Қай кезеңде де қоғамның қозғаушы күші, елдің тірегі әрі болашағы – жастар. Жастардың білімі мен белсенділігі, елжандылығы мен еңбекқорлығы мемлекет дамуының басты кепілі саналады. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жастары – ел сенімі мен ел қорғаны. Әрбір жаңа буын өмірге жаңа идея, тың бастама, жаңа көзқарас алып келеді. Сондықтан жастар саясаты – мемлекеттің стратегиялық маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы да жастарға қолдау көрсету, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауданымызда да қарқынды жүзеге асырылуда.
Бүгінде ауданымызда 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 12 382 адамды құрайды. Бұл – аудан халқының 28 пайызы. Оның ішінде Жаңатас қаласында 6 906 жас болса, ауылдық округтерде 5 476 жас тіркелген. Бұл көрсеткіш жастардың аудан өміріндегі орны мен рөлінің ерекше екенін айқын аңғартады.
Ауданда жастар саясатын жүзеге асыру аясында жыл басынан бүгінгі күнге дейін жалпы саны 450 іс-шара өткізіліп, оған 10 304 жас қамтылған. Оның ішінде негізгі бағыттар бойынша 334 іс-шара ұйымдастырылып, 9 660 жас қатысса, волонтерлық бағытта 116 іс-шара өткізіліп, 644 жас қамтылды. Бұл жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі бастамалардың ортасында жүргенін көрсетеді. Әсіресе, жастарды рухани-адамгершілікке баулу, мәдени шығармашылығын дамыту және кәсіби қолдау мақсатымен түрлі мазмұнды шаралар көптеп ұйымдас- тырылып жатыр. Атап айтқанда, «Жастар live» жастар кеші, «Даланың сәні – еңбектің әні» атты ауыл жастарымен сабантой, «Махаббат – мәңгі ертегі» атты онлайн фото байқауы, «Би – әлемнің рухани елшісі» атты жоғары сынып оқушылары арасындағы би жарысы, «Қазақтың келіндері-ай!» байқауы, «Дәстүрлі садақ ату» сайысы, «Күй – құдірет, күй кие» байқауы және «Сарысу аруы-2026» арулар байқауы жоғары деңгейде өтті. Мұндай шаралар жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар құқықтық бағыттағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыт аясында жалпы саны 82 іс-шара ұйымдас- тырылды. Оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатымен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп 44 жедел рейдтік жұмыс жүргізілді. Қала мен ауылдық округтердегі граффити жазулары өшіріліп, есепте тұратын жастар мен жасөспірімдерге психологиялық әрі заңгерлік кеңестер берілді. Сондай-ақ пробация есебіндегі жастарды қоғамға бейімдеу мақсатымен «Спорт – денсаулық кепілі», «Ізгілік бастауы – қайырымдылық» атты іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастырып, олардың қоғамдағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Жастардың діни сауаттылығын арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығы оңалту бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен мекеме және ұйым қызметкерлеріне, колледждер мен мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралардың басты мақсаты жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтап, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау болды.
Қазіргі таңда жастарды қолдау мен оларды қоғам өміріне белсенді тарту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізудің маңызы зор. Себебі бұл санаттағы жастар білім алумен, жұмыспен немесе кәсіптік даярлықпен қамтылмаған. Мұндай жағдай жастардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, жұмыссыз- дықтың артуына және түрлі келеңсіз жағдайларға тап болуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан NEET санатындағы жастарды анықтап, олармен жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу – қоғамның тұрақтылығы мен ел болашағы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта ауданда нақты шаралар қолға алынып, жастарды жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларға тарту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Айталық, қазіргі таңда ауданда 91 NEET санатындағы жас бар. Оның 60-ы – Жаңатас қаласында, 31-і ауылдық округтерде тұрады. Аталған санаттағы жастармен адрестік жұмыстар жүргізіліп, 35 жастың көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталып, тиісті актілер толтырылды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен бос жұмыс орындары туралы 50 кеңес беру жұмыстары өткізіліп, оған 375 жас қатысты.
