Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әлем шеберлері – Әулиеата төрінде

0 82

Қолөнер – халықтың жаны, ұлттың ұлы мұрасы. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы өнер түрі халықтың дүниетанымы мен рухани болмысының айнасы іспетті. Сондықтан оған шебердің қолынан шыққан бұйым деп қана емес, ғасырлар қойнауынан сыр шерткен шұрайлы шежіре, тағылымды тарихтың бір парасы деп қарағанымыз жөн.

Осынау ұлттық құндылығымызды заман ағымымен үндестіріп, бүгінгі күнмен қайта қауыштырған қалалардың бірі – Тараз. 2022 жылы екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі жоғарыдағы сөзімізді айғақтайды. Әрине, ықылым заманнан бері сау- да-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың бұл тізімге енуі – кездейсоқтық емес, заңдылық. Осылайша Тараз бұл мәртебеге ие болған әлемдегі 56-шы, ал еліміздегі алғашқы қала атанды.
Осыған орай көне шаһарда халықаралық қолөнершілер фестивалін өткізу игі дәстүрге айналған. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, Тараз төрінде кезекті фестиваль шымылдығын түрді.
Фестивальдің ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президен- тінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, Парламент Мәжілісінің депутаттары, халықаралық ұйым өкілдері, шетелдік және отандық қолөнершілер қатысты.
Шараның ашылуы ұлттық нақышпен өріліп, ерекше сән-салтанатпен басталды. Қонақтарды қарсы алу сәтінде ұлттық киім киген қыздар мен ардагерлер дәстүрлі қонақжайлық үлгісін паш етіп, қазақтың жеті тағамынан дәм ұсынды. Бұл көрініс халқымыздың бай мәдениеті мен ғасырлар бойғы салт-дәстүрінің көрінісі іспетті әсер қалдырды.
Ең әуелі сөз алған Ербол Шырақпайұлы Тараздың терең тарихына тоқталып, көне шаһардың қолөнер мен өркениет орталығы ретіндегі рөліне ерекше екпін түсірді.
– Екі мың жылдан астам тарихы бар қала ғасырлар бойы сан түрлі халықтарды табыстырып, өнер мен дәстүрдің үзілмес желісін қалыптастырды. 2022 жылы қаламыз- дың дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енуі – ел мерейін өсірген айтулы жетістік. Осы мәртебе – ата-бабадан аманат болған ұлттық қолөнеріміздің жаһандық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі, – деді аймақ басшысы.
Келесі кезекте Мәлік Нұржанұлы фестивальдің рухани және мәдени маңызына тоқталып, ұлттық өнердің халық бірегейлігін сақтаудағы рөлін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға әрдайым ерекше мән беріп келеді. Президентіміз үнемі халқымыздың мәдени мұрасын жаңғырту, ұлттық өнерді қолдау мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап өтеді. Бұл – тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыру жолындағы берік ұстанымы.
Бұл шара әр елден келген шеберлердің тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстардың нығаюына және жаңа идеялардың туындауына жол ашады деп сенеміз.
Соны- мен қатар жас ұрпақты ұлттық өнерге баулып, төл мәдениетімізге деген құрметін арттыруда ерекше маңызға ие, – деген М.Отарбаев ұлттық құндылықтарды ұлықтауға сүбелі үлес қосқан бірқатар қолөнер шеберіне ел Президентінің Алғыс хаты мен Құрмет Грамотасын табыстады.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым мен Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының мүшесі, Қазақстан этнодизайнерлер одағының президенті Салтанат Жапарова ұлттық қолөнерді заманауи талаптарға бейімдеу, этнодизайнды дамыту және қолөнер индустриясын кәсіпкерлікпен ұштастыру бағытындағы маңызды бастамаларды ортаға салды.
