Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтауға ықпал ету, өскелең ұрпаққа рухани және эстетикалық тәрбие беру мақсатында «Менің отбасым – менің мақтанышым» облыстық байқауы өтті.
Байқауға Байзақ, Жуалы, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандары мен Тараз қаласынан 6 отбасы қатысты.
Сайыс «Таныстыру», «Кітап – шаңырақтың шамшырағы», «Отбасылық құндылық: Салт-дәстүр – сана түбінде» кезеңдері бойынша өтті.
Байқауда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ж.Құттыбаева , «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Д.Сүгірбай, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Б.Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, п.ғ. магистрі С.Кусеева қазылық етті.
Іс-шара барысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы «Інжу» өнер-білім орталығының үйірме өнерпаздары өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдеге Байтұрғановтар отбасы (Шу ауданы), І орынға Кемеловтер отбасы (Жуалы ауданы), ІІ орынға Орунбасаровтар отбасы (Байзақ ауданы), ІІІ орынға Сәрсехановтар отбасы (Т.Рысқұлов ауданы) ие болды. «Көрермен көзайымы» аталымын Төлеуішевтер отбасы (Тараз қаласы) иееленсе, «Мерейлі отбасы» номинациясымен Бесбаевтар отбасы (Талас ауданы) марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушы отбасыларға белсенділігі, шығармашылық ізденісі және байқауға жоғары деңгейде атсалысқаны үшін алғыс білдірілді.
Іс-шара соңында кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.