Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кітап – ой мен арманның арасындағы көпір

0 81

Жамбыл облысы әкімінің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Отбасыммен оқыған кітап» атты отбасылық шығармашылық байқауы өтті.

Шығармашылық байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту, ата-ана мен бала арасындағы байланысты тереңдету және көркем әдебиет арқылы отбасылардың шығармашылық қабілетін арттыру болды. Байқауға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесі, аналар алқасы, кітапханашылар қатысты.
– Байқау үш ай бұрын жарияланған болатын. Облыс бойынша 25 отбасы өтінім беріп, 100-ге жуық отбасы мүшелері, яғни ата-аналар мен балалары қатысты. Қатысушылар қатарында Тараз қаласының, Меркі, Жуалы, Байзақ, Шу аудандарының отбасылары болды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Негізгі кезең екі шарттан тұрды. Бірінші шарт бойынша қатысушы отбасылар жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын оқып, шығармадан алған әсерлері мен ой-толғамдарын бейнеролик түрінде дайындап, өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеді. Екінші шарттың негізінде қатысушы отбасылар жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Айқай» повесін оқып, шығармадан түйген ойларын эссе немесе сырласу хат түрінде жазып, орталыққа жіберді. Алғашқы кезеңінің шарттары онлайн түрде өтіп, әділқазы алқасы қатысушы отбасылардың шығармашылық жұмыстарына баға берді. Нәтижесінде, шешуші кезеңге 10 отбасы жолдама алды. Финалға өткен 10 отбасы шешуші кезеңінің 3-ші шарты бойынша ағымдағы жылы мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақ әдебиеті классиктерінің кез келген шығармасынан 3-5 минуттық көрініс дайындап келді. Бұл кезеңде отбасылар актерлік шеберлігін, шығарманы ашу мағынасын сахналық қойылым арқылы көрсетті, – дейді «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Шараның ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман құттықтау сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ байқау барысында отбасылық жұлдызды дуэті Мейіржан мен Нұргүл әуезді әндерімен көрермендердің жүрегін тербеп, көңіл күй сыйлады. Ал қасиетті Құлан жерінен келген үлгілі әрі өнерлі Үмбеталиевтер отбасы әсем әндерімен кештің мәнін арттыра түсті. Орталықтың «Ерке сылқым» бишілер тобы орындаған әсерлі «Гүлдер» биі кештің ашылуына көркем реңк берсе, кештің рухани әуенін асқақтатқан «Ерке» өнер дамыту орталығының «Керуен» домбырашылар ансамблі болды.
Байқаудың қорытындысы бойынша I орынға Жуалы ауданынан келген Байболовтар отбасы лайық деп танылды. Ал жүлделі II орынды байзақтық Беріковтер отбасы мен Шудан келген Алимхожаевтар жанұясы өзара бөлісті. III орынды қос бірдей тараздық Жақыпбек пен Исмазовтар отбасы иеленді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар мен дипломдар табысталды. Сонымен бірге финалға өткен 5 отбасы арнайы бағалы сыйлықтарға ие болды. Қалған қатысушы отбасыларға жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 4 томдық жинағы сыйға берілді. Ал қатысушы отбасыларға бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жұмысына қолдау көрсеткен жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.