Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бетіңізді тұмшалап, айыппұл арқалап қалмаңыз!

0 74

Елімізде қабылданған жаңа тәртіп қоғамда кең талқылануда. Енді қоғамдық орындарда бет-әлпетті толық жауып тұратын киіммен жүру – заң бұзушылық болып саналады. Ниқаб, паранджа, бурка секілді бет танытуға мүмкіндік бермейтін жабындар ерекше бақылауға алынды. Алғаш рет ұсталғандарға ескерту берілсе, қайталанған жағдайда айыппұл төлету көзделген. Заң талаптары күшейтілгендіктен, әркім өз жүріс-тұрысына мұқият болғаны жөн.

Билік бұл шешімді алдымен қоғамдық қауіпсіздікпен байланыстырады. Яғни, адам бейнесін анықтау қиындаған сайын құқық қорғау органдарының жұмысы күрделенеді, ал бұл қауіпсіздікке төнген қатер деп түсіндіріледі. Қала көшелерінде бейнебақылау жүйелері кеңейіп жатқан шақта адамның тұлғасын тануға мүмкіндік болуы – мемлекет үшін маңызды талап.
Алайда бұл жаңалықты қоғам біржақты қабылдаған жоқ. Бірі мұны дер кезінде жасалған қадам деп санайды. Олар үшін қоғамдық орын – ортақ кеңістік, сол кеңістікте әрбір адамның жүзін көру қалыпты әрі қауіпсіздік үшін қажетті норма.
– Бет-әлпетті жасырып жүру – қоғамнан оқшаулану, тіпті кей жағдайда қауіпті жағдайларды жасыру мүмкіндігін тудырады. Бұрын теледидардан шығыс елдерінің қыздары оранып, беттерін тұмшалап алғанды көруші едік. Бүгінде сол жайт өзіміздің елге келді. Тіпті, күнделікті автобустарда, қоғамдық орындарда, емханалар мен дүкендерде беттерін толық жауып алатын адамнан күдіктенесің. Өйткені қазірде теракт, жат ағам секілді қоғамда резонанс тудыратын топтардың ұсталғанын көріп, көршімізге қауіппен қарайтын күнге жеттік.
Келесі бір подьезде бетін тұмшалап, майда балаларына дейін хиджаб кигізетін әйелді танимын. Әңгімеге тартып едім, жауап бермей, қасымнан өте шықты. Заң жүзінде беттерін тұмшалаған адамдарға тыйым салғанына өзім қуаныштымын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Зере Құрбанқызы.
Дегенмен, екінші бір бөлік бұл шешімге алаңдаушылықпен қарайды. Әсіресе, діни сенімге берік әйелдер мұны дін бостандығына тікелей шектеу деп түсінеді.

