Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қаралы үйде қазан көтерген дұрыс па?

0 109

Жақынын жоғалтып, еңсесі езіліп отырған жанға «Қайғыны бөліссе, азаяды» деп тоқтау айту – салтымызда бар дәстүр. Десе де, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол, Қаза көрген жүрегі жаралы ол» деп Абай атамыз айтқандай, қазалы үйді «хан базарға» айналдырып, шаш етектен шығынға батырып, олардың жасаған амалдарын сынап-мінеу дағдысы таныс көрініске айналып бара жатқандай.

Бұл өмірден қайтқан пенденің үйін қазақ дүние танымында «қаралы үй» деп атаған. Ағайын-туыстары қайтыс болған жақынын арулап ақтық сапарға шығарып салғанша ол үйдің қазаны төңкеріліп, ас пісірілмейді. Туғандары, көршілері сол үйдің адамдарына тамақ дайындап, апарып беруі – қазақ қазақ болғалы қалыптасқан дәстүр.
Ал қазіргі кезде жаназа рәсімдерін атқару, өкінішке қарай, халық арасында бәсекеге айналып, даңғазалыққа салыну белең алып барады. Жақыны қайтыс болса, қайғырып, аза тұтудың орнына, сол үйде той жасау үшін әзірлік жұмыстарына қызу кірісіп жатқандай әсер қалдыратын көріністерге куә боласың. Жылқы іздеп, базар аралап, «бәленшеден қалмайын», «елден ұят болмасын» деп, ақша жетпесе, қарыз алып, болмаса несие алып, қайтыс болған адамды бір бөлмеге жатқызып қойып, өзіміздің қара басымызды күйттеп, абыройымызды ойлап кетеміз де, қаншама ысырапшылдыққа жол беріп, шариғат шеңберінен шығып, дәстүрімізге жат кейбір нәрселерді үрдіске айналдырып алғандаймыз.
Бұл жайында дін өкілдері де біраздан бері мәселе көтеріп келеді. Соның бірі – «Төртбай ата» мешітінің бас имамы Зульфухар Түзелбаев.
– Қазақ дүние танымында қуаныш пен қайғының өз орындары бар. Қуаныш – той. Қаза – адамның жақынынан айырылуды білдіретін аза тұту. Ал біз қазір екеуін біріктіріп, қазалы үйдегі жаназа рәсімдерін қуанышқа жайылатын дастархан мәзірлерімен біріктіріп жібергенбіз. Бүгінде қазалы үйдің дастарханының жұпыны болғанын көрмейміз. Барлығы қуанышқа жайылған той дастарханынан асып түспесе, кем түспейді. Қуанышты жағдай болғанда жақын туыс, ағайын, құда-жекжаттарын ортақ болуға шақырып, дәстүрге сай той жасап жатады. Ал жақыны қайтыс болса, сол ағайын-жақындары, құда-жекжаттар көңіл айтып, қайғысына ортақтасып, қайғы жұтып отырған үйдің иелеріне көршілері, туыстары тамақ пісіріп, қайғыдан ештеңеге шамасы келмей отырған үй иелеріне демеу болады. Бұл – шариғаттың негізгі талабынан шығып, қазақтың салт-санасына сіңіп, дәстүр болып қалыптасқан үрдіс. Сондықтан қазақ халқында «қаралы үйде қазан көтерілмесін» деген даналық сөз қалған. Ол үйде мәйіттің жамбасы жерге тигенге дейін үйдің егелеріне туыстық жақындығы бар, қызметтегі адамдардан басқа қандай да бір көңіл айтып келген адамдарға тамақ жеу – шариғатта құпталмайтын жағымсыз іс.

Ол – біздің қазақы дүние танымымызға да, адамдық қасиетімізге де жат нәрсе. Өйткені ол үйде адам қайтыс болды. Жақындары қайғырып, жылап, аза тұтып жатады. Ал ондай жерде отырып қалай тамақ жеуге болады?! Бізде қазір барлығы керісінше болып кеткен. Көңіл айтып келген адамдарға тік тұрып асты-үстеріне түсіп қызмет етеміз. Осылай қаза болған туысымызды аза тұтудың орнына көңіл айтып келген адамдарға қызмет етіп, ысырапшылдыққа жол беріп жатамыз. Ал ысырапшылдық, астамшылыққа жол беру – шариғатта құпталмайтын іс. Сондықтан дінімізде ысырапшылдыққа қатаң түрде тиым салынған.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген (Ағраф сүресі, 31 аят). Тағы бір аятта: «Шынында ысырапқорлар – шайтанның туысы. Ал шайтан Раббысына өте қарсы», – деп (Исра сүресі, 27 аят) ысырапшылдық туралы айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у) өз хадистерінде: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киіңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер, – дейді (Нисаи, зекет, 66, 79).
Қазақ халқында да ысырапшылық жайында «Шашу оңай, жинау қиын», «Тарта жесең тай қалады, тоя жесең нең қалады?» дейді. Хакім Абай «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп бекер мал шашуды, яғни ысырапшылдықты бес дұшпанның бірі деп санайды.
Асыл дінімізде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өсиетінде мүмкіндігінше тез орындалуы керек үш нәрсені айтады. Оның бірі – жаназа шығару. Қайтыс болған мүрдені жерлемей тұрып құрбандық ретінде мал сойып, тамақ беру – ақылға сыйымсыз, дін тұрғысынан да орынсыз. Дінімізде құрбандық малы бала туғанда, шүкіршілік еткенде, діни мерекелерде шалынады. Ал қазаға байланысты құрбандық шалу дәстүріне жол берілмеген. Себебі өлім – қуанышты сәт емес. Сәйкесінше, жерлеу рәсімінен бұрын және кейін жаназа үйінде мал шалу, аста-төк тамақ беретін ысырапшылдық исламдық ұғымға кереғар түсінік саналады. Бұл туралы үнемі айтып жүрміз.
Қазалы үйге көңіл айтып келіп отырып, ол үйді сынауға, мінеуге ешкімнің қақысы жоқ және менің дүние-мүлкім жетеді деп, елден ерекшеленіп, қолындағы барын шашу да дұрыс емес. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Тәртіпке бағына отырып, жаназа рәсімдерін шариғат шеңберінде, салт-дәстүрге сай, ысырапшылдыққа жол бермей, ҚМДБ бекітіп берген тәртіпке сай атқаруды қалыптастыруымыз керек, – дейді имам.
Қазақ жұрты жақын туысы қаза болғанда көшпелі өмір салтында қалыптасқан, ислам дінімен астасатын ғұрыппен шығарып салады. Құрмет көрсетеді. «Өлімнің жолы ауыр» деп, танысын, танымасын, жаманат хабар шыққан үйге көңіл айтуды парызға балайды, өзіне қарыз санайды. Бүгінде еліміздің барлық жерінде қаралы үйде алғашқы күнінен бастап мал сойылып, жаназаға қатысушылар құрметіне тамақ беріліп, аста-төк дастархан жайылады. Бұдан бірнеше жыл бұрын өлімді үйге келушілерге жайылған тағам түрі тойдыкінен артық болып бара жатқанынын естіген жергілікті имамдар мен ақсақалдар дабыл қағып, оларды бір ретке келтірген болатын. Алайда қымбатшылық алқымнан қысқан кездің өзінде бәсекелестікке салып, базардағы бар желінетін, желінбейтін азық-түлік түрлерімен үйді толтыру қайта арындағандай.
– Салт-дәстүр зерттеушілері қаралы үй үш күн бойына қазан көтеріп, ас пісірмегенін жазады. Жаназа үйі – көңіл айтып келгендермен көрісу, сабырлылыққа шақыру және қайғы-қасіретті бөлісетін орын. Осындай жағдайда отырған кісілердің жанында қызу әңгіме айтып, ас-су ішу өмірден өткен кісі мен оның туыстарына құрметсіздікті көрсетеді.
Жақында егде тартып қайтыс болған кісінің қазасына жайылған дастарханды отбасы мен балалары тәттілер мен үш түрлі салат, табиғи қаймақ, жеміс-жидектің түр-түрімен толтырды. Себебін сұрағанымызда: «Әкеміз көп бейнеттенді. Тым болмаса, әруағы разы болып аттансын», – деген баласының сөзін естіп, таңғалдық. Сонда үйіп-төгіп дастархан жаю перзенттік өтем бе? Парызды өтемек болса, тірісінде құрметтеп, тек атына лайықты ұл-қыз болу, ата-анасынан құрметін аямау жеткілікті емес пе еді? Содан кейін әкенің үмітін ақтау ол өмірден өтіп кеткенде тоқтап қалады деген түсінік дұрыс па? Қазақ «елінің ұлы болсын!» деп бата беретініндей, баланың әулет атын асқақтатып, шыққан тегін өрістету ұрпақ жалғастығымен өрбімейтініне меңземейтін бе еді? – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ержан Сатаев.
Қазалы үйдегі орынсыздықтар қатарындағы исламға сай келмейтін «жаға ұстатар» әрекеттерге де кезігіп жүрген жайымыз бар. Бала күнімізде жасы жетіп, өмір көрген әжелеріміз дүниеден өтіп жатса, сол кісінің жасын, жақсылығын берсін деп мата жыртып, теберік беріп жатқан жағдайды білетінбіз. Өткен жылы сыныптас қыздың әкесі қайтыс болып, көңіл айта барғанымызда қызылды-жасылды бума-бума маталардың жыртысын үйлестіріп жатқанын көрдік. Мата ұшына кішкентай қорапшадағы шай байланып жүр. Сондай-ақ жаназаға қатысқандарға және сол шараны атқаруға көмектескендерге ақша тарату, естелік бұйымдар, тұтынатын заттар беру сынды жолдан қосылған жоралар қатарын тізбектесең, қалтаны қаншалықты жұқартатынын бағамдайсың.
Этнограф Байғали Шаминнің айтуынша, дәстүр бойынша көп жасаған, немере-шөбере сүйген әжелер өмірден өткенде «телім» немесе «тәбәрік» үлестіреді. Яғни, ине-жіп, түйреуіш, оймақ тағы да басқа заттарды таратады. Оның өзіндік мағынасы бар. Ине-жіп үлестіру – қайтыс болған адам көзі тірісінде көрші-қолаңнан, туысынан ине-жіп сынды кішігірім заттарды қарызға алуы мүмкін. Сол қарыздың қайтарымы. Ал адамдарды ізгілікке тәрбиелейтін «тәбәрік» тарату – ұрпақтары осы адам сияқты ұзақ өмір сүрсек, үлгі-өнегелі болсақ деген ниетпен іске асыратын дәстүр. Бұдан бөлек, марқұмды еске алуға арналған «нәзір беру», «жұбату шайы», «шек беру», «тұл аудару», «ас беру» сынды шараларды ретімен орындау қайғыны жеңілдетіп, отбасының, туған-туысының мейірімен барынша қанықтырады емес пе?
– Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жаназа асында болып жүрген шамадан тыс шығындарды азайту мақсатында арнайы тәртіп енгізді. Жаңа ережеге сәйкес, жаназа немесе құдайы ас кезінде дастарханға салаттар, торттар, бәліштер, түрлі жемістер секілді молшылықты білдіретін тағамдарды қоюға енді рұқсат берілмейді. Бекітілген мәзір бар болғаны алты негізгі өнімнен тұрады. Олар нан өнімдері – бауырсақ пен шелпек, сусындар – шай және су, негізгі ыстық тағам – ет не палау. Қосымша ретінде сары май, талқан, тары, қант пен кәмпит ұсынылады. Бұдан басқа тәттілер мен күрделі салаттар тізімге кірмей қалған. Қазіргі таңда бұл тәртіп Арқалық өңірінде, Павлодар мен Абай облыстарында, сондай-ақ Жезқазғанда қолданылып жатыр. Дін мамандары қаралы отбасының дастарханы сән-салтанатқа емес, сабыр мен құрметке бағытталуы керегін біздің де өңірде жан-жақтан айтып жатыр. Тіпті, имамдар жаназа шығармай тұрып, сол үйге алдын ала барып, аста-төк дастарханның дұрыс еместігін айтып, оның алдын алу бойынша жекелей жұмыс істеп жатыр, – дейді «Тілеш қажы» мешітінің бас имамы Рахымбек Абиров.
Қазақ салт-дәстүрлерін дәріптеуші Мәшһүр-Жүсіп Көпеев бір жазбасында: «Қаралы үйден тағам алып, соны үйіне апара жатқан адам өзімен не әкетіп бара жатқанын білер ме екен? Бір шаңырақта адам о дүниелік болып жатқанда сол шаңырақтан түйір дәм алу – жақсы нәрсе емес. Себебі қаралы үйден шыққан тағамнан қан тамшылап ағып тұрады. Ал қан тамшылап тұрған тағамды үй-ішіңе апарып жегізу – сол қаралы үйде болып жатқан қайғыны өз шаңырағыңа да жұқсын деп тілегенмен бірдей», – дейді. Бұл жолдарға артық ауыз ештеңе алып-қосудың қажеті жоқ. Демек, тексіз іске тыйым салуды әркім өзінен бастағаны жөн-ақ.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.