Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Аса құрметті азамат»

0 88

Талғат ТАЛАПҰЛЫ,
2008-2014 жылдар аралығындағы «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі

Қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде журналист боп жұмыс істеп жүрген кезім. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңы болатын. Жылдағы жазылмаған дәстүрге сай әрбір мекемеде сала озаттарын ортаға шығарып, омырауларына орден-медаль тағып, қолдарына Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды ұстатып, жарыса-жамыраса дәріптеп жататын шақ. Мақтау сөздер төбеден жаңбырша жауатын кез.

Ойымда түк жоқ. Газеттің кезекті санына салатын материалдарымды әзірлеп, өз шаруаммен әбігерленіп отырғанмын. Кабинетіме менеджер қыз Айдын Байділдаева кіріп келді. Асығыс жүргеніне қарағанда редактордың тапсырмасымен келген сияқты.
– Мені сізге редактор жұмсады. Ішкі саясаттан алдағы 16 желтоқсанда бізден марапатталатындардың тізімін сұрастырған қатынас хат келіп түсті. Тізімдегілердің ішінде сіз де барсыз, – деген ол көзіме тіке қарап тұрып: «Бізге сіздің осы уақытқа дейін қол жеткізген қандайда бір жетістіктеріңіз бен алған атақ-даңқтарыңыздың тізімі қажет. Редактор соны бір ақ параққа жазып берсін деп жатыр», – деді де келген ізімен кері шығып кетті.
Сағатыма қарасам, жұмыс уақытының бітуіне аз қалыпты. Қолыма қаламсабымды алдым да редактордың тапсырмасын орындауға кірістім. Ауыз толтырып айта қоярлықтай жетістіктерім болмаса да, азды-кем марапаттарымның бар екенін көрсетіп, тізбектей жөнедім. Солардың бірнешеуін көрсетіп жазғасын, ойыма қайдан келгенін қайдам, соңғы тізбекке «Күреңбел ауылының аса Құрметті азаматы» деген атағым бар» деп қосып жібердім. Сөйттім де жазғанымды менеджер қыздың қолына ұстатып, редакциядан шығып, үйіме қайтып кеттім.
Қос аяғымның көмегімен үйіме жаяулатып жетіп алғасын кешкі асымды ішуге дастархан басына жайғасқан бетім еді, қол телефоным шырылдап қоя берді.

Алсам, қоңырау шалып тұрған Айдын екен. «Талғат аға, редактор маған сізден мынаның анық-қанығын сұрап біл деді. Сіздің «Күреңбел ауылының аса Құрметті азаматы» деген атағыңыздың бар екені рас па? Ондай атақты сізге қай мекеме, қашан беріп еді?» – деп мені сұраудың астына алып, тақылдап тұр.
Күліп жібердім. Қалайша күлмейін? Менің айтып отырғаным, өзіме-өзім ұсынған атақ қой. Әлгіндей атақ негізінде елімізде заты түгілі атымен болған емес. Артынша желінің арғы жағында менен жауап күтіп тұрған Айдынға: «Бұл атаққа мені ешкім ұсынған жоқ. Оған өзімді-өзім ұсынғанмын» – дедім күлкімді естірте дауыстап. Мұныма ол не дерін білмей, сәл аңтарылып тұрды да: «Сонда қалай, мұны бізге ойнап отырып жазып бергенсіз бе? Біз болсақ, мұнда осы үшін шәт-шелекей болып жатырмыз ғой» – деді де байланысты желіден үзіп жіберді.
Жасырып қайтейін, әріптесіме «айналайындар, айып етпеңдер» деген ақтық сөзімді айта алмай, телефонымды құлақ тұсыма ұстаған күйі қала бердім.
Міне, мен осылайша кезінде ойын есебінде болса да бірнеше сағатқа «Күреңбел ауылының аса Құрметті азаматы» болғанмын. Ал шын мәнісіне келсек, қазір де өз ауылымдағылар үшін құрметтілігім аса да емес, асадан кем де емес…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.