Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда кәріс этносының Соллаль мерекесі аталып өтті

0 56

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залы ғимаратында Жамбыл облыстық «Корё» корейлер қауымдастығының ұйымдастыруымен Корей Жаңа жылы — Соллаль мерекесіне арналған этносаралық мерекелік концерт өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — өңірдегі этносаралық келісімді нығайту, корей халқының бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жастар арасында мәдениетаралық диалог пен өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыру.
Мерекелік кешке аймақтық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының орынбасары Қуаныш Мамашев, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров, ҚХА этномәдени бірлестік басшылары мен отбасылары, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, жергілікті кәріс этносының өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері, белсенді жастар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жамбыл облыстық «Корё» кәрістер қауымдастығының төрағасы Лавренти Кан жиында алғы сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде мұндай мәдени бастамалар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Этнос төрағасының айтуынша, мұндай мерекелік басқосулар түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты бекемдеп, қоғамдық келісімді арттыруға қызмет етеді.
Концерт барысында көрермендерге «Соллаль» мерекесінің мазмұны мен тағылымы туралы бейнемәлімет ұсынылып, корей халқының ұлттық әндері мен билері орындалды. Сахналық қойылымдар арқылы Оңтүстік Корея елінің әсем табиғаты, көркем мәдениеті мен жоғары деңгейдегі өнері айқын көрініс тапты. Кеш қонақтары корей халқының терең тамырлы дәстүрлері мен заманауи мәдениетінің үйлесіміне куә болды.
Сахна төрінде Ирина Тен жетекшілік ететін халықаралық және республикалық байқаулардың Гран-при жүлдегерлері — «Томирис» би ансамблі мен қалалық Оқушылар сарайының «Жасдәурен» би ұжымдары өнер көрсетті. Сонымен қатар №40 гимназияның оқушылары «Халықтар достығы» атты би қойылымын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұдан бөлек, Нина Югай жетекшілік ететін, Александр Тен жаттықтыратын Қазақстандағы бірегей таеквон-до WT демонстрациялық командасы спорттық бағдарламасын орындады. Спортшылардың шеберлігі мен сахнадағы үйлесімді қимылдары көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Мерекелік кешті кәріс ардагерлерінен құралған «Ариран» өнер мектебінің хоры мен «Лотос» би ансамблінің өнері толықтырды. Шығармашылық ұжымдар сахналық қойылымдар арқылы корей халқының ұлттық ерекшелігі мен эстетикалық талғамын кеңінен таныстырып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, этносаралық келісімді сақтауға және халықтар арасындағы өзара сыйластықты арттыруға зор үлес қосқан кештен көрермен Корея елінің ерекше аурасымен естен кетпес әсер алып қайтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.