– Әркімнің өз сеніміне сай киінуіне неге тыйым салынуы керек? Мен тұрмысқа шыққаннан кейін хиджабты паранджаға ауыстырдым. Жолдасым жүзімді өзге адамдардың көргенін қаламайды», – дейді атын жасыруды сұраған М. есімді азаматша.
Дінтанушылардың пікірінше, классикалық Ислам дәстүрінде әйелдің жүзін толық жабу – міндет емес, ал ниқаб пен паранджаны қатал шарт ретінде қойып, оны «міндет» деп түсіндіретіндер көбіне діндегі шектен шығушылыққа бейім топтар екен. Мұндай ағымдар әйелді қоғамнан оқшаулап, отбасы мен қоғамдық өмірдегі тепе-теңдікті бұзып, бақылауды күшейтуге тырысады. Әйелдің күнделікті өмірін тұмшалау – олардың идеологиясының бір бөлігі-мыс.
Әрине, бетін тұмшалап жүрген әрбір әйелді радикал деп айтуға болмайды. Кейбірі өзінің жеке таңдауы немесе күйеуінің ықпалы ретінде түсіндіруі мүмкін. Бірақ дінтанушылар әйелді қоғамнан бөлектейтін кез келген талаптың артында белгілі бір идеология жататынын айтады.
– Жат ағымдардың ең бірінші нысанасы – әйел. Себебі әйелді оқшаулау арқылы отбасыны да, ортаны да оңай бақылауға болады. Қоғамда қалыпты ислам құндылықтары мен радикал ағымдардың талаптары жиі шатастырылады. Мұның өзі жалған түсініктердің көбейіп, қарапайым әйелдердің де жапа шегуіне әкеледі. Сондықтан бұл мәселеде асығыс айыптау емес, сауатты түсіндіру керек. Қандай да бір киімнің артында адамның өз тағдыры, өз тарихы тұрғанын ұмытпау маңызды. Ең дұрыс жол – діни сауаттылықты арттыру, әйелдермен ашық диалог жүргізу және қоғамды адасушылықтан сақтайтын ақпараттық жұмыс. Тыйым салу немесе қатал қысым мәселесін шешпейді, ал түсіністік пен дұрыс бағыт беру – ең тиімді құрал. Жалпы алғанда, бетін толық тұмшалаған әйел – өз таңдауы бар адам. Бірақ егер ол таңдау еркін пікір емес, белгілі бір топтың ықпалы арқылы жасалса, онда қоғам мен мамандардың назар аударуы орынды. Жат ағымдардың ықпалына еріп кетпеудің жолы – білім, ашықтық және қоғамның бір-біріне деген түсіністі көзқарасы, – дейді «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Жазира Иманалиева.
Өткен аптада Парламент Мәжілісі Презиенттің тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын, тануға кедергі келтіретін киім (никаб) кигені үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Құқықбұзушылық үшін бірінші рет ескерту жасалады, қайталанған жағдайда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
– Жамбыл облысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салуға қатысты заңнамадағы өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл түзетулер 2024 жылдың 12 шілдесінен бастап күшіне енді және ең алдымен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, азаматтардың тұлғасын анықтау мүмкіндігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Сонымен қатар бұл шаралар адам құқықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын бұзбайтыны ерекше атап өтілді. Алайда бет-жүзді тануға кедергі келтірмейтін діни киімдер – мысалы, хиджаб, шейла, химар, аль-амира және соларға ұқсас киімдер – бұл ережеге жатпайды.
Бет-әлпетті жабуға медициналық себептерге, ауа райының қолайсыздығына, қызметтік міндеттерге, іс-шараларға қатысуға немесе заң мен азаматтық қорғау талаптарын орындауға байланысты ерекше жағдайлар қарастырылған, – дейді облыстық полиция департаментінің маманы.
Заң бойынша алғаш рет мұндай киіммен қоғамдық жерде ұсталған адамға ескерту ғана жасалады, ал қайталанса айыппұл салынады. Бұл – биліктің бірден жазалауға емес, алдын алуға бағытталған саясаты екенін көрсетеді. Дегенмен, айыппұлдың енгізілуі көп әйелдер үшін қысым ретінде қабылдануы мүмкін, өйткені сенім жолында жүрген жандар үшін бұл тек киім емес, өмір салты. Қоғамдық пікірде тағы бір сауал бар: тыйым мәселені шешеді ме? Кей сарапшылар тыйым салу түбегейлі шешім емес, қайта жаңа қақтығыстар туғызуы мүмкін деп болжайды. Олар діни ағартушылық пен түсіндіру жұмыстарын күшейту әлдеқайда тиімді болар еді деп санайды.
Бір жағынан қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің басты міндеті. Екінші жағынан адамның киіну еркіндігі мен діни ұстанымы да құрметтелуге тиіс. Осы екі құндылықтың арасындағы тепе-теңдікті табу – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Жаңа заң осы тепе-теңдікті табуға ұмтылғанымен, қоғамда әлі де талқылауды қажет ететін түйінді сұрақтар көп екені байқалады. Бұл мәселе – тек киім жайлы шешім емес, сенім, еркіндік, қауіпсіздік және қоғамның ортақ келісімі туралы кең ауқымды мәселе екені сөзсіз.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.