Шара барысында мәртебелі меймандар шеберлердің туындылары қойылған көрмені аралап, Қолөнер және туризм орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ арнайы безендірілген он қазақ үйдің экспозициясы көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір киіз үй белгілі бір тақырыпқа негізделіп жасақталып, онда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, музыкалық аспаптары, зергерлік өнері, киіз басу, ағаш ою, тері өңдеу секілді дәстүрлі кәсіп түрлері кеңінен таныстырылды.
Биылғы фестивальге тараздық шеберлермен қатар үш мемлекеттен келген 33 қолөнерші қатысып, өз жұмыс- тарын ұсынды. Солардың қатарында Өзбекстаннан келген Шерзод Каримов те бар.
– Таразға келу мен үшін үлкен мәртебе әрі ерекше әсерлі сапар болды. Осы арқылы бұл қаланың қолөнердің рухы сақталған, шеберлік дәстүрі үзілмеген қасиетті орта
екеніне көз жеткіздім. Бұл фес- тиваль біз секілді шеберлерді бір алаңға тоғыстырып, өнер арқылы үндестіріп отырған маңызды халықаралық алаң деп білемін.
Мен бүгінгі көрмеге өз қолыммен жасаған пышақтар мен қылыштарды алып келдім. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан ұсталық өнердің жалғасы, ата-бабадан қалған аманат. Әрбір бұйымның бедерінде еңбек пен тарих жатыр. Мұндай дүниелерді жасау үлкен төзімділік пен дәлдікті талап етеді. Болатты шыңдау, өрнек салу, сабын үйлестіру – бәрі де терең тәжірибеден өтетін күрделі жұмыс. Сондықтан мұны тек кәсіп емес, өнер деп бағалау керек.
Біз мұнда өз туындыларымызды ұсынып қана қоймай, тәжірибе алмасып, өзге елдердің шеберлерімен пікір бөлісіп жатырмыз. Бұл – қолөнердің дамуына өте қажет орта. Осындай кездесулер арқылы ұқсас мектептерді салыс- тырып, жаңа тәсілдер үйренуге мүмкіндік туады. Мен қазақ пен өзбек ұсталық дәстүрінің тамыры жақын екенін осы жерде тағы сезіндім. Ою-өрнекте, металл өңдеуде, қару жасау мәдениетінде ортақ белгілер өте көп. Бұл біздің халықтардың тарихи сабақтастығын көрсетеді. Осындай фестивальдер сол ортақ мұраны жаңғыртып, түркі дүниесінің мәдени байланысын күшейтеді.
Маған, әсіресе, Тараз халқының өнерге деген құрметі ерекше әсер етті. Көрмеге келген жұрт әр бұйымның жасалуына қызығып, оның тарихын сұрап, бағалап жатыр. Бұл қолөнердің қоғамдағы қадірі жоғалмағанын көрсетеді. Өнерді түсінетін орта болған жерде шеберлік те дамиды.
Менің ойымша, мұндай халықаралық фестивальдар тек мәдени шара ретінде қаралмауы керек. Бұл – туризмді дамытатын, шеберлерді қолдайтын, ұлттық бренд қалыптастыратын үлкен мүмкіндік. Тараздың дүниежүзілік қолөнершілер қаласы ретіндегі мәртебесі бекер берілмегеніне куә болдым. Мұнда сол атаққа лайық рух пен әлеует бар.
Осындай ауқымды бастаманы ұйымдастырып отырған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Бұл фестиваль шеберлерді шабыттандырып қана қоймай, жастарды дәстүрлі өнерге жақындатады. Өйткені қолөнер – өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа апарар құндылық. Біз соны бірге насихаттауымыз керек. Тараздан алған әсерім өте жоғары,– деп ағынан жарылды шебер.
Екі күнге ұласқан ауқымды фестиваль аясында шеберлік сағаттары, «Дәстүр және қазіргі заман» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, гала-концерт, «ASPARA FASHION WEEK» сән көрсетілімі және кәдесый өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жалпы, бұл игі шара өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, қолөнер саласындағы кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік береді. Бүгінде Таразда жүздеген қолөнерші еңбек етіп, ұлттық өнердің дамуына өз үлесін қосуда. Алдағы уақытта көне шаһарды ЮНЕСКО-ның шығарма- шылық қалалар желісіне енгізу бағытындағы жұмыстар да жүйелі өз жалғасын табады.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.