Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалі аясында Қазақстандағы Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің ұлттық ұйым жетекшісі, Қазақстан этнодизайнерлер одағының президенті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Салтанат Жапаровамен кездесті.
Жүздесу барысында Тараздың дүниежүзілік қолөнершілер қаласы ретіндегі мәртебесін нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және қолөнер саласын қолдау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ қолөнершілерге арналған тұрақты шығармашылық алаңдар құру, саланы цифрландыру, білім беру жүйесінде қолөнер бағыттарын дамыту және қаланың халықаралық брендін ілгерілету мәселелері сөз болды.
Кездесу соңында ұйым атынан қала әкіміне қолөнер саласын дамытуға көрсеткен қолдауы мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Алғыс хат табысталды.
Тараптар ұлттық өнерді дәріптеу мен Тараздың мәдени әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.