Жастарды жұмыспен қамту бағытында да бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылуда. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша бекітілген индикаторға сәйкес, 100 жасты маусымдық жұмысқа қамту жоспарланған. Бүгінде оның 25-і жұмысқа тартылып, Жаңатас қаласындағы Орталық саябақты көгалдандыру, қоғамдық орындарды, мешіт маңын және базар айналасын тазалау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жастарды еңбекке баулып қана қоймай, туған жерге деген жанашырлықты қалыптастырады.
Қайырымдылық пен жанашырлық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Ал волонтерлық қызмет осы ізгі қасиеттерді қоғамда кеңінен насихаттайтын маңызды бағыт саналады. Волонтерлар – ешқандай сыйақы күтпестен, ел игілігі үшін еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылатын белсенді жандар. Олар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қоршаған ортаны қорғау, тазалық сақтау, жастарды тәрбиелеу секілді көптеген маңызды бастамалардың басы-қасында жүреді. Бүгінде волонтерлық қозғалыс жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, отансүйгіштік қасиетін қалыптастыруда ерекше рөл атқаруда. Сондықтан еріктілер қызметін дамыту қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын нығайтудың маңызды тетігіне айналып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен биыл Халықаралық волонтерлар жылы деп жариялауына байланысты ауданда бұл бағыттағы ілкімді істер де ерекше қарқын алған. Әсіресе, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» акциясы волонтерлық қозғалыстың маңызын арттыра түсті. Аталған акция аясында ерікті жастар қоғамдық орындарды, саябақтар мен көшелерді тазарту, ағаш отырғызу, тарихи-мәдени орындарды абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуда. Бұл бастама жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптас- тыруға және қоғамда тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Волонтерлық қызмет арқылы жастар ел дамуына септігін тигізіп, қоғам игілігі жолында бірлік пен белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетуде. Мәселен, аталмыш ауқымды акция шеңберінде бүгінгі күнге дейін 37 іс-шара ұйымдастырылып, оған 491 жас қамтылды. Іс-шаралар барысында Жаңатас қаласындағы қоғамдық орындар, саябақтар, көшелер мен балалар алаңдары тазартылып, 7 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 200 түп ағаш отырғызылып, тарихи-мәдени ескерткіштерге абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Әсіресе, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру олардың ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, кітап оқуға баулу – қоғам алдындағы өзекті міндеттердің бірі. Осы тұрғыда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен былтыр жыл бойы жүзеге асырылған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының маңызы ерекше болғаны сөзсіз. Аталған жоба жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және рухани дамуына оң әсерін тигізді. Түрлі әдеби кештер, кездесулер, челлендждер мен байқаулар арқылы жастардың кітапқа деген қызығушылығы артып, оқырмандық белсенділігі қалыптасты. Бұл жобадан сарысулық жастар да шет қалмай, белсене атсалысты. Жемісті жоба аясында ауданда 46 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 560 жас қамтылды. Сондай-ақ осының негізінде «Жас оқырман» жобасы әзірленіп, түрлі челлендждер, бейнероликтер, байқаулар мен кездесу кештері әлі де тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған қоса жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатымен «Махаббат – мәңгі ертегі» атты акустикалық кеш ұйымдастырылды. Мұндай шығармашылық кештер жастардың өнерге деген қызығушылығын оятып, таланттарын шыңдауға мүмкіндік береді. Жергілікті өнерпаздар мен белсенді жастар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Осы ретте ауданда атқарылып жатқан барлық іс-шара мен ақпараттық-танымдық материалдар өңірлік «Sarysu» газеті, облыстық «Ar-Ai», «Jambyl-Taraz» басылымдары және Instagram, Facebook және TikTok әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде жарияланып келеді. Бұл жастар саясаты бағытындағы жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етіп, жастардың ақпараттану деңгейін арттыруға сеп болуда.
Қорыта айтқанда, ел болашағы – жалынды жастардың қолында. Бүгінгі жастардың білімді, белсенді, отансүйгіш болып қалыптасуы – мемлекетіміздің жарқын келешегінің кепілі. Сондықтан жастарды қолдау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – барша қоғамның ортақ міндеті. Ел мен жердің өркендеуі жолында жастардың атқарар рөлі қашанда маңызды. Тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуі мен дамуы үшін жастар алдағы уақытта да талмай еңбек етіп, ел сенімін ақтай беретіні сөзсіз.
Мадина ПІРІМБЕК,
Сарысу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры