өзгені жатсынбай, бауырмалдық пен адамгершілікті биік қойған халқымыз бірліктің биік үлгісін көрсете білді.
Достық пен ынтымақ салтанат құрған жерде береке мен ырыс қатар жүреді. Сондықтан қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Еліміздің бірлігі бекем, ынтымағы мәңгі